Әбдірахымовтың жаңа әдісі... Қоғамдық көліктердегі қордаланған мәселені шеше ала ма?

Oinet.kz 28-11-2017 833

Screenshot_5.jpg

Елді елең еткізуден жалықпайтын Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов орынбасарларынан бастап, әкімдікке бағынатын барлық басшылық құрамдағы  шенеуніктерге қызметтік көліктерін бір ай бойы қаңтарып қойып, өздеріне қоғамдық көлікпен қатынауды тапсырды. Ақпарат құралдары у-шу болып жатыр. Әбдірахымов осы бастамасымен соңғы кездері көмескілене бастаған имиджін қайта тіктеп алатын сияқты. Несі бар өте ұтымды тәсіл. Әрине, Әбдірахымов Америка ашып отырған жоқ. Бұл баяғыдан бар  тәжірибе.  Астана мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдерінің қызметтік көліктен түсіп,  автобусқа мініп, қоғамдық көліктегі ахуалды өз көзімен бақылауға көшкені бұған дейін де жазылып жүрген еді.  Мәселе бұдан  қара халыққа қандай пайданың тиетіндігінде болып тұр. 

Әбдірахымовтың бастамасы бойынша автобуспен жүрген шенеуніктер бір ай бойы қоғамдық көлік саласындағы кемшіліктерді анықтап, оның оңтайлы шешілуіне ықпал ететін көрінеді. Алайда Әбдірахымовтың өзі де, орынбасарлары да, бөлім басшылары да алқа-салқа автобус қатынайтын, жолаушыларын «Газельге» екі бүктеп тиеп алатын шалғайдағы елді мекендерде тұратынына күмәніміз бар.  Шымкенттегі қоғамдық көліктің ахуалын қарапайым тұрғыннан артық білетін адам жоқ шығар, сірә. Редакциямызға келген осындай бір оқырманымызды хатын жариялай отырып, оны автобуста уақытша жүретін шенеуніктердің назарына ұсынғанды жөн санап отырмыз.    

Байқаған адамға Шымқаладағы көлік қозғалысы Тәуке хан, Байтұрсынов, Республика даңғылы арқылы әрі қарай қаптаған базарларды жағалай келе, "Күншығыс", "Теріскей", 11, 18 мөлтекаудандарын аралап, қаланы айнала шеңбер жасай жүруді дағдыға айналдырған. Керісінше шаһардың ішкі жағындағы аумақ қамтылмағандықтан Майлықожа, Ақпан батыр, Мәмедова, Түркістан, Адырбеков, Алдияров, Шәймерденов, Ілияев, Орынбаев, Желтоқсан көшелерінен көлік таппайсыз. Әйтпесе, "Қырғы базарға"қалада қанша бағыт болса соншамасын үймелетіп қою халыққа қаншалықты жаны ашығандықтың белгісі екен? Жүргізушілері тоқтайтын жер таппай клиентке таласып қосарлана тұрған дәл сол сәттерде қаланың басқа бір қалтарысында сағаттап сарылып тұрған кейуананы бұл жазғандар ойлайды ма екен?

Маршруттардың икемсіздігі жөнінде тағы бір мысал келтірейік. Айталық, "Мұз сарайы" маңайынан "Жеңіс саябағы", Сайрам көшесіндегі мешітке тікелей бірде-бір көлікпен бара алмайсыз. Қайтарда да солай. Міндетті түрде қаланы айналып жүретін транспортқа отыруың керек.Сондай-ақ қаладан "Нұрсәт" мөлтекауданына апаратын бағыттар тек қана күретамыр – Бәйдібек би даңғылы арқылы кіретіні несі екен? Көше қанша жерден кең болса да көлік нөпірінің көптігінен дәл осы жерлерде әрдайым кептеліс болып жатады. Сонда "Күншығыс", "Теріскей" төңірегінен аржағында тиіп тұрған облыстық әкімдікке барғысы келетін жолаушы не үшін екі есе уақытын жоғалтуы тиіс? 

Кешегі келмеске кеткен кеңестік кезеңнің өзінде қоғамдық көліктер түнгі 24-00-ге дейін жүргені белгілі. Ал, қазір әсіресе қыс кезінде кешкі жеті-сегізден соң бірлі-жарымы болмаса көпшілігі қозғалысын тоқтатады. Амал жоқ бүрсеңдеген жолаушы үйіне жаяу не болмаса соңғы теңгесін беріп таксимен қайтуға мәжбүр. Бұл туралы жұртшылыққа талай әдемі сөздер айтылып уәделер берілгенмен іс жүзінде бәрі басқаша.

Ал"Газель" жүргізушілерінің аядай ғана салонға мал тиегендей аузы-мұрнынан шыққанша адам артып алуы заңдылыққа айналғаны қашан. Осылай артық жүкпен клиент үшін әріптестерімен жарысамын деп жол апатына ұшырап бейкүнә адамның обалына қалғандары қаншама. Бірақ бұл жөнсіздікке әзірге еш тиым болмай тұр.Осындайда "Тиісті орындар осы олқылықтарды бәрін неге зерттеп-зерделемейді екен" деп ойға батасың.

Енді жолаушыларға қызмет көрсету этикасы мен мәдениеті туралы тоқтала кетсек. Жолаушыларды таласа, жарыса шақыратын кондукторлар тілді қорлап қойыртпақ қылғандарымен қоймай ұлтымыздың ұлы тұлғалары есімі берілген көше, нысандарды әлі күнге дейін сол сәбеттік дәуірдегі атауларымен атайтынын қайтерсіз! Сонымен қатар көлік салондарының эстетикалық кескін-келбеті, тазалығы, қыста жылытуы, жазда комфортты ахуал қалыптастыру, тыңдауға ұсынылатын ән-әуездер, қауіпсіздік, аялдамаларды сауатты хабарлау мәселесі сияқты өркениетті елдерге тән сипаттардың ауылы әлі алыста екенін мойындауымыз керек.

Дей тұрсақ осы айтылған сындар өз дәрежесінде болуы үшін соншалықты көп нәрсе керек те емес қой! Тек ықылас-ниет болсын деңіз!

Қалмахан Омар,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Мәслихат депутаттығына талас қызғалы тұр
Ержан Тәтішев тапсырыспен өлтірілген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу