Сұлтанханов сынға ілікті
03-05-2023
- Сіздердің газеттеріңіздің тұрақты оқырманымын. Тіпті газеттің арнайы тігіндісін жасау арқылы әрбір номерін үйге келген адамдарға талдап көрсетіп насихатап жүрмін. «Мырзахметов кім?» атты мақалада облыстың жаңа әкімі жайлы толыққанды ақпарат берген бірден-бір басылым Сіздер болдыңыздар. Менімен пікірлес болып жүрген оқырмандар бәріміз ойласып, «Рейтинг» газетіне мынадай өтініш айтуды ұйғардық: «Оңтүстік Қазақстан облысының экс әкімдері несімен ел есінде қалды?» деген сауалдың жауабын жан-жақты зерттеп, жазсаңыздар жақсы болар еді. Бұл жаңа әкімнің өткеннен сабақ алуына, дұрыс жағын үйреніп, қателік жағын қайталамауына, келер күндегі тірліктерін жоспарлауына көп көмектесетіні даусыз, - дейді Дәулетхан Оспантайұлы дейтін оқырманымыз хабарласып.
Біздің басты тірегіміз оқырман! Құрылтайшымыз да, қолдаушымыз да мәртебелі оқырман! Сондықтан оқырмандарымыздың өтінішін орындау үшін Оңтүстік Қазақстан облысының экс әкімі Бердібек Сапарбаевқа кеңінен тоқталғалы отырмыз. Неге алдымен Бердібек Сапарбаев? Өйткені «Рейтинг» газеті саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, ұлттық мәдени орталықтар өкілдері, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлер арасында телефон шалу арқылы сауалнама жүргізіп, әкімдік қызмет қолданысқа енген кезеңнен бергі Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған әкімдердің рейтингісін анықтағанда Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев іскерлігі жөнінен бірінші орынды иеленді. Жалпы тәуелсіздіктің туы тігіліп, жергілікті атқарушы биліктегілер әкімдік жүйеге көшкелі еліміздегі ең халқы көп облыстың тізгінін ұстау жуырда тағайындалған Асқар Мырзахметовті қосқанда 8 әкімнің еншісіне бұйырса, Бердібек Сапарбаев оңтүстікті басқарған төртінші әкім болып осы тізімнің қақ ортасында тұр.
Бердібек Сапарбаевты «спецназ» атауға әбден болады. Себебі ол қандай жауапты қызметке барса да «специальный назначение» алып, яғни мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен тым шиеленісіп кеткен мәселелерді шешуге жіберіліп жүр. Елбасы оған үлкен сенім артып, Оңтүстік Қазақстан облысын басқаруға келгенде бұл өңірдің қоғамдық саяси аурасында да, тұрмыс-тіршілігінде де дау-жанжал құрғақ шырпыға тиген өрттей өршіп тұрған « тар жол, тайғақ кешу» кезең еді. Неліктен деймісіз? Сапарбаевтың алдындағы облыс әкімі Қалық Абдуллаев Алматыда атақ-даңқынан ат үркетін қызметтерді республикалық деңгейде атқарып жүргеніне қарамастан өсу баспалдағы облыс әкімінің бірінші орынбасарлығынан әріге аспаған Зауытбек Тұрысбековпен бірге бір сайлау округінен Жоғарғы Кеңес депутаттығына дауысқа түсіп жеңіліп қалған болатын. Қызығы сол көп ұзамай Зауытбек Тұрысбеков облыс әкімі орынтағына отырып,оны кейіннен Қалық Абдуллаев алмастырды. Баяғы бәсекелесімен ат ауыстырған соң өткен күннің өкпесін ұмытпай жүрек түкпірінде сақтап жүрген Абдуллаев өзіне жақтаспай Тұрысбековтің намысын жыртып сойылын соққандарды артынан «ит қосып» қызметінен қуатын мүмкіндігін мүлт жібермеді. Есесіне бір кездері Абдуллаевтың айналысына топтасқандарға сүбелі сыбаға, майлы да, жайлы да қызмет бұйырды. Бірақ Абдуллаевтың адалдық танытқан адамдары Тұрысбековтың тұсында басталған жарық пен жылудың, көгілдір отынның тапшылығынан шығаратын, тығырықтан құтқаратын мықты команда бола алмай керісінше дау-жанжалдың өртін жанар май құйғандай өршітті. Ел оның мамандығы энергетик болғанына қуанып, ушыққан мәселені оңынан шешуге септігі тиеді деп сенген еді. «Жекешелендіру науқанын қолдан келгенде қоныштан басып, қоныштан басқанда да оңдырмай басып жүргізіп, одан түскен миллиардтарды қайда жұмсадыңыз?» деген жұрттың баспасөз бетіндегі жанайқайына жауапсыз қалдырған Зауытбек Тұрысбековтен тағы сайлаудағыдай ұпай жағынан ұтылғысы келмегеннің керін келтіріп, мамандығы энергетик Абдуллаев та әр алуан маңызды нысандарды, әсіресе энергетикалық кешендерді жекелеген мүдделі топтардың қолына өткізуге қомақты үлесін қосты. Ал жаңа басқару жүйесі енгізілген тұстағы тұңғыш әкім Марс Үркімбаевтың ел есінде қалған бір ғана тірлігінің өзі- «Қайтпас» мөлтекауданынан «Академиктердің қалашығын салам» деген арманы жүзеге аспай қазығы қағылған құрылыс басталмай жатып тоқтап, артынан талан-таражға түскені өкінішті-ақ. Қысқасы Үркімбаев тек ғылымдағы табысымен, яғни жеке басының жетістігімен шектелді. Тұрысбеков пен Абдуллаев болса - анау.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Сапарбаевқа өзіне дейінгі үш әкімнің кезінде жіберілген келеңсіздіктерді реттеу, кері кеткен тірліктің кенеуін келтіру оңай соққан жоқ. Олар -таратты, Сапарбаев- қайтарды деп айту ғана жеңіл. Жекешелендірілген энергетикалық кешендерді, өзге де нысандарды мемлекеттің меншігіне қайтару, бір қолға жинақтау, олардың қордаланған қарыздарынан құтылу, нешеме мәрте көлденең табыстан айырылғысы келмеген қожайындармен соттасу сияқты қиын да күрделі есепсіз тірліктердің қай-қайсысы да жүйкені жүндей түтетіні түсінікті. Нәтижесі не? Нәтижесін айтсақ жарық пен жылудың бітпейтін жырына нүкте қойылды. Суық үйде бүрсеңдеп жаңғақ шаққан, жидек қаққан халық жылуға жарып, ауру-сырқаудың, әуре-сарсаңның азабынан құтылып қана қоймай қараңғы бөлмеде соқыртеке ойнауды да біржолата тоқтатты. Жарық тұрақты жанып тұрды. Көпшіліктің көгілдір отынға деген де сұранысы өтелді. Көгілдір отынның қордаланып қалған қарызына несие ретінде облыстық бюджеттен 770 миллион теңге бөлініп, кейіннен уақытша берілген қаржының мемлекеттік қазынаға қайтарылмауы күні кешеге дейін әжептеуір дау-дамай туғызып келгенін айтпай кеткеніміз болмас. Өмірзақ Мелдеханов, Қапалбай Тұрдыбеков секілді қоғамдағы белсенділігі мықты азаматтар бұған байланысты Бердібек Сапарбаев бастаған атқамінерлерге ауыр айыптар таққаны есімізде. Сапарбаевтың кадр саясатына да шымкенттіктер келіскісі келмей дау-шарлар орын алғандықтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы талай мәрте түсінік бергенін білеміз. «Ер екеніңді білейін Шымкентті басқарып көрші» дейтін әңгіме сол тұста шықты. Сол жылдары жеке қолдан ел игілігіне берілгендер тек коммуналдық нысандар емес. Айталық «Біркөлік» шипажайын, Қажымұқан бабамыздың атындағы орталық стадионды мемлекеттің қарамағына алу қаншама айтыс-тартысқа арқау болғаны белгілі. Қайсыбірін айтайық?! Жәрдемақысын ала алмаған Бәйдібек ауданындағы көп балалы аналардың жанайқайы оңтүстік былай тұрсын республиканы шулатты. Бердібек Мәшбекұлы бұл шуды басудың, ашынғаннан айқайға басқан аналардың алғысын арқалаудың да амалын тапты. Бұлардан бөлек «спецназ» Сапарбаев Елбасы ерекше тапсырған арнайы тапсырмаларды да абыроймен атқарды.
Атап айтсақ, «Ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі...» есептелетін, атын естісе барша мұсылман әлемі елең ете қалатын киелі Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы құрметіне Шардара, Мақтаарал ауданының тұрғындары көп жыл күткен, стратегиялық тұрғыдан өте маңызды көпір құрылысы аяқталып, бір ауданнан екінші ауданға бару үшін Өзбекстан арқылы жүрудің қажеттігі жойылды.
«Спецназ» Бердібек Сапарбаевқа Президент сенім артып, 1995 жылы қиын жағдайда қалған туған жеріне, Қызылорда облысына әкім етіп тағайындады. Облысты басқарған төрт жылда Қызылорданың жағдайы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарды. Сапарбаев тек әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар стратегиялық тұрғыда ұтымды қадамдар жасады.
Атап айтқанда, 1997 жылы Қызылорда еркін экономикалық аймағы құрылды. Бюджет тапшылығы белең алып тұрған уақытта осының арқасында өңір экономикасы еңсесін көтеріп, облыстың өркендеуінің алғы шарттары жасалынды. Сол жылы шағын бизнестің 29 субъектісі жалпы сомасы 110 миллион теңгеге және жеке кәсіпкерліктің 13 субъектісі 248 миллион теңгеге қаржыландырылды. Бұл өз кезегінде сол кезде облыста шағын бизнестің дамуына кеңінен жол ашты. Жеңілдетілген салық режимі жасалып, мұнда әкелінген жаңа құрал-жабдықтар, шикізат, материалдар, сонымен бірге өндірістік операцияларды орындау үшін қажетті басқа да тауарлар кедендік баж салығынан босатылды. Нәтижесінде шетелдерден инвестиция тарту көлемі де үш жыл ішінде 4 есеге көбейді. Ешқандай болашағы жоқ, экология мәселесі ушығып тұрған, шалғайдағы аймақта мұндай өзгеріс болады дегенге кезінде күмән келтіргендер көптеп табылды. Қызылорда еркін экономикалық аймағында мұнай мен газ өндіруде бірлескен кәсіпорындардың құрыла бастауын да Сапарбаевтің кезеңімен байланыстыруға болады. Қазіргі Қызылорда облысының экономикалық даму көрсеткіштері сол кезде қабылданған стратегиялық бағдарламаның дұрыс жасалғанын айғақтайды.
«Спецназ» Сапарбаевтың кедендік бақылау комитетін басқаруға баруы сол кезде атағы жер жарып тұрған Зейнолла Кәкімжановтың саяси карьерасының құлдырауымен тұспа-тұс келді. Үкіметтегі ауыс-түйістен соң Кәкімжанов қолындағы екі негізгі көзірін - кеден саласы мен Мемлекеттік сатып алу агенттігі секілді өте маңызды орындарды уысынан шығарып алды. Әлбетте, «майлы орын» үшін билік эшелонын төңіректеген қаржылық топтардың арасында нағыз айқас басталды. Кеден комитетінің креслосына кім отырады деген сауал Үкіметті де, облыс әкімдерін де, Парламент депутаттарын да мазаландырды. Елді билеп-төстегісі келген қаржылық топтардың кеден комитетіне өз адамын қойғысы келетіні айтпаса да түсінікті. Себебі, экспорт-импорт операцияларында кедендік бақылау органының мән-маңызы еселеп арта түседі. Дегенмен, Президенттің таңдауы Сапарбаевқа тоқталды. Президенттің шешіміне Бердібек Мәшбекұлының ешқандай қаржылық топқа жатпайтыны, басшы ретіндегі үлкен тәжірибе жинақтағаны және ең проблемалық жерге барудан қорықпайтыны ықпал еткені даусыз.
2000-жылдардың басында кеденді сарапшылар бірауыздан «сыбайлас жемқорлық өршіп тұрған бірден-бір орган» ретінде мойындады. Кедендік бекеттердегі парақорлық туралы ел ішінде түрлі алып-қашпа әңгімелер айтылып жүрді. Бұған дейін кедендік бақылау комитетін басқарған Қапсұлтанов, Дербісов, Қасымов пен Нүкеновтер сыбайлас жемқорлықты жоямыз деп қайта-қайта күшенгеннен түк шықпады. Жағдайдың тым асқынып кеткенін мынадан-ақ байқауға болады. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы жайлы екі елдің мәліметтері екі түрлі болды. Біздің статистика олардікіне қарағанда 1 миллиард долларға кем еді. Мұндай ірі көлемдегі қаржы айырмашылығын мамандар оп-оңай түсіндіріп берді – заңсыз траниттің салдарынан мемлекеттік бюджет қыруар қаржыдан қағылып отырды. Осы түйткілді шешу Сапарбаевқа тапсырылды. Қысқа мерзім ішінде Қазақстан-Қытай тауар айналымындағы статистикалық айырма 1 миллиардтан 400 миллион долларға дейін қысқарды. Кедендік бақылау комитетіндегі он шақты жоғары шенді қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, біразы қызметінен шеттетілді. Осындай қатаң да қатал шаралардың арқасында кедендік бақылау комитеті сыбайлас жемқорлықтың рейтингісінде төртінші орынға түсіп, ішкі істер министрлігі, салық органдары мен жергілікті әкімдерге «есе жіберді». Сыбайлас жемқорлық жойылмаса да, қарқыны бұрынғыдай емес, біршама бәсеңдеді.
Сапарбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде жүргенде зейнетақыны есептеу механизмін өзгертті. Сөйтіп, күні кешеге дейін мардымсыз зейнетақы алып келгендерге төленетін сома әжептәуір өсіп, аға буын өкілдерінің ризашылығын алды. Қаржы дағдарысы орнағалы бері көптеген қазақстандықтар банктердің алдындағы несие қарызы – мойынға түскен қылбұрауға айналғаны рас. Осыған байланысты Сапарбаевтың ұсынысы жарылған бомбадай әсер қалдырды. Зейнетақы қорларында 1,5 триллион теңгенің жинақталып қалғанын алға тартып, халық банктік несие қарыздарынан осы ақшаны пайдаланып төлесе дұрыс болады деп ойын ортаға салған министрдің сөзін мыңдаған адам құптады.. Тіпті «Сапарбаевтың ұсынысы - тығырықтан шығар жалғыз жол. Мемлекетте одан басқа ресурс жоқ» деп те айтып жатты кейбір сарапшылар. Алайда, қаржылық бақылау агенттігі бұл игі бастаманың жүзеге асуына жол бермеді. Дегенмен, бұл мәселе әлі күнге дейін қызу талқыланып жатыр.
Былтыр «Қазрейтинг» ұлттық рейтинг агенттігі Бердібек Сапарбаевті «2008 жылдың ең салмақты саясаткері» номинациясының жеңімпазы ретінде танып, мынадай баға беріпті: «Президенттік бағдарламаларды жүзеге асыруда тікелей жауапкершілік пен қаржылық дағдарыс секілді күрделі факторларға қарамастан кез-келген жағдайда салқынқандылық пен салмақтылық таныта білу – тек темірдей күш-жігері бар адамның қолынан келеді». Шынында да, Сапарбаевтің өзгелерге қарағандағы басты артықшылығы – жағдай қанша ушығып, шиеленісіп кетсе де артылған міндетті толық орындап шығуға ұйымдастырушылық қарым-қабілеті де, біліктілігі де жетеді. Алдына нақты міндет қойып, нақты жоспармен жұмыс істеп, көздеген межеге жете білу - кез-келген адамның бойынан табыла бермейтін қасиет.
Сапарбаевтың «спецназ» екені таяуда тағы бір мәрте дәлелденді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оған тәртіп пен талапты бетімен жіберген, қылмыстық ахуалы ушыққан, облыстың әкімі абыройы айрандай төгіліп қызметімен қош айтысқан Шығыс Қазақстан облысын басқаруды, бүлінген тірлікті түзеуді сеніп тапсырды.
Сапарбаев жайлы сарапшылар не дейді?
1. Сапарбаев – технократ. Яғни, бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге тырысады. Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстанда осы формуладан айнымай, ең әуелі аймақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға тырысты.
2. Сапарбаев – бизнеспен «аралас-құраласы», мүддесі жоқ шенеунік. Біле білсеңіз, бұл өте сирек кездесетін жағдай. Көлеңкелі экономиканың қойыртапғымен біте қайнасқан, халықтың мүддесінен гөрі топтың мүддесін ойлап, солардың сойылын соғып жүрген әкімдер аз дейсіз бе? Төрт жыл бойы басқарған Қызылорда да, үлкен-үлкен зауыттары, толып жатқан дүкен-базарлар, мейрамхана мен ойын-сауық орталықтары бар Шымкентте де «мынау – Бердібек Сапарбаевтың бизнесі» деген әңгімені әлі күнге дейін жоқ. Атышулы кедендік бақылау комитетінде де абырой-беделі «жемқорлыққа қатысы бар» деп былғанбады.
3. Сапарбаев - толерантты саясаткер. Ұлттық мүддені қызғыштай қорғайтын қасиеті әсіресе кеденді басқарып тұрғанда байқалды. Тәуелсіздік алғалы орысша шүлдірлеп келген кедендіктер Сапарбаевтің тұсында кәдімгідей «қазақшаланып» шыға келді. Іс-қағаз толығымен мемлекеттік тілде жүргізіле бастады. Ол ол ма, Сапарбаев қарамағындағы қызметкерлеріне Абайдан бастап, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Шерхан Мұртаза, Әбіш кекілбай, Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шахановтың шығармаларын оқытты.
4. Сапарбаев - қарамағындағы қызметкерлерді, сондай-ақ кәсіпкерлер мен шаруалардың пікірін тыңдай білетін басшы. «Айттым бітті» дейтін ұр да жық мінезден аман. Өзгелердің ойын елеместен белден басатын шенеуніктердің қатарынан емес. Дегенмен, өзі қабылдаған шешімдерін байсалдылықпен, парасаттылықпен жүзеге асыра біледі.
Кейбір саясаттанушылар кезінде «Сапарбаев – Рахат Әлиевтің тобындағы адам» деп те айтып жүрді. Алайда, өзінің қызметтік карьерасында Бердібек Мәшбекұлы белгілі-бір қаржылық топтың сойылын соғып, күдік келтіретін әрекетке бара қоймады.
"Рейтинг" газеті