Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
Оңтүстікте сыбайлас жемқорлықпен күрес қағаз жүзінде ғана жүріп жатыр деп жазады Рейтинг газеті.
Коррупциямен күрес көзбояушылыққа айналғалы қашан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев парақорларды әшкерелеген, хабар берген адамды берілген параның 10 пайызы көлеміндегі қаражатпен марапаттау туралы мәселе көтеріп еді. Алайда Алик Жатқамбайұлының айтқандары айдалада қалып жатқан сияқты. Түркістан облысы Кентау қаласында мектеп директорын парамен ұстап берген мұғалім қазір құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып, әділдік таппай жүр. Ал парамен ұсталды деген директор екі күннен кейін түк болмағандай қызметіне қайта оралып, үш айдан бері жұмысын жалғастырып келеді. Қалалық білім басқармасы директорды қызметінен босатуға дәрменсіз. Ал облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықованың сыбайлас жемқорлық көріністерін жойып, осыған жол бергенді қатаң жауапқа тартуға ықпал етудің орнына директор мен арызданушы мұғалімді шақырып алып, екеуін өзара келістіріп, мәселені у-шусыз жаппақ болған әрекеті мүлдем түсініксіз. Президент «жемқорлықпен ымырасыз күресіңдер» дейді. Ал Ардақ Садықова керісінше сыбайластықты заңдастырып жүр ме?
«Рейтинг» газетінің редакциясына хабарласқан Кентау қаласы Шаға ауылындағы Вахидов атындағы мектептің ұстазы Сайдакбар Рахметовтің айтуынша, мектеп директоры Меринса Изатуллаева ақша сұрап қоймаған соң, былтыр желтоқсанда Түркістан қаласындағы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне арызданған.
– Директордың менің қыр соңыма түсіп алғанына 7-8 жылдың көлемі болды. Директордың орынбасары кезімде жұмысыма көп сын айтып, сағаттарымды алып қойды. Осыдан кейін депрессияға ұшырап, инфаркт алдым. Ер - азаматтың әйел адаммен тіресе бергені қиын екен. Болмаған соң «завучтықты» тапсырдым. Бірақ директор бәрібір қудалауын қоймады. Білім ұясында үнемі ақша жиналады. «СЭС-тен, өртке қарсы қызметтен, қаржы бақылау басқармасынан келген тексерушілерге береміз», дейді. Жалақысы 100 мың теңгеден асатындар 5 мыңнан, оған жетпейтіндер 3,5 мың теңгеден белгіленіп қойылған. Менің денсаулығыма байланысты алатын ем-домым, ішетін дәрі-дәрмегім көп. Осы мәселені директорға айтып, жиналатын ақшалардан босатуды сұрандым. Алайда директор: «Сіз де өзгелер сияқты «полный ставкада» жұмыс істейсіз. Ақшаны бересіз, болмаса мүгедектікке шығып кетіңіз», дегенді айтты, - дейді Сайдакбар Рахметов.
Арызданушының сөзіне қарағанда, Изатуллаева мектептегі басқа да іс-шараларға ақша жинауды әдетке айналдырған. Егер Рахметов ақшаны бермесе, директор ол үшін ақшаны басқа мұғалімнен ұстап отыратын тәжірибеге көшкен.
– Әлгі мұғалім ақшасын келіп сұраған соң, амал жоқ беруіңе тура келеді. Желтоқсанның басында Изатуллаева «КРУ келе жатыр, ақша жинаңдар» деген тапсырма берді. Осы жолы директор ақшаларды бірлестік жетекшілері арқылы жинады. Мектептегі бір қызметкер келіншек «директор бес мың теңгені сұрап жатыр» дегенді айтып, үш мәрте келді. Ақша жинаудың ешқашан тоқтамайтынын түсінген соң Түркістан қаласындағы антикоррупциялық органға бардым. 6 желтоқсан күні мен директордың кабинетіне кіріп, алдын ала дайындалған 5 мың теңгені бердім. Артынша департаменттің қызметкерлері кіріп, директорды ұстап, алып кетті,- дейді арызданушы.
Алайда неге екені белгісіз, жұма күні ұсталған Изатуллаева дүйсенбі күні жұмыс орнынан табылған. Тергеу барысында ол қызметінен шеттетілмеген. Неге шеттетілмегені түсініксіз.
– Осыдан кейін мектеп мұғалімдерін тергеуге шақырып жауап ала бастады. Көпшілігі директордың дегенінен шыға алмай, соның айтқан жауаптарын беріп отырды. Тіпті маған келіп директордың сәлемдемесін айтқан келіншектің өзі де «ештеңе білмеймін, мені тыныш қойыңыз» деп, басын алып қашты. Кейінірек тергеуші мені директормен беттестірді. Директор «ақшаны СЭС-ке жинадым» деп бет бақтырмады. Кейін қылмыстық жазадан таза құтылып кетті. Қазір ол жұртшылыққа «құзырлы органдардың бәрінің аузын жауып тастадым» дегенді айтып жүргенге ұқсайды. Екіортада парамен ұстатқан мен жексұрын болып қалдым. Әлдебіреулер телефоныма хабарлама жіберіп, психологиялық қысымдар көрсете бастады. Қорғайтын ешкім жоқ. Осы жәйтті тергеушіге айтсам, «полицияға арыздан» дейді. Тергеуші менің қолыма арызданушы ретінде ешқандай құжат та берген жоқ,- деді С.Рахметов.
Рахметов тіпті істің қандай негізбен қысқартылғанын да білмейді. Бірақ Изатуллаеваның тәртіптік мәселесін қарау туралы ұсыныс Кентау қалалық білім бөліміне жолданғанын естіген. Осы бойынша білім бөліміне барғанда ондағылар соттың үкімі болмайынша Изатуллаеваны қызметінен босата алмайтындықтарын айтыпты. Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне хабарласқан болатынбыз. Баспасөз қызметіндегілер осы істі жүргізген тергеуші Данияр Жұматаевтың қазіргі уақытта еңбек демалысында жүргенін мәлім етті. Осыдан кейін Кентау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Төрехан Асановпен тілдестік.
– Қазір ғана облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасында Садықованың алдынан шықтық. Арызданушы азаматтың өзі, мектеп директоры да сол жерде болды. Мәселені талқыладық. Тергеуші Данияр Жұматаев бөлімге мектеп директорының жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс жолдаған. Осы ұсыныс 5 наурызда мектеп директорларынан тұратын бөлімнің алқа мәжілісінде қаралады,- деген Асанов әңгіме барысында заң талабына сәйкес директорды жұмыстан тек сот қана босата алатынын мәлім етті. Алқа мәжілісіне оған қатаң сөгіс беру туралы шешім жобасы әзірленіп жатыр екен. Т. Асанов бізді тергеуші Д. Жұматаевтың ұсынысымен де таныстырды.
Ұсынысқа қарағанда былтыр 6 желтоқсанда Изатуллаева Рахметовтен пара ретінде берілген 5 мың теңгені алу барысында ұсталған. Алғашқыда қылмыстық іс пара алу бабымен қозғалған. Алайда тергеу барысында Изатуллаева 5 мың теңгені тексерушілерге емес, СЭС-тің салып кеткен 44 мың теңге айыппұлынан құтылу үшін алғанын айтыпты. Қисынға келе ме? Бірақ тергеуші осы «ертегіге» сеніп, қылмыстық істі 361-бап-лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалануға ауыстырады. Бірақ артынша оны мүлдем қысқартып жіберген. Ақыр аяғында директордың тәртіптік мәселесін қарау үшін Кентау қалалық білім бөліміне ұсыныс жолданған. Ұсыныста Изатуллаеваны атқарып отырған лауазымынан босату керектігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Т.Асанов соттың үкімі болмайынша ешкімді жұмыстан шығара алмайтынын, Изатуллаеваға қатаң сөгіс берілуі мүмкін екендігін айтып отыр. Алқа мүшелерінің қатаң сөгіс беру туралы ұсынысты қолдайтындықтарына шүбәміз жоқ. Өйткені бүгін бір директордың басына туған күн, ертең екіншісінің басына тумасына кім кепіл?! «Қарға қарғаның көзін шұқымайды».
Сейсенбі күні біз Сайдакбар Рахметовпен қайта сөйлескен болатынбыз. Ол бұған дейін Білім министрлігіне арызданғанын, Садықованың оны және Изатуллаеваны осы мәселе бойынша шақырғанын тілге тиек етті. Әңгіме барысында Садықова директорға Рахметовтің сағаттарын қайтарып беруді тапсырыпты. Бір сөзбен айтқанда орынбасардың бұл мәселені өзара келісіммен, ымырамен шешпек болғаны байқалады. Сонда облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының қолынан келгені ақшаны алушы мен берушінің арасын келістіру, мәмілеге келтіру ғана ма? Басқарманың әлеуетінің жеткен жері осы ма?
Бір қызығы, Изатуллаева Шағадағы Вахидов мектебінде директор қызметін жиырма жыл бойы атқарып келген көрінеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол бір жағдайларға байланысты қызметінен кетіп, алты айдан кейін қайтып оралған. Бір мектепте жиырма жыл бойы директор қызметін атқару, ешқандай ротацияға түспеу де жоғарыдағыдай ымырамен, келісіммен жүзеге асқан болуы әбден мүмкін.
Кешегі күні осы мектепте істейтін бір мұғаліммен сөйлескен болатынбыз. Аты-жөнін көрсетпеуді сұранған оның айтуынша, ұжымдағы 60 қызметкердің 20 шақтысы директордың туыстары, жегжаттары, жақындары. Қалғандарының дені директордың заңсыз әрекеттеріне наразы. Олар Сайдакбар Рахметовтің әрекетін құптайды. Бірақ директор қылмыстық жауапкершіліктен құтылып, тіпті орнында қалады деген әңгіме шыққалы ұстаздардың бәрі әділдіктің барынан үміттерін үзген. Енді у-шу басылған соң директор біраз қызметкердің қыр соңына түсуі мүмкін. Коррупциямен кентауша күресудің ақыры міне, осылай аяқталып отыр.
Расында да осы жағдайдан кейін директор М.Изатуллаева мен арызданушы С.Рахметов бір мекемеде жұмыс істей ала ма? Осыдан кейін коррупцияға қарсы күрестің барына сенуге бола ма? Түркістан облысында заңның, әділдіктің барына ше?