Шеттен келген кадрдан Шымкенттің шекесі қызған жоқ еді...
Шынын айту керек, Шымкенттен жыл сайын бір шу шығады. Біз бұл жерде әрине, денсаулық сақтау саласын айтып отырмыз... Қайбір жылы ВИЧ індеті елдің еңсесін езіп кетті, одан Оңтүстікке келген сапарында Елбасымыз Н. Назарбаев Шымкенттегі медицина академиясының жұмысын қатты сынға алып, ақырында бұл оқу ордасы жарым-жартылай жабылып тынды. Енді биыл Қырым қанды безгегі елдің берекесін қашырып тұр. Әрине, Қырым қанды безгегінің Түркістандағы ошағы ауыздықталғанымен, қауіптің беті бері қарады деуге әлі ерте сияқты.
Жыл сайын дүрбелең болып жатқандықтан ба, соңғы жылдары Оңтүстіктің денсаулық сақтау басқармасына бастық құтаймай-ақ қойды. 2002 – Денсаулық жылы елде жоқ бастаманы қолға алып, ауылда асарлатып ФАП салып, жылдың қорытындысы бойынша республикада бірінші орын алған Оңтүстіктің денсаулық сақтау басқармасы арада екі-үш жыл өткенде пүшайман жейді деп кім ойлады дейсіз... Оңтүстіктің денсаулық сақтау басқармасына Нұрсұлу Тасмағамбетовадан кейін басшылыққа В. Дудниктің келген кезінде нағыз аласапыранның басталғанын елдің бәрі біледі. Білікті, білімді, талай жылдан бері осы саланың ыстық-суығына төзіп келе жатқан тәжірибелі дәрігерлердің көбісі қызметтен қуылып, олардың орнын Астанадан келген кадрлар басты. Тіпті Астанадан ат арылтып келген Дудник облыстық ауруханадан арнайы бөлім ашып, ол бөлімнің кілтін әйелінің қолына ұстатты. Әрине, жақсы кадрға қашанда орын бар, бірақ Дудниктің әкелген кадрларынан Оңтүстіктің денсаулық сақтау саласы қарық боп қалды десеңіз, қатты қателесесіз. Дудниктің кадрлары Шымкентте жалғанды жалпағынан басып, бұйырғаны Шымкенттен баспана алды, бұйырмағаны қызметтің қызығын көрді, әйтеуір, дүниені шайқап, ақырында қайтадан Астанаға қайтып кеткенін елдің бәрі біледі. Есесіне жергілікті жердегі іскер кадрлардаң талайы қысымға, қуғын-сүргінге ұшырады. Қысқасы, шеттен келген кадрлардан Шымкенттің шекесі қызған жоқ. Бұл туралы кезінде «Рейтинг» газеті талдап, таратып кеңінен жазған болатын.
Таяуда Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әнуар Маймақов қызметінен кетті. Бұл жолғы кадрлық өзгерістің түп-төркінінің қайда жатқаны әрине, түсінікті. Прокуратураның Қырым қанды безгегіне байланысты қылмыстық іс қозғауы және заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орган қызметкерлерінің «аурудың өршуіне облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қателіктер жіберілді. Олар аурудың алдын алу шараларын жүргізбеді» деуі біраз жайттан хабар берсе керек. Алайда, облыстың бас дәрігерінің бұған тоқымын бауырына алып тулауын неге жоруға болады?! Оның орынтағын босатуы «қызметінен кетуге өзі сұранып жүр еді» деу қисынды ма? Екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтін бұл қызметке келгеніне де көп бол қоймады емес пе? Маймақов мансабын бермей-ақ тұр екен, ел «Маймақов қызметінен босапты» деп аузын жиып болған жоқ, орнына бір азамат отыра кетті. Облыс әкімінің өкімімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметіне Жұмағали Қазыбайұлы Исмаилов тағайындалды...Түрі-түсі түгілі бұрын-соңды атын естіп көрмеген адамымыз. Еңбек жолына үңіліп қарасақ, Жұмағали Исмаилов 1972 жылы Қызылордада туған. 1995 жылы Қарағанды медицина университетін бітіріп, бұдан кейін сол университетте клиникалық ординатор, аспирант, доктаранты. Медицина ғылымдарының докторы. Бірақ доктор жолдас өзінің жиған-терген білімін тек басшылық қызметте сынап көріпті. 2001-2002 жылдары хирургия ғылыми орталығының Астана қаласы филиалының директоры, 2002-2005 жылдары Қазақ медициналық университетінің ғылыми-клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры, бас дәрігері болған. Оның көзге түскен алғашқы қызметі Алматы қаласы денсаулық сақтау департаментінң бас хирургі болса керек, 2006-2009 жылдары Денсаулық сақтау министрлігі емдеу-профилактикалық жұмыс департаментінң директоры, соңғы жұмыс орны медициналық қызмет көрсету сапасын қадағалау жөніндегі комитеті төрайымының орынбасары...
