Шымкентте ана өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Oinet.kz 08-07-2013 677

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов ана мен бала өлімі азайды деп айтудан жалықпағанымен, өңіріміздің денсаулық саласында дәл осы келеңсіздік үлкен дау туғызумен келеді. Алысқа бармай-ақ, кешегі айдың өзінде Төлеби ауданында ана мен баланың бірінен кейін бірінің көз жұмуы бір отбасыға қайғы жұтқызып, шаңырағын шайқалтып кетті. Сондай қайғылы оқиғаның бірі «Рейтинг» газетінің үстіміздегі жылғы №13 санында «Тағы да ана өлімі... Кім кінәлі? Жаңабаевтар отбасы анадан да, баладан да айырылып, қара жамылып қалды» деген тақырыппен шыққан болатын. Онда «келінімізді дәрігерлер қолдан өлтірді» деген марқұмның енесі Айсұлу мен қайынсіңлісі Марал Жаңабаевалар әділдік іздеп, құзырлы органдарға осы мәселе бойынша тиексеру жүргізуді сұранған болатын.  Олардың жанақайын тыңдайтын жан бар болып шықты. Осы қайғылы оқиғаға байланысты қазір облыстық прокуратура тарапынан Қылмыстық кодекстің 114-бабы 4 -бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Мемлекеттік айыптаушылар медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы жүкті әйелдің өліміне әкеліп соқтырды, марқұм М.Арынованың өлімінің алдын алуға болатын еді деген тұжырымға келіп отыр. Облыстық прокуратурадан алған осы жөніндегі мәліметке қарағанда М.Арынованың өліміне қатысты мынандай жәйттар анықталған: 

Screenshot_7.jpg

«...16 ақпан – 27 ақпан аралығында жүкті М.Арынова Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында 9 тәулік стационарлық жағдайда емделіп шыққаннан кейін оны Шымкент қаласындағы №3 Отбасылық дәрігерлік амбулаториясының терапевт-дәрігері үйіне барып қараған. Аталған амбулаторияның медбикесінің бұдан кейінгі 11 наурыздағы жазуында жүкті әйелдің үйінде жоқ екендігі, телефон арқылы байланысқанда, ол өзінен бірқалыпты қан кетіп жатқанын айтқаны көрсетілген. Медбике гинекологқа қаралуға кеңес берген.

12 наурызда УЗИ-ден өткеннен кейін, жүкті ана №2 Шымкент қалалық емханасының акушер-гинекологына 23 апталық жүктілігі мерзімінде жыныс жолдарынан қаннан бөлінетін заттардың шығуына шағымданып барған. Оған жалпы қан және зәр анализине бақылау зерттеу тағайындалып, 27 наурызда келу ұсынылған. Осы күні жүкті №3 Отбасылық дәрігерлік амбулаториясының терапевтіне тамақ ауруы, тұмау, бас айналуы, тәбетінің төмендеуіне шағымданып барып, оған: «ОРЗ. Өткір тонзиллит. Бірқалыпты қан аздық (анемия)» диагнозы қойылып, парацетамол, витаминотерапия тағайындалған. 

Арада екі күн өткенде жүкті ана жедел-жәрдем көмегімен №2 облыстық перинаталдық орталыққа түсіп, онда ішінің төмен жағының ауруына, жыныс жолдарынан қанға ұқсас ащы заттардың шығуына шағымданып, оған «Жүктілік 24 апта 2 күн. Бала жолдасы (қағанақ шу) төмен. 2 дәрежелі қан аздық (анемия)» деген диагноз қойылады.

Науқасқа ем жүргізілмеуіне байланысты 20 наурызда түскі уақытта науқастың дене температурасы 38,0С-қа дейін көтерілген. Кезекші дәрігерлердің шақыруы бойынша жүкті әйел бас дәрігердің орынбасарымен бірге дәрігерге қаралған. Жалпы жағдайы гипертермия есебінен орта дәрежедегі ауырлықта деп бағаланған. Клиникалық белгілерінің септикалық ахуалына қарамастан, хорионамнионит диагнозына күдіктенбеген, үдемелі қан аздыққа қатысты ем жүргізілмеген. Жүкті реанимация бөлімшесіне ауыстырылмаған, бакпосевке, биохимиялық зерттеуге, коагулограммға, КЩС-ге қан алынбаған.

Ағымдағы жылдың 21 наурыз күні сағат 21.40-тан бастап 22 наурыз күні сағат 05.55-ке дейін (операция уақытында) АД және тыныстың (пульс) толық болмауы кезінде, жаңа босанған М.Арыноваға қарқынды терапия жүргізілген. Патогенетті гемодинамиканың мұндай көрсеткіштері кезінде ауру тарихында белгіленген оттегі сатурациясын қолдану мүмкін емес. Бұл жағдай босанғаннан кейінгі мезгілде асқынуды бұрмалауды немесе қате түсіндіруді жоққа шығармайды.

22 наурызда сағат 04.00-де операция аяқталғаннан кейін (7 сағат 20 минуттан соң) науқас РАО-ға ауыстырылып, қарқынды терапия жалғастырылған. Сол күні сағат 05.25-те кейінгі бақылау бойы жүргізілген қарқынды терапия және ИВЛ барысында, жүрек қызметінің тоқтауы орын алған. Жүрекке жасалған бұлталақ массаж тиімсіз болып, 22 наурыз сағат 05.55-те биологиялық өлім тіркелген.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің 25.04.2013 жылғы аталған дерек бойынша түзген актісіне сәйкес №2 Облыстық перинаталдық орталығында және Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында ана өлімінің алдын алуға болатыны көрсетілген. Сондай-ақ, №2 Шымкент қалалық емханасы мен №3 Отбасылық дәрігерлік амбулаториясы деңгейінде ана өліміне жол бермеуге болатын еді...»

Бұл облыстық прокуратураның тергеу барысында анықтап, осы оқиғаға қатысты жасаған қорытындысы. Тергеу амалдары аяқталып, ақ халаттылардың кінәсін дәлелдейтін материалдар жеткілікті болған жағдайда қылмыстық істің сотқа жолданады. Ал, соңғы нүктені қою соттың құзырындағы дүние.  

Альмира Орманшина қайда жүр?
Тұманбек Әлиевтің әлегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу