СІМ Иран мен Италиядағы қазақстандықтар жайлы айтты
Еліміздің сыртқы істер министрлігі коронавирус қаупі жөнінен бірінші санатқа енген елдердің бірі Иранда шамамен неше отандасымыз бар екенін мәлім етті. Әлем жұртшылығын дүрліктірген дертті жұқтырғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ екендігі белгілі болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Сыртқы істер министрлігінде Иранда нақты қанша қазақстандықтың бар екендігі туралы мәлімет жоқ.
Бұған барлық адамдардың консулдық тіркеуде болмауы себеп екен.
Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәліметінше, Иранда шамамен қазіргі уақытта 170 қазақстандық уақытша тұрып жатыр.
Олардың 74-і елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері болса, 7-уі студент және вахталық жүйемен жұмыс істейтін 73 азамат.
Смадияров айтуынша, 1 наурыздан бастап аталған елге тура қатынайтын рейс тоқтатылады.
Сонымен қатар СІМ өкілі Иранда және Италияда вирус жұқтырғандар ішінде қазақстандықтар жоқ екенін де атап өтті.
Жалпы, Италияда шамамен 1800 отандасымыз тұрады, олардың 600-ден астамы консулдық есепте тұр.
Еуропаның осы елімен тікелей рейстердің болмауына байланысты бақылау қиынға соғып тұрғаны анықталды.
Елімізге бұл елдің азаматтары тек басқа мемлекет арқылы кіре алады.
Еске сала кетсек, осыған дейін коронавирус өршіп тұрған Оңтүстік Кореяда қанша қазақстандықтың жүргенін жазған болатынбыз.