Байқап отырсақ, бұл азамат бір орында 1-1,5 жылдан артық жұмыс істемепті. Әрине, облыста күйіп тұрған саланың басшылығына бұрын-соңды Оңтүстікте жұмыс істемеген, жергілікті жердің жай-күйін білмейтін адамның тағайындалуын шыны керек, ешкім күткен жоқ. Басқасы басқа Асқар Мырзахметовтың осындай шешім қабылдайды деп кім ойлаған?! Мейлі ғой, «жас келсе іске» деген, бәлкім Исмайлов мырза алдағы уақытта өзінің іскерлігімен, біліктілігімен таныла жатар. Алайда Оңтүстікте бұл қызметті шырқ үйіретін тәжірибелі кадрлар табылмай қалды дегенге кім сенеді?! «Дұрыс кадр саясатын қалыптастыру мақсатында біз Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің басқармасымен бірлесіп, Оңтүстік Қазақстан облысының басқару кадрларының резерві туралы ережені әзірледік. Оңтүстік Қазақстан облысындағы басқару кадрларының резерві—Оңтүстік Қазақстан облысының кадр әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыру, кадрларды іріктеу кезінде демократия қағидаттарын бекіту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында құрылды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы басқару кадрларының резерві туралы ереже саяси және мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервін жасақтау және мемлекеттік басшы лауазымдарға резервке тіркелген кәсіби даярланған, білікті азаматтарды ұсыну мәселелерін реттейтін болады». Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың «Нұр Отан» ХДП съезінде дәл осылай деп еді. Одан бергі аралықта облыс басшысының жергілікті кадрларға өте мән беріп қарауын жұртшылық жылы қабылдаған. Енді келіп... Сондай дейміз-ау, денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметіне кадрлық резервтегі бірде-бір адамның өресі, білімі, біліктілігі жетпегені ме? Оңтүстікте медицинаның майын ішкен талай мықты кадрлар бар емес пе? Шеттен келген кадрлардан Шымкенттің шекесі шылқылдағаны қайсы?.. Қысқа уақыттың ішінде облыс медицинасында төңкеріс жасауға уәде берген Дудниктің көшпелі командасының үстінен бұл күндері қылмыстық істің қозғалып жатқаны осы ойымызды дәлелдей түскендей. Енді қалай болады? Күні ертең облыстық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Жұмағали Исмаиловтың да соңынан ұбап-шұбап көш келіп жатса таңқалуға болмайтын шығар. Әйтеуір Оңтүстіктің білікті дәрігерлері тағы да шеттеп қалып, онсыз да титықтап тұрған денсаулық сақтау саласы келе сала «төр менікі» дейтін көшпелі кадрларға толып кетпесе болғаны...
Әдетте басшы қызметке тағайындалған соң жұрт оның жоғарыдағы «көке-жәкесін», бұл орынға кімдердің арқасында келіп қалғанын түгендей бастайды. Жұмағали Исмайлов кімнің кадры? Неге облыс әкімі бұл азаматқа үлкен саланың жүгін сеніп тапсырды? Бейресми деректерге қарағанда Ж. Исмайлов Денсаулық сақтау министрлігі емдеу-профилактикалық жұмыс департаментінің директоры қызметінде жүргенде басшыларының алдында екі мәрте есеп тапсырып, екеуінде де өте алмай қалған көрінеді. Келесі есепті тапсыра алар ма еді, жоқ па еді, бірақ артынша бұл департамент тарап, Исмайлов басқа қызметке ауысып тыныпты. Рас па, жел сөз бе, бұл жағы белгісіз. Рас болса есебін тапсыра алмаған Исмайловты қандай күштер қолдады? Бұл әзірге жұмбақ. Бас-көз жоқ, Исмайловты пәленшенің кадры екен деуге ешқандай нақты дерек жоқ. Әлде Исмайловты Денсаулық сақтау министрі Ж. Досқалиевтің өзі қолдап, облыс әкімі А. Мырзахметов бұл кадрды мәжбүрліктен алды ма екен? Кім білген... Мұны айтып отырған себебіміз, облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Нұротан» партиясының алқалы жиынында да, мәслихаттың сессиясында да өз командасын жасақтағанда шеттен ешқандай кадр шақырмайтынын қадап айтқан болатын. Енді келіп жағдай былай болды.
Әрине, Маймақов мырза қызметсіз қалған жоқ. Басқарма бастығы қазір облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері. Кезінде В. Дудникті сонау Астанадан аттай қалап, Оңтүстікте бұл саланың оты күйіп тұрған кезде шақырып еді. Дудниктің келіп, енді соңы дүрбелең болып жатқаны анау... Ж. Исмайловтың іскерлігіне, біліктілігіне ешқандай шәк келтірмейміз, бірақ бұл азамат та Оңтүстікте денсаулық сақтау саланың оты күйіп тұрған кезде қызметке келді. Енді қалай болар екен? Исмайлов жергілікті кадрларға сенім арта ма, жоқ, әлде сырттан адам алдырта ма? Қалай айтсақ та, басшылардың өзімбілермендігінен Оңтүстіктің халқы зардап шекпесе болғаны ғой...
"Рейтинг" газеті, 2009 ж