Михаил Саакашвили: «Мен түп-тамырыма қайта оралдым»

Oinet.kz 13-01-2014 875

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили былтыр қарашада президенттік мерзімі аяқталған соң Америкаға тайып тұрған екен. Енді ол биылдан бастап осындағы Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебінде американдық шәкірттерге дәріс оқымақ. 

11_EJYgIeq.jpg

Оның оқитын дәрістері негізінен Еуропа елдері және халықаралық саясат мәселелер тақырыбын қамтитын көрінеді. Аталған оқу орнының деканы Джеймс Ставридис экс-президенттің мектебінде сабақ беруі үлкен мақтаныш екенін айта келе, М.Саакашвилиді «раушангүл төңкерісінің» көсемі әрі өз елінің бағытын күрт өзгерткен, осы арқылы әлемдік саясатқа ықпал еткен тұлға ретінде бағалапты. Ал экс-президенттің өзі: «Мен түп-тамырыма қайта оралдым, өйткені менің мамандығымның құқық пен дипломатияға тікелей қатысы бар. Оның үстіне мен соңғы бірнеше жылда жинаған тәжірибемді бөлісуге мүмкіндік алдым» депті.  

М.Саакашвили өткен желтоқсанда 46 жасқа толды. 46 дегеніңіз саясаткер үшін әлі қылшылдаған жігіттің шақ емес пе? Басқаны қайдам, Қазақстанда 46 жастағы менмін деген шенеуніктің өзі бізге әлі бала сияқты көрінеді. Ал М.Саакашвили бұл жаста экс-президенттердің қатарына қосылды. Ол 36 жасында билікке төңкерістің нәтижесінде келді, мерзімі біткен соң тақты у-шусыз, дау-дамайсыз тастап кете берді. Конституцияға өзгеріс енгізіп әуре болған жоқ, «бастаған ісімді аяқтауға тағы уақыт беріңдер» деп, біреулер арқылы қолқа салған жоқ. Нағыз демратияшыл президент деп Саакашвилиді айт. М.Саакашвили демократияның тек бір ғана үлгісі бар екенін, оның «шығыстық», «батыстық», «посткеңестік»  деген сияқты түрлерінің  болмайтынын дәлелдеп кеткен президент. 

Экс-президенттің АҚШ-қа кетіп қалуы заңды. Өйткені оның әу баста-ақ тұла бойымен, жан-тәнімен американдық екені сезіліп тұратын. Тіпті кейбір саясаткерлер «АҚШ-тың қолындағы қуыршақ» дегенді де айтты. Ол тоқсаныншы жылдары  Нью-Иорктегі Колумбия университетін бітірді, бұдан кейін Еуропа елдерінде, АҚШ-та адам құқықтарын қорғау жөніндегі түрлі мекемелерде жұмыс істеген.  М.Саакашвили 10 жылдық президенттік ғұмырында нендей шаруаларды бітіргенін қайдам, бірақ бір анығы, ол Грузияны шын мәніндегі құқықтық елге айналдырды. 

М.Саакашвилиден кейінгі Грузияны қандай тағдырдың күтіп тұрғанын уақыт көрсетеді. 

Ким Чен Ын өзінің жездесі Чан Сон Тхэканы пулеметпен атып өлтіртті
Серік Ахметовты алдаған кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу