Мәслихат депутаттығына талас қызғалы тұр
Шымкентте жиырма бір жастағы жұмыссыз жүрген жас жігіт өңшең кіл мықтылармен тақымдасып, облыстық мәслихаттың мандатына таласып жатыр. «Ер кезегі үшке дейін» демекші, бұған дейін екі рет биліктің партиясы «Нұр Отанның» атынан сайлауға түсіп, екеуінде де жолы болмаған кәсіпкер додаға үшінші мәрте ат қосты. Бұл жолы сайлауда депутаттықтың дәмін әлденеше рет татқан тісқаққан кандидаттар да жоқ емес. Күні кеше сары бөкебайын мойындарына асынып, «Нұр Отан» деп ұрандатқандар бүгін додаға өзін-өзі ұсынып, «Нұр Отансыз» да таңдары атып, тауықтарының шақыратынын көрсетіп жатыр... Бәрін рет-ретімен баяндасақ.
Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарда босап қалған депутаттардың орнына сайлау өткізу қазанның 29-ына белгіленіп отыр. Үгіт-насихат шаралары 4 қазанда басталып кетті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің айтуынша, мәслихат депутаттығына барлығы 42 үміткер ұсынылып, оның 38-і тіркелген. Кандидаттардың 7-еуі «Нұр Отан» партиясынан. Бір үміткер «Ақ жол» партиясынан атынан ат қосып отыр. Қалғандары додаға өзін-өзі ұсынғандар. Бірақ олардың бәрі партия қатарында жоқ деген сөз емес. Өзін-өзі ұсынғандардың дені «нұротандықтар» көрінеді.
Мәслихат депутаттарының сайлауы облыстағы 7 округте өткізіледі. Мұның ішінде 4 округте облыстық мәслихаттың депутаты анықталуы тиіс. Оның екеуі Шымкент қаласында, екеуі Шардара ауданында. Бұлардан бөлек Шымкент пен Түркістан қалалық және Сарыағаш аудандық мәслихаттарында бір-бір депутаттан сайланады. Сайлау комиссиясына төрағаның айтуынша, ең жас үміткер Шымкент қаласының тұрғыны Жанғали Темірбаев облыстық мәслихатқа бақ сынаса, жасы ең үлкен үміткер Сәрсенбек Жарқынбеков (64 жаста) -Түркістан қалалық мәслихатының депутаты атануға ниет білдіріп отыр.
Сайлаудың көрігі облыстық мәслихаттың Шымкент қаласындағы №11 округте қызайын деп тұр. Бұл округте өткен наурыз айындағы сайлауда депутат өтпей қалған болатын. Бұл жолғы додаға да алдын ала кесіп-пішіп болжам жасау қиын. Естеріңізде болса, 2016 жылдың наурызында өткен сайлауда облыстық мәслихатқа Шымкент қаласынан «Нұр Отан» партиясының атынан кәсіпкер, «Ұлы Орда» ЖШС-інің президенті Қайрат Сүйлейменов түскен болатын. Сайлауға «нұротандықтардың» жеңіске жету мүмкіндігі жоғары деп мың жерден айтсаңыз да, бәрібір билік партиясының бір-екі округте мүлт кететіні бар еді. Қайрат Сүлейменов додада «ақжолдық» Қилыбек Тұрлыбекке ұтылды. Сүлейменовке қарағанда Қилыбек Тұрлыбектің депутаттық тәжірибесі де жоғары, ел арасында, сайлаушыларының ортасында беделі мықты, қоғамдық іс-шаралараға да қомақты үлесін қосып жүретін жомарт жүректі азамат. Сол жолғы сайлауда оңбай сүрінген Сүлейменов биыл наурызда өткен депутаттық додада №11 округтен тағы бір бағын сынап көрді. «Егер Қайрат Сүлейменовке осы жолы мандат бұйырса, ол облыстық мәслихаттағы ең жас депутат атанады» деп жазған едік сол кезде. Алайда бұл сайлауда жеңілген де, жеңіске жеткен де ешкім болған жоқ.
«Рейтингке» берген сұхбатында сайлауға «Жас Отан» жастар қанатының ұсынуымен түскен, мәслихатқа солардың үмітін ақтап, мүддесін қорғау үшін бара жатқанын айтқан Қ.Сүлейменов бәйгеге түспей жатып-ақ тағы сүрінді. Осы округтен сайлауға түскен бес кандидаттың біреуі өз еркімен, ал екеуі әдеттегі сценарий бойынша декларациясынан ши шығып, кандидатуралары алынып тасталды. Ақырғы сәтте Қ.Сүлейменовпен бірге кандидат Бақытжан Көпбаев қана қалған. Бұл округте кімнің жеңіске жететініне енді ешкімнің күмәні жоқ еді. Алайда 23 наурызда, дауыс беруге бар-жоғы үш күн қалғанда Бақытжан Көпбаевтың бұрын сотты болғаны анықталып, кандидатурасы алынып тасталды. Сенімді ақпарат көздеріне сүйенсек Көпбаевтың кандидатурасын мәре тақағанда алып тастау оның шикілігі табылғаны ғана емес екен, Қайрат Сүлейменовтің жеке басына қатысты біршама жайттар себеп болыпты. Сырт көзге бәсекелесі жоқ Қайрат Сүлейменов сан соғып қала берді. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.
Міне, қазанның 29-ына өтетін сайлауға Қайрат Сүйлейменов тағы да кандидат ретінде тіркелді. Тағы да «Нұр Отанның» атынан. «Нұр Отан» сайлауда екі рет жеңіліс тапқан кандидатқа үшінші мәрте таңдау жасады. Бұл нені білдіреді? Қ.Сүлейменовтен басқа кандидаттың жоқтығын ба? Олай емес сияқты. Осы округтен бір кездері биліктің партиясының атынан бір емес әлденеше рет депутат атанған, Жанармай қауымдастығының президенті Қайыпбек Қамбаров та құжат тапсырып отыр. «Нұр Отанның» таңдауды осындай тәжірибелі кандидатқа жасамағаны тағы да түсініксіз. Айтқандай, Қайрат Сүлейменовтың додаға сақадай сай әзірлік жасағаны байқалады. Өткен-кеткен жәйттардан сабақ алған. Жоғарыда айтылған додадағы ең жас кандидат, жұмыссыз Жанғали Темірбаевтың Қ.Сүлейменовпен жерлес екендігі, екеуі де бір ауылда туып-өскені туралы мәлімет бар. Кездейсоқтық па? Саясатта кездейсоқтық деген болмайды ғой. Жиырма бір жастағы Ж.Темірбаевтың облыстық мәслихаттың депутаттығына не үшін таласып жүргені енді белгілі болған сияқты. Бұл кандидатура Қ.Сүлейменов ақтық сында бәсекелессіз, жалғыз қалып, тағы да сан соқпасын деген сақтық үшін шығарылған сияқты. Қалай десек те, бұл да сайлаудың тәжірибесінде бар тәсіл, оған таңданатын дәнеңе де жоқ. Айтқандай, осы округтен «Нұр жер» ЖШС-інің директоры, Шымкент қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Жомарт Омаров та бақ сынап жатыр. Ж.Омаров та, Қ.Қамбаров та Қайрат Сүлейменов үшін оңай қарсылас емес. Ақырын күтіп көрелік.
Шымкенттегі №35 округтен түскен кандидаттардың ішінде осалы жоқ сияқты. Құжат тапсырған 7 кандидаттың барлығы дерлік серіктестікке басшылық етеді екен. Абдурашид Омаров та оңай адам емес. Ол «Цвет Лит» ЖШС басшысының кеңесшісі. Ал аталған серіктестік басшысы Бекжан Айтқұлов да осы округтен сайлауға түсіп жатыр. Қысқасы, басшысы мен кеңесшісі додаға бірдей ат қосып отыр. Бәлкім, кеңесші басшыға сайлауда да кеңес беріп отыратын шығар. Бұл округте «Нұр Отан» «Sauran group» ЖШС-інің директоры Байкен Әшірбаевқа таңдау жасапты. Байкен Әшірбаев өткен сайлауда да бақ сынап, жолы болмаған еді. Бұл жолы қалай боларын бір Алла біледі? Жалпы Әшірбаев жайлы да таратар ақпарат, айтылар әңгіме көп. Мұны алдағы уақытта қозғаудыыжөн көрдік. Айтқандай, кандидаттардың ішінде бір кездері Созақ аудандық мәслихатының хатшысы, аудан әкімінің орынбасары, бұдан кейінгі жылдары Созақ ауданының әкімі қызметтерін атқарған Аманғали Аймұрзаевтың ұлы Шалхар Аймұрзаев та бар. «ЮгЛадГруп» ЖШС-інің директоры қызметін атқаратын 26 жастағы жігіт облыстық мәслихаттың мандатына таласып жатыр. Ақжол дейміз!
Облыстық мәслихатқа бұл жолы Шардара ауданы екі депутат сайлайды. Пара берді деген айыппен сотталып кеткен Амангелді Сопбеков пен жуырда көлік апатынан қаза тапқан облыстық мәслихаттың экс-хатшысы Қамытбек Айтөреевтің орны бос тұр. №49 округтен бар-жоғы үш үміткер құжат тапсырыпты. Оның бірі аудандық емхананың механигі, екіншісі жеке кәсіпкер. «Хамит» АӨК басқармасының төрағасы Бақытжан Серманизов «Нұр Отанның» атынан түсіп отыр. Егер олай-бұлай болып кетпесе, бұл окрутегі сайланатын депутаттың аты-жөні қазірдің өзінде белгілі сияқты. Ал, №50 округте керісінше бәскелестік күшейіп тұр. Құжат тапсырған бес үміткердің ішінде «Мақталы» мақта өңдеу кәсіпорнының директоры Аманұлла Раманқұл бар. А.Раманқұл бұған дейін де Шардарадан облыстық мәслихатқа бір емес бірнеше рет депутат болып сайланған. Мәслихаттағы ең белсенді депутаттың бірі болғаны да рас. Ол 2016 жылғы сайлауда Амангелді Сопбековке жол беріп қойған болатын. Бұл округтен «Нұр Отанның» атынан Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университтінің ректоры Рабиға Қуатбекова түсіп отыр. Қызын қайдам, әкесі Әбдімұса білім саласында тәжірибелі адам десек те осы әулетке қатысты оқу орындарына, басқа да бизнестеріне байланысты ел аузында сөз көп. Негізгі бәсекелестік осы екі кандидат арасында жүретіні айтпаса да түсінікті шығар.
Ал Шымкент қалалық мәслихатының мандатын иеленуге ниет білдіргендердің қатары көбейіп тұр. №22 округте 11 үміткер құжат тапсырыпты. Бұлардың ішінде «Нұр Отанның» атынан Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Рамазан Бектұрғанов түсіп отыр. Бірақ қарсыластары оңай шағылар жаңғақ емес. Бектұрғановқа мықты бәсекелес бола алады дегендердің қатарында бұған дейін де депутат атанып жүрген Марат Сапарбаевты, «Нур-Ас Строй» ЖШС-інің бас директоры Ғани Райымбековті атар едік.
Сайлауға дейін әлі екі аптадан астам уақыт бар. Осы екі аптада кандидаттар арасында әлі талай қызықтар болу мүмкін. Дауыс берер күнге дейін кандидаттардың қатары сирейді. Кандидаттардың арқасында біреулер шапан киеді, бата береді дегендей... Сайлаудың да жазылмаған заңдылығы бар. Әйтеуір үміткерлер бәсекелестікті бақталастыққа, оның соңы батыраш-қотыраштыққа ұластырып алмасын деп тілейік.
Жәнібек Тархан,
"Рейтинг" газеті