42 500: Министр ереженің бірнеше рет өзгеру себебін түсіндірді
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге әлеуметтік төлем ережесінің бірнеше рет өзгеру себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көптеген кісілер сынау барысында «осы министрлік ережені ылғи өзгерте береді, халықты жаңылыстырады. Біресе алады, біресе алмайтын болып шығады» дейді. Ол дұрыс емес. Сіздерге түсіндіріп берейін. 23 наурыз күні Президентіміз жаңа төлем енгізілетіндігін хабарлағаннан кейін үш күннің ішінде біз елімізде жаңа, бұрын болмаған әлеуметтік төлемен енгіздік. Өтініш беру, тағайындау жолдарын реттедік. Одан кейін сұрақтар туындап жатты, халықтың өтініштері, талаптары, арыздары түсті. Сондықтан біз халықтың өтініштерін ескеріп, төлемді жеңілдету үшін ғана өзгерістер енгіздік», - деді министр.
Мысалы, оның түсіндіруінше, бұрын 42 500 теңге әлеуметтік төлемді тек жеке кәсіпкерліктер ғана ала алатын. Ал 29 наурызда енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл қатарға азаматтық-құқықтық сипатта жұмыс істеп жүрген фрилансерлер, карантиндегі қалалардың ірі кәсіпорындардың ақысыз демалысқа жіберілген жұмысшылары қосылды. Соңғы 12 айдағы әлеуметтік төлемдер 3 реттен 1 ретке қысқартылды.
«Келесі өзгеріс 3 сәуірде болды. Коммерциялық емес ұйымдар тарапы да қаржылық мүмкіндіктерінің жоқтығына байланысты қызметкерлерін ақысыз демалысқа жібергендіктерін айтты. Сондықтан осы ұйымдарды қостық. 31 наурызда Президентіміз «ресми жұмыс істегендермен қатар бейресми жұмыс істеген азаматтар бір рет бірыңғай жиынтық төлем төлеп, мәртебесін анықтап, әлеуметтік төлем алсын» деп тапсырма берді. 3 сәуірде соны енгіздік», - деді Біржан Нұрымбетов.
Министр 15 сәуірдегі соңғы өзгерістерге де тоқталды.
«Көптеген адамның банктерде есепшоттары жоқ екен. Сөйтіп, адамдар банкке ағылды. Сондықтан біз жедел түрде шешім қабылдап, өтінішті есепшоттарды көрсетпей беру мүмкіндігін жасадық. Төлемді тағайындап қоямыз, 30 күнге дейін есепшот ашқандарыңызды күтеміз. Ал мұны ережеге ашып жазуымыз керек. Себебі тағайындайтын мекемеге есепшотсыз тағайындау құқығын беруіміз қажет. Бұған қоса, біраз азаматтың жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткен екен. 42 500 теңге төлеуге кедергі болмасын деп оның да шешімін қабылдадық. Өзгерістерді ережеге қостық», - деді ол.