Түркістанда жемқорлық жайлы шу бірінші орынбасарды жазалауға ұласты

Oinet.kz 27-02-2020 3872

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында төраға Саттар Қуашбаев қаңтар айында өткен білім олимпиадасының дауын қайта қозғады. Бұл туралы Рейтинг газетінің тілшісі хабарлайды. 

vlcsnap-2018-08-09-17h54m59s528.jpg

Фотода Ардақ Садықова

– Бұл жерде бір ғана мәселе – баланың білімін сату. Мысалы, бірінші турда жауап бере алмаған оқушы екінші турдан өтіп кетеді. Керісінше, біріншісінен өткені екіншісінде құлап қалады. Оны ата-аналар өздері смартфондарына түсіріп, фейсбукте таратуда. «Түркістан облысында білімнің бәрі сатыла ма?» деген әңгіме тарап кетті. Солай біз баланы мектептен бастап коррупцияға үйретіп жатырмыз. Осындай бұрмалаушылықтар болған. Алалаушылық та бар. Тамыр-таныс жайлаған. Бар мәселе осында. Бұл бойынша зерделеу жұмыстарын жүргіздіңіздер ме? Бір аптада өтетін олимпиаданы екі күнде өткізудің мақсаты не? – деп депутат Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаевтың алдына мәселені көлденеңінен бір-ақ қойды.

Жолаев бұл бойынша құрылған комиссия бір айдан бері жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Білім сапасын бақылау комитеті де тексеріпті. Бір таңданарлығы басқарма басшысы орынбасары екеуі сол екі күндік олимпиаданың басы-қасында болмаған.

– Ол кезде мен және орынбасарым іссапарда болдық. Уақыттың тығыздығына байланысты комиссия қорытындысын жариялап жіберген. Бірінші турдың ғана нәтижесін алған да, екінші турдың қорытындысын мүлдем қарамаған. Сол бойынша мәлімет тарап кетті. Негізі екеуінің қорытындысымен жариялануы керек. Сол бойынша қайта тексеру жүргізілуде. Бұл біріншіден тексерген комиссияның қателігі. Екіншіден, облыстық олимпиада министрлік тарапынан екі-ақ күнге белгіленіп берілген. Оған облыс бойынша 900-ге жуық бала қатысады. Олардың білімдерін 24 пән бойынша бір күнде тексеріп, нәтижесін шығарып, одан кейін аппеляцияға беріп, оны қайта қарап үлгермейді. Сөйтіп түнгі сағат екіге дейін аппеляция қорытындысы шықпады. Одан кейін химия, физика пәндері бойынша жюрилер есепті мүлдем шығара алмады. Өте қиын сұрақтар. Оған мықты-мықты мамандарды, профессорларды тарттық. Олар таңға жуық шешім шығарды. Ертеңіне таңғы сағат 10-ға дейін қорытындысын жазып, сол балалардың баллдарын қосып екінші турға кіргізді. Бірінші турдың нәтижесі кешкі сағат тоғызда жарияланған. Соны бір ата-аналар түсіріп алып, «төмен бал алғандар қалай екінші турға өтіп кетті?» деп шу шығарды. Арызы бардың бәрін әр пән бойынша жеке шақырып, өзім комиссиямен түнгі 10-11-ге дейін отырдым. Есептерін қайта шығарттық. Баллдарын қайта қосқызып, математика, химия, орыс тілі пәндері бойынша қосымша баллдарын қосып, орындарын ауыстырып, бәрін ретке келтірдік. Сөйтіп шағымдар легі тоқтады. Ал, бұл олимпиаданың өтуіне жауапты менің бірінші орынбасарым Ардақ Садықоваға, өрескел ереже бұзғандарға сөгіс, қатаң сөгіс тәртіптік шаралары қолданылды. Бірақ, арызданушылардың жемқорлыққа қатысты айтқандары дәлелденген жоқ, – дейді Жолаев.

Қуашбаев өз сөзіне өзі жауап берер. Бірақ, бізді таңдандырғаны – Адами әлеуетті дамыту басқармасының балаларға берген есептерін өздерінің шеше алмауы. Астанадан аттай қалап алдырған адамдарының өзі таңға дейін әрең шығарған есептерді оқушылардың қалай шығарғаны бір Аллаға ғана аян.

Р.S. Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс қырық алтыншы сессиясында депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді түгелдей ың-шыңсыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай» жұмыла қолдады. Екі күн бұрын, тіпті бір сағат бұрын да түк болмағандай бас шұлғып, ешқайсысы қарсы, қалыс қалған жоқ. 

СІМ Иран мен Италиядағы қазақстандықтар жайлы айтты
Тоқаев Мұхтар Жәкішевке қатысты мәселеге пікір білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу