Әбдірахымов елге естелік айтуды бастады

Oinet.kz 26-04-2023 669

Ұзақ уақыт бойы үнсіз жүрген Шымкенттің бұрынғы әкімі елге «хит» әңгімелер айтуды бастады. Бұған оның үстінен қозғалған қылмыстық іс себеп болды ма, әлде Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалының мәлдімдемелері шабыт берді ме, әйтеуір Әбдірахымов соңғы уақытта әлеуметтік желіде белсенді бола бастады.  Күн құрғатпай пост жазады.

Screenshot_10.jpg

Өмірінің жарқын жақтарын еске алады. Осыдан бір апта бұрын қыздарының мектебіне барып, ата-аналар жиналысына қатысқанын жазды. Ораза айтта туған жері Сарыағашта жүрген суреттерін жариялады. Осы аптадан бастап ол өзінің бүкіл өмір жолын баяндауды бастады.

"Сонымен, мен Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында қарапайым қазақ отбасында туып-өстім. Әкем қатардағы инженер еді. Қазақ ауыл шаруашылығы техникасы зауытында жұмыс істеді. Анам мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Мен орта мектепті күміс медальмен бітірдім",– деп басталады «зың әкімнің» жазбасы. 

"1997 жылы барлық емтихандардың қорытындысы бойынша маған Германияда оқу үшін “Болашақ” стипендиясы тағайындалды. Бірақ бұл үлкен істің бастамасы ғана еді. Маған Германияның жоғары оқу орнына магистратураға түсу керек болды. Менеджмент және мемлекеттік басқару бойынша ондағы жоғары оқу орындарының рейтингтерін қарап шыққаннан кейін мен бірінші орында тұрған университетті, яғни Speyer қаласындағы Неміс мемлекеттік басқарудың жоғары мектебін таңдадым. Бұл білім ордасы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Франция үкіметі мен ENA басқару мектебінің қолдауымен ашылған. Онда мемлекеттік қызметке кірер алдында барлық жас неміс шенеуніктері оқытылды... «Тәуекел түбі – желқайық, өтерсің де кетерсің» дегендей, құжаттарымды өткізіп, емтихандарды сәтті тапсырдым. Менің қуанышымда шек болмады. Бұл менің өмірімдегі ең керемет, жарқын сәттердің бірі еді.

Оқу өте қиын болды. Аталмыш мектепке түскен алғашқы қазақ болғандықтан, намысқа басып, бүкіл елдің атына кір келтірмеуге тырыстым. Менің стипендиям айына 1200 дойчемарка болды (курс бойынша шамамен 700 доллар). Оның 400 маркасын жатақхана бөлмесі үшін төледім, 500 маркасы азық- түлікке, 300 маркасы кітаптар мен киімдерге жұмсалды. Германиядағы барлық студенттер сабақтан тыс уақыттарында әртүрлі қосымша жұмыс істеп, табыс табатындықтан, мен де жұмыс істеймін деп шештім. Студенттерге жұмыстан тыс уақытта жылына 3 ай жұмыс істеуге рұқсат берілетін. Көп ойланбастан, мен студенттік еңбек биржасына барып, Шпайерден 40 минуттық жерде орналасқан Хайдельберг қаласындағы көлік-логистикалық компаниядан жүк тасымалдаушының бос орнын таптым. Мені жұмысқа қабылдады, бірақ соған байланысты күн тәртібімді де өзгертуге тура келді. Таңғы 8.00- ден 14.00-ге дейін мен Мектепте болам, түстен кейін үй тапсырмасын орындаймын және бірнеше сағат ұйықтауым керек болады. Ал, кешке таман велосипедпен теміржол вокзалына барып, электричкамен Хайдельбергке жетемін.

Жұмыстан кейін қайтадан электричкаға отырып, үйге қайтамын. Апыл-ғұпыл душ қабылдап, сабаққа асығамын. Таңғы асты әдетте, сағат 11-лерде үлкен үзілісте ішемін. Осылайша мен бір жерде 2 ай жұмыс істеп, өзіме Audі 80 (1989 жылы шыққан) автокөлігін сатып алдым. 1999 жылы Мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алып, алғашқы көлігімді тізгіндеп, Қазақстанға оралдым.

Осы жылы конкурстық негізде Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Мемлекеттік қызметті жетілдіру бөліміне бас маман болып жұмысқа қабылдандым. Агенттіктің басшысы Әлихан Байменов болатын. Осылайша менің мемлекеттік қызметтегі мансапты жолым басталды",– деп жазған Әбдірахымов әрі қарай не болғанын келесі жазбаларында баяндап беруге уәде еткен.

Жалпы, бұған дейін Мәсімовтің, Әбдірахымовтың және Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповтың үстерінен белгілі бизнесмен Сайдулла Қожабаевтың берген арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, Аюповтың абақтыға қамауда отырғанын жазған болатынбыз. Мәсімовтің былтыр қаңтардан бері түрмеде отырғаны белгілі. Бұл істе тек Әбдірахымов жұмбақ болып тұр. Ол неге бостандықта жүр? Оның соңғы кездері әлеуметтік желідегі белсенділігі нені білдіреді? Әлде жоғарыдағы асқар тауларынан айырылған Әбдірахымов сүйенішті қарапайым оқырмандарынан іздей бастады ма? 

Мәсімов сотталды - Бірақ бұл қаңтар құпиясын аша алған жоқ
Әскерге келгенде үнемдеу еске түседі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу