Әйтеновтің мерзімі бітті
Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының бір жылдан бері бос тұрғаны «Рейтинг» газетінде бұған дейін де жазылған еді.
Қаңтардың аяғында мегаполистегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуі барысында журналистер осы мәселені әкімге құлаққағыс еткен болатын.
– Барлық мәселе бірінші басшы арқылы шешіледі. Шымкентте білім басқармасы басшысының тағайындалмауы білім беру процесіне кері әсер етеді. Қашан тағайындалады?– деген сауалға әкім Әйтенов:
– Бос орынға конкурс жарияланады. Алдағы бір айдың ішінде тағайындалады– деп жауап берген еді. Алайда әкім айтқан мерзім бітті. Басшы әлі тағайындалған жоқ.
Осы орайда шенеуніктер арасында жиі айтылатын «Мықты екендігіңді көрейін, Шымкентке әкім бол» деген тәмсіл еске түсіп отыр. Мегаполистің бас ұстазының әлі тағайындалмауы, айтылған уәденің өз мерзімінде орындалмауы Әйтеновтің мықтылығын байқатпайды, әрине. Шамасы жаңа әкім Шымкенттің «ішкі асханасындағы» жағдайларды алдын ала өз деңгейінде бағаламаған, дәлірегі бағамдамаған сияқты.
Қалалық білім басқармасы басшысы Ақерке Абылайхан былтыр наурызда қызметінен кетті. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, біраз жылдар Білім және ғылым министрлігінде тәжірибе жинаған басшының Шымкенттегі қызметі жеті-сегіз айдан асқан жоқ. Былтыр ақпанда оның орынбасары Ғ.Нысанов асханаларды жалға алу мерзімін созып беріп, жұмысына кедергі келтірмеу үшін бір кәсіпкерден 1,5 миллион теңге пара алғаны үшін ұсталды. Осыдан кейін көп ұзамай «ГорОНО» ханым жылы орнын суытты. Содан бергі аралықта білім басқармасында орынбасардың міндетін атқарып отырған тағы бір қызметкер «тест тапсыруға көмек көрсету үшін 400 мың теңге ақша алды» деген күдікпен ұсталып, сот алдында тиісті жазасын алды. Жуырда М. Әйтеновтің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қалалық департаментінің басшысы А. Жұмағалидің қатысуымен өткен жиында осы білім саласындағы сыбайластық мәселесі сөз болды. Жоғарыда аталған құзырлы органның жария еткен мәліметіне қарағанда, білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтарды аттестаттау және тағайындау үшін заңсыз сыйақы алу фактілері әлі толастамаған. Білім басқармасы, орта мектеп директорлары тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан кейбір қалалық оқу ұйымдарындағы оқушылар саны тиісті нормалардан бір жарым, тіпті екі есе асып түседі. Ал мұның бәрі де сыбайлас жемқорлықпен байланысып жатыр. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, кейбір мектеп директорлары өз орындарында 30 жыл бойы ауыспастан жұмыс істеп келген.