Түркістан соты министр Абаевтың шағымын қанағаттандырмады
17 ақпанда Түркістан облыстық соты ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың шағымын қанағаттандырмады, деп хабарлайды Азаттық-қа сілтеме берген Oinet.kz.
Естеріңізде болса, өткен жазда министр Қазығұрт ауданының тұрғыны Зүлфия Төребекованың үстінен «жала жапты» деген айыппын сотқа шағым түсірген еді. Алайда Төребекова тағылған айыпты мойындамаған.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдың 13 тамызында Қазығұрт аудандық соты Төребекованы Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» бабы бойынша кінәсіз деп танып, ақтаған.
Кейін Абаевтың өкілдері қайта сотқа апелляциялық шағым түсірген. Облыстық сот аудандық соттың үкімін күшінде қалдырып, министр Абаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Еске сала кетейік, Төребекова 2019 жылдың 27 қаңтарында Facebook парақшасында «ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев корупционер!» деп жазба қалдырған болатын.