Жамбылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 1600-ден аса маман жұмыс істеп жатыр
«Дипломмен ауылға» жобасы аясында 1747 маманға 4 961,6 млн. теңге несие берілген, оның бүгінге 1618 маманы нақты ауылда жұмыс атқаруда, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыс бойынша бағдарлама аясында ағымдағы жылға 256 маманға тұрғын үй сатып алу немесе салуға несие беру үшін 969 миллионнан астам теңге қарастырылса, тоғыз айда 233 маманға 844 миллионға жуық қаржы бюджеттік кредиттер ретінде берілген. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 655 маманға біржолғы көтерме жәрдемақысын төлеуге 124 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылса, жыл басынан бері 477 маман тиісті көмекке қол жеткізіпті. Бұл туралы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова айтып берді.
«2010-2019 жылдары «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 1747 маманға 4 961,6 млн. теңге несие берілген, оның бүгінге 1618 маманы нақты ауылда жұмыс атқаруда. Оның басым көпшілігі білім мен денсаулық салаларында еңбек етуде. Бағдарламаны іске асыру бойынша сенімгер агенті - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның мәліметіне сәйкес борышкерлер саны 652 маманға жеткен. Олардағы берешек сомасы 116,6 миллион теңгені құрайды»,-дейді Гүлдана Жауынбекова.