Қордайдағы төбелес: Тоқаев тәртіп бұзғандар жауапқа тартылатынын мәлімдеді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Масанчи ауылында болған жаппай төбелестен кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Oinet.kz сайты Aykin.kz порталына сілтеме жасап.
«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған», – деп жазды Тоқаев Twitter-дегі аккаунтында.
Мемлекет басшысының мәліметінше, полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алған.
«Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», – деп түйіндеді ол.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Жамбыл облысының Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес болды. Өңірлік полиция департаменті жағдайдың бақылауға алынғанын хабарлады. Тергеу басқармасында қылмыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Төбелес қатысушылары анықталып жатыр.