Серік Ахметовты алдаған кім?

Oinet.kz 13-03-2014 751

Қазақта «би айтатын сөзді құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген нақыл бар. Қайсыбір жолы  Елбасы Қауіпсіздік кеңесінде биліктің биік астауынан ас-су ішіп жүрген біраз лаузымды қызметкерлерді сынап, «Мына аталғандардың бәрі қызметінен босатылатын болсын» деп қатқылдау тапсырма бергені есімізде қалыпты. Ақ-қарасын қаншалықты тексерілгенін қайдам, әйтеуір, артынша-ақ «қара тізімге» ілінгендер аттарынан ауып түсіп ер-тоқымдарын құшақтап қала берді. Алысқа бармай-ақ қоялық, осы күзде Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы судьялар арасындағы жемқорлыққа қатысты сынға уәж айтпақ болған Жоғарғы соттың төрағасы Бектас Бекназаровқа «Түк те істеп жатқан жоқсың, отыр» деп, қолын бір-ақ сілтегені бар. Төбе би артынша отставкіге кетіп тынды. Елбасының айтқан тапсырмасының, сын-ескертпесінің талқыланбайтыны бұрыннан белгілі ғой. Ал егер дәл осындай тапсырманы Үкімет жетекшісі берсе ше? Түк те болмайды екен. Керісінше оны арандататын ақпаратпен алдап соғып, келеке етіп жүргендер кездесетінін қайтерсіз. Сонда Ахметовті алдаған кім? Сізді қызықтыратыны осы сауал ғой. 

5dec54c47756d1cb0debc03387d6bcfd.jpg

Естеріңізде болса, 18 ақпанда Үкіметте өткен мәжілісте Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ет экспортының әлеуетін арттыру туралы Елбасының тапсырмасын орындамаған Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақтөбе облыстарына қарасты 10 ауданды тізіп берген болатын. Үкімет жетекшісі Серік Ахметов үстел тоқпақтамаса да кіжініп-кіжініп алып:

- Сендер неге екі жыл бойы ауыл шаруашылығымен мүлдем айналыспайтын он әкімді қызметінен босату жөнінде мәселе қоймайсыңдар? Елбасының тапсырмасын орындамағандарды облыс әкімдері неге босатпаған?—деп, министр Мамытбековке  біраз шүйлікті. Ақпарат құралдары арқылы Ахметовтің ашуға мінгенінен хабардар болған ел сол күні-ақ әлгі сынға іліккен 5 облыстағы  10 әкімнің жедел түрде қызметімен қош айтысатынына кәдімгідей-ақ сеніп қалған еді. «Ахметов ауыл шаруашылығымен айналыспаған әкімдерді қызметінен босату жөнінде облыс басшыларына тапсырма беріп, батыл шешім қабылдады» деген  ақпаратты жарыса жарнамалау  премьердің абыройын біршама көтеріп тастады. «Әкімдерге осындай қатаңдау шара да керек, әйтпесе тізгінді тым босаңсытып, бет-бетімен кетуге көшті ғой» деген әңгіме де ел арасында қызу талқыланды. Содан бері міне, үш аптадан астам уақыт өтіпті. Әзірге Үкімет жетекшісі Серік Ахметовтің ақпарат құралдары арқылы елге тараған сөзі мұзға жазылып күнге кеуіп кеткен бос уәде болудан әріге аспай тұр. Өзге өңірді қайдам, Оңтүстік Қазақстан облысында «қызметінен кетеді» деген екі әкім де, яғни Сайрам, Мақтарал аудандарының  басшылары Уәлихан Қайназаров пен Серік Тұрбеков «точно»  қызметтерінен босатылған жоқ.  Сұрастырып білсек, бес бірдей әкімі  «құрыққа» ілінгенімен  Ақмола облысының Сандықтау, Бурабай, Жақсы, Егіндікөл және Целиноград аудандарының басшыларының ешқайсысы  аттан түсе қоймапты. Ақтөбе облысының Қарғалы, Шығыс Қазақстан облысының Зырян, Алматы облысының Қарасай ауданының әкімдері де әл-әзірге жылы орнын суытқаны жөнінде ресми ақпарат айтылмады. Сонда бұл қалай? Қалтқысыз орындалатын  қатаң тапсырма алған  облыс әкімдері неге кінәлілерге нақты шара көрмей әлі күнге дейін Үкімет жетекшісі С.Ахметовті жалған ақпаратпен алдап отыр ма? Әлде тек Елбасыны тыңдап, Прьемерді менсінбейтін, мұрнын шүйіре қарайтын пендешілік пе? Бәлкім, Серік Ахметовтің сөзі «бүйректен сирақ шығаратын» қисынсыз тапсырма болғандықтан өңір басшылары қарамағындағы әкімдерді «құрбандыққа шалуға» қимай жүр ме? Мүмкін, Үкімет жетекшісін  арандататын ақпаратпен, бұрыс мәліметпен бұра тартқызып отырған Ауылшаруашылығы министрі  Асылжан Мамытбеков пе?  

Осындай ойлар түрткі болып әуелі ет экспортының әлеуетін арттыру жөніндегі Елбасының тапсырмасын 10 ауданның әкімдігі неге орындай алмады деген сауалға жауап іздеп көрген едік. Алдымен Оңтүстіктегі Мақтарал ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Қанапия Сыздықовпен хабарластық. Оның айтуынша, ірі қараның тұқымын асылдандыруды мақсат тұтқан «Сыбаға» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген шаруаның меншігінде 4,5 гектар жайылымдық, 2,5 гектар шабындық, 1 гектар егістік жері болуы шарт екен. Мұндай талапты мақтаралдық  шаруалардың орындай алмасы бесенеден белгілі. Өйткені ауданда 140 мың гектар жер болса, соның 3 мыңы ғана жайылымдық екен. 

Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Аязов та бізге осындай уәжді алға тартты. Сайрам ауданындағы шаруашылықтардың негізгі бағыт-бағдары мал бордақылау мен көкөніс егу. Бір айналымда ауданда 32 мың бұқа, 3 мыңға жуық жылқы бордақыланады екен. Жылына мұндай айналым екі рет болады. Әр малдан кемі 200 келі ет берсе, бір ғана Сайрамның өзінен қанша еттің өндірілетінін өзіңіз есептей беріңіз. Бірақ «Сыбаға» бағдарламасын орындауға келгенде жердің тарлығы қолбайлау болыпты.  Сол себепті жоспар орындалмай қалған.

- Біз бұл жөнінде уақтысында Ауыл шаруашылығы министрлігіне де айтқанбыз. Мақтарал мен Сайрамды бұл бағдарламадан алып тастау керек, болмаса бағдарламаның ережесіне өзгеріс енгізсін деген өтінішімізді де білдіргенбіз, --дейді аудан әкімінің орынбасары Ғ. Аязов.

Екі орынбасардың сөзіне сүйенсек, Астанада өткен жиыннан кейін облысқа Үкіметтен арнайы инспектор келіпті. Шаруашылықтарды аралап акті түзіпті. Мән-жайға қаныққан соң Астанаға кеткен. Шенеуніктер енді осы тексеруден қандай шешім қабылданатынын тағатсыздана күтіп отырғанға ұқсайды. 

Сонымен сіз не ұқтыңыз? Астанадағы алқалы жиында 10 әкімді қызметінен босату жөніндегі шикі тапсырма мәселенің мән-жайын білмейтін ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың қателігі ме? Бұл қателік пе, әлде...Жоқ, әлде Жиренше шешеннің тілімен айтсақ, тапсырма берген  Ахметов ақымақ па, әлде тапсырманы орындамаған облыс әкімдері ақымақ па? Үш аптадан астам уақыт ішінде бірде-бір облыс әкімі Үкімет жетекшісінің берген тапсырмасын орындаған жоқ. Дәлірегі құлағына да қыстырған жоқ.  Премьердің аузы қаншалықты дуалы, сөзінің қаншалықты уәлі екенін осыдан кейін өзіңіз таразылай беріңіз. 

P.S. Ахметовтың берген тапсырмасынан кейін онсыз да кейінгі кездері сынға жиі ұшырап, қызметінде әупірімдеп жүрген Мақтарал ауданының әкімі Серік Тұрбеков шабаданын жинастырып жатыр деген сыбыс тарады. Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда С. Тұрбековты таулы аудандардың біріне әкім болып кетеді дейді. Кім біледі?!

Бір айта кетері,  кадрларды қолғапша ауыстырып, допша дөңгелететін А.Мырзахметовтың Оңтүстіктің әкімі болғанына осы наурызда 5 жыл толды. Осы бес жылда жаңармаған аудан, қала әкімі, ауыспаған басқарма басшысы жоқ. Тіпті айналдырған 1-2 жылдың ішінде басшысы бір емес бірнеше рет ауысқан аудандар, басқармалар да бар. Серік Тұрбеков Асқар Мырзахметовтың көнеден келе жатқан кадры дейді білетіндер. Егер премьердің берген тапсырмасына қарамастан С.Тұрбеков расында да бір ауданнан екінші ауданның әкімі болып қонжия кетсе, шыжықтың көкесі сонда болмай ма...?

Әй, абыройы күн санап арзандап бара жатқан Үкіметте онсыз да енді не бедел қалды дейсің?! 

Михаил Саакашвили: «Мен түп-тамырыма қайта оралдым»
«Мұрагер» жобасы. Қайрат Қожамжаров
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу