Ержан Тәтішев тапсырыспен өлтірілген
«2004 жылдың желтоқсанында Жамбыл облысында аң аулап жүріп, абайсызда атылып кеткен мылтық оғынан қаза тапты» деген белгілі банкир Ержан Тәтішев тапсырыспен өлтірілген. «Тұранәлембанкінің» ірі акционері, әрі банктің басқарма төрағасы қызметін атқарып жүрген азаматтың өлімінде бір құпияның бар екендігі бұған дейін айтылып жүрген еді. Арада 13 жыл өткенде қамауда отырған атышулы «шыны ханзадасы» Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті өз қолымен атып өлтіргенін бүге-шігесіне дейін айтып берді. Ең сұмдығы, ол бұл өлімге тапсырысты қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің бергенін мойындады.
КТК арнасы түсірген «Звали его Мурка» деп аталатын фильмде «шыны ханзадасы» осы қанды оқиғаны жай-жапсарын баяндап берді.
Бұл оқиғаның басы 2003 жылы Мұхтар Әбіләзовтың президенттің кешірім беруімен түрмеден шыққан соң басталған. Экс-министр Әбіләзов пен «Тұранәлембанкінің» басқарма төрағасы Тәтішев екеуінің арасында келіспеушілік туады. Арадағы қарым-қатынастың нашарлығын Әбіләзов осы кездері ашық айтып жүрген. Ол осы кездері өзінің танысы Мұратхан Тоқмәдиге «Ержанмен проблема бар, ол дұрыс істемеді, Ержан кез-келген уақытта сатып кетуі мүмкін» деп, оның көзін құрту қажеттігін және мұның аңшылық кезінде жасалып, сырт көзге бақытсыз оқиға ретінде қаралуы тиістігін айтқан.
Мұратхан Тоқмәди мен Ержан Тәтішев те өзара араласып тұратын достар болған. Тіпті бизнес ашу үшін М.Тоқмәди досынан банктен несие алуға көмек сұраған. Тәтішев оған бизнес жоба жасатып, оны банктегі менеджерге тапсыру қажеттігін айтады. Артынша Тоқмәди банктен ірі көлемде несие алып, өзінің шыны зауытын ашқан.
Қаза табарынан бір күн бұрын Тәтішев Әбіләзовпен Мәскеу әуежайында кездеседі. Екеуі жарты сағаттай сөйлескен. Кейіннен Тәтішев достарына Әбіләзовпен арадағы әңгіменің қатқылдау болғанын, оның өзіне қысым көрсеткенін айтқан. Осы күндері Тәтішев Тоқмәдиге хабарласып, аңға бірге шығу жөнінде ұсыныс жасайды...
Аңшылық кезінде көліктің рулінде Тәтішевтің өзі болған. Оның қасында күзетшісі отырған. Қасқыр қуып келе жатқан сәтте күзетші мылтықты артта отырған Тоқмәдиге береді, ал ол мылтықты банкирдің шүйдесіне қаратып тұрып, шүріппені басып қалған. Шүйдеден тиген оқ Тәтішевтің сол жақ көзінен тесіп шыққан.
Бұл іс бойынша тергеу амалдары, сот отырысы үш жылға созылып, ақыр аяғында кісі өлімі абайсызда орын алған деген қорытындыға келеді. Бұл үшін М.Тоқмәди сот сарапшысына 20 мың доллар, тергеушіге 20 мың доллар пара берген.
Тәтішевтің өлімінен кейін 4-5 ай өткенде Мұхтар Әбіләзов «Тұранәлембанкің» басқарма төрағасы қызметіне кіріседі. Ол кеңсеге келген күні Тәтішевтің барлық заттарын сыртқа шығарып тастапты.
-Мен Әбіләзовтың ықпалына түсіп, адастым,-деген М.Тоқмәдидің істеген ісіне қатты өкінетіндігі байқалады. Дәл қазіргі уақытта бұл факті бойынша қандай қылмыстық істің қозғалғаны белгісіз. Онсыз да арқалаған айыбы ауыр Әбіләзовтың ісіне енді тағы бір баптың қосылуы мүмкін.
Ержан Тәтішев 1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Оның әкесі қарапайым дәрігерден бастап Кентау қаласындағы аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған. Ержан орта мектепті осы Кентау қаласында аяқтаған.
Еңбек жолында түрлі банктерде лауазымды қызметтерді атқарған. Тәтішев «Тұранәлембанкінің» басқарма төрағасы қызметіне 1997 жылы келген. 2002 жылы оған бір рет қастандық жасалады. Ғабдола Сабралиев деген азаматтың тапсырысы бойынша бірнеше адам Тәтішевтің соңына түсіп, оның мініп жүрген көлігіне жанармай құйылған бөтелкені лақтырады. Кейіннен тапсырыс берушінің бұған дейін Тәтішевтен 2 миллион доллар талап етіп жүргені анықталады. Бұл іс бойынша тергеушілердің нендей шешім қабылдағаны белгісіз.
2004 жылы құқық қорғау органдары Тәтішевтің өлімін абайсызда орын алған деп саралайды. Тергеушілер мен сарапшылар көлік ішінде бір-біріне беру кезінде мылтық өздігінен атылып кеткен деген қорытынды жасалған. Дегенмен бұған күдік-күмән сол кезде-ақ туындаған. Алайда құқық қорғау органдары істі жауып тастаған. Бәлкім, бұдан әрі де бәрі жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді. Бұл факт шетелде бас сауғалап жүрген Әбіләзовтың саяси белсенділігі күрт күшейген кезде айтылып отыр. Мұның да астарында бір гәп бар-ау.