Сенген депутат сен болсаң...

Oinet.kz 08-10-2019 939

Түлкібас.jpg

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрт Отанның» ықпалын күшейтіп, тіпті алдағы уақытта биліктің партиясы Үкіметтің құрамын жасақтауда маңызды рөль атқаратынын айтқаны кеше ғана. Ата заңға осы жөнінде енгізілген өзгерістердің сиясы да кепкен жоқ-ау. Дәл осы кезде биліктің партиясының атынан өкілдік етіп жүрген Түлкібас ауданы мәслихатының хатшысы Өтепбай Мәткәрімов пен депутат Айтбек Меңлібековтың ауыл әкімінің сайлауына қатысты мәселеде сөзге келіп, төбелесіп, екеуінің де ауруханаға түскенін қарасаңызшы.  Бүгін ауыл әкімін сайлауда жұдырықтасуға дейін барған «нұротандықтар» ертең Үкіметті қалай жасақтайды? Жалпы биыл мәслихат депутаттары үшін атқаратын шаруа аз емес. Жазда мәслихат сенатор сайлайды. Ал күзде ауыл әкімдерін таңдайды. Бұл кезде халықтың аманатын арқалап жүрміз деген депутаттардың нендей «өнер» көрсетерін, әлі қанша адамның басы жарылып, елді дүрліктірерін кім білсін?!

Жалпы Түлкібаста сайлау кезінде саяси температураның көтеріліп кететіні рас. Қайбір жылдары осы ауданнан облыстық мәслихатқа түскен екі кандидаттың өзара дауласып, оның соңы ұзаққа созылған соттасуға дейін барғаны есте қалыпты. Сол соттасып жүргендердің бірі Нұржігіт Қалмырзаев алдымен Түлкібас ауданында, Шымкент қалсында  әкімнің орынбасары, сәл кейінірек Кентау қаласының әкімі болып атқа қонуының астарын сайлаудағы даумен сабақтастыру бекер деймісіз. Одан беріректе тәжірибе ретінде өткен аудан әкімінің сайлауы да қып-қызыл шатаққа шатылған. Сайлауда аудан әкімінің орынбасары болып жүрген Нұрлан Байғұт пен облыстық білім басқармасының басшысы, экс-сенатор Ерғали Сарманов түсіп, соңғысының бағы жанған. Алайда осы сайлаудағы әділетсіздік туралы әңігімелер ел арасында ұзақ уақытқа дейін басылған жоқ. Түлкібаста Қайрат Әбдуәлиевтің кезінде де мәслихат пен әкімдік арасына жік түсіп, аудан әкімі бір жақ, депутаттар бір жақ болып, бір-бірінің кемшілігін қазбалағанын білеміз. 

Енді депутат төбелестің түп-төркініне үңілсек. Ақпарат құралдары арқылы таратылған мәліметтерге қарағанда, жуырда Түлкібаста аудандағы Кемербастау ауылдық округінің әкімі басқа қызметке ауысқан. Заңға сәйкес жаңа ауыл әкімін депутаттар сайлайды. Сайлаудан кейін Меңлібеков осы додада ойласқан түрде ұсынылған кандидаттың емес, не себепті басқа біреудің өтіп кеткенін хатшымен талқыламақ болғанға ұқсайды. Талқылаудың қандай тонда өткенін кім білсін, ақыр аяғында Мәткәрімов Меңлібековты жұдырығымен қойып қалған. «Ақсу-Жабағылы» қорығының директоры қызметін ұзақ жылдардан бері атқарып келе жатқан Меңлібеков сол күні аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің берген ақпаратына қарағанда оның көз айналасындағы сүйегі сынып, миы шайқалған. Осы күні түнгі уақытта Ө.Мәткәрімовтың жүрегі сыр беріп, ауруханаға жеткізілген. Бір қызығы, полицияға депутаттың екеуі де арыз берген. Сондықтан әзірге бұл іс бойынша кімнің жәбірленуші, кімнің айыпталушы екендігін ажырату қиындау болып тұр. Облыстық ішкі істер департаменті тарапынан денсаулыққа орташа дәрежеде зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бір айта кетері, Мәткәрімов бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Былтыр депутаттық сайлауға түсіп, орынбасардың креслосын хатшылыққа ауыстырған еді. Рас-өтірігін кім білсін, мінезі қызбалау Мәткәрімовтың осыдан оншақты жыл бұрын Меңлібековтың ұлын ұрып, жағын сындырғаны туралы да ақпарат тарап жатыр.  Кеше ұлының жағын сындырған Мәткәрімов бүгін әкесінің бет сүйегін талқандады. Сүйек сындырғыш Мәткәрімов бұрын ішкі істер органдарында лауазымды қызметтерді атқарған.  Осындай ұр да жық мінезді адамның мәслихат хатшылығына қалай келіп қалғаны түсініксіздеу болып тұр.

Жалпы Түлкібастағы депутат төбелестің түсініксіздеу тұстары көп. Аудандық мәслихаттағы 16 депутат түгелдей «нұротандық» екен. Бір партия депутаттарының бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып жұмыс істеудің орнына бір-біріне жұдырық жұмсауға дейін барғаны қалай? Партия мүшелерінің кез-келген мәселеде бірауызды болуын, әрбір сұрақты алдын ала келісіп, кеңесіп алуын жоғарыдағылар қамтамасыз етпеген бе? Егер келіскен болса, партияның шешіміне бағынбаған кім? Оған нендей жаза қолданады? Біз осы сауалдарды «Нұр Отан» партиясы Түлкібас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихаттағы фракцияның жетекшісі Асланбек Нұрановқа қойған болатынбыз:   

-Бұл енді екеуінің арасында болған тірлік. Осындай жағдайдың орын алғанына өзіміз де аң-таң болып отырмыз. Әрине партияның абыройына кір келтірген оқиға болды. Мәткәрімов уақтысында аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ал Айтбек Меңлібеков төрт шақырымның депутаты болып сайланған. Екеуі бір ауылда-Жабағылыда тұрады. Екеуі де келер жылы 63-ке толады. Бір сөзбен айтқанда жас емес. Қазір оқиғаны тексеру үшін комиссия құрылды. Тәртіп бойынша олардың мәселесі алдымен бастауыш партия ұйымында қаралады. Жуық арада тиісті шешім қабылданады,-деді А.Нұранов. Сенімді ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, өткен жұмада ауруханадан шыққан Өтепбай Мәткәрімов хатшылықтың тізгінін тапсырып,  партия қатарынан шығу жөнінде арыз жазған көрінеді. Партиялық билетті үстелдің үстінде қою Меңлібековке де ұсынылғанға ұқсайды. Алайда қазіргі уақытта Шымкенттегі жедел-жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатқан А.Меңлібековтың нендей шешімге келері әзірге белгісіз.Әліптің артын бағайық. 

Құртаевтың сасқаны ма, жауапкершіліктен қашқаны ма? 

Біз әріптестерінің әрекетіне қандай баға беретінін білу үшін «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлімжан Құртаевпен де хабарласқанбыз. Мәселенің мән-жайын түсінген соң ол кейінірек хабарласуымызды сұранды. Келісілген уақытта бірнеше рет қоңырау шалдық. Ұялы телефонына қоңырау барып тұрса да не себепті көтере қоймағанына, немесе сол кезде қол бос болмаса алдында сөйлескенімізде мәселенің мән-жайын білгендіктен  қайта хабарласпағанына қайран қалдық. Осылайша «Нұр Отанның» облыстық филиалындағы бірінші орынбасары екі күн бойғы  қоңырауларымызды жауапсыз қалдырды. Бәлкім, «Үндегемен үйдей пәледен құтылар» деген болар. Үнсіздік сынға келіскендіктің де белгісі. Әлде алдағы жазда мәслихат депутаттары дауыс беретін Сенатқа сайлауға түсуден дәмелі ол  жаңылыс сөйлеп жаза басып қалам ба деп сасқаны ма? Жоқ, шынымен де жауапкершіліктен қашқаны ма? Бірақ...

Бірақ партия филиалының төрағасы, облыс әкімі  Жансейіт Түймебаевтың өңірдегі қат-қабат шаруалармен шабылып жүріп бұл даулы мәселеге қатысты нендей шешім қабылданатыны туралы елге тікелей өзі мағлұмат беруге мүмкіндігі жоқтығы  түсінікті. Ендеше басшысының атына сөз келтірмеуге, жұрт аузында әр алуан сыпсың сөз, өсек-аяң өршімеуіне түрткі болудың орнына бірінші орынбасардың басын алып қашқаны қай сасқаны? Елге жаңсақ хабар ақпаратты жасырудан тарайды. Олай болса нақты кесімді сөзін айтпаса да дүрліккен елді сабырға шақыру үшін бүгінде қандай шаралар қолға алынғаны жайлы Әлімжан Құртаев неге әділдігін айтқысы келмеді? 

Егер партия филиалының  басшылары осы мәселеге қатысты  қандай да бір мағлұмат береміз десе, біз газет бетінен орын беруге даярмыз.   

Бақытжан Әбдірашұлы, 2017 ж

Білім және ғылым вице-министрі қызметінен босатылады
Сайлауда Ленин жеңіске жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу