Қазақстан спорты. Ит жылында несімен есте қалды?

1545740021362746.jpg

Жеңіс пен жеңіліс, сенім мен сәтсіздік, қуаныш пен өкініш қатар жүретін спорт әлемі кезекті жылды қорытындылауда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімі ел есінде жатталып, жылнамаға жазылса, сәтсіздіктер мен қателіктер де ұмытылмасы анық. Жалпы 2018 жылы қазақстандық спортшылар әлемдік, халықаралық, құрылықтық додаларға қатысып, өз мүмкіндіктері деңгейінде өнер көрсетті. Жеңіске жетіп, еліміздің көк Туын желбіреткендер аз емес. Олардың барлығын тізіп шығу әсте мүмкін болмас, дегенмен ел есінде қалған негізгі дерлік жарыстар мен оқиғаларға қысқаша тоқталып өтелік. Еліміздің спортшылары  Оңтүстік Кореяда өткен ақ Олимпиада мен Индонезиядағы жазғы Азия ойындарына қатысты. Сондай-ақ, ІІІ жасөспірімдер Олимпиадасында жас спортшылар намысты қолдан бермеді. 

Д.Тен: қаралы шілде

Нақтырақ айтсақ, Пхенчхан-2018-де могулшы Юлия Галышева Олимпиаданың қола медалін жеңіп алды. Жүлдегерге Үкімет 75 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берді. Бұл додада фристайлдың могул түрінен фаворит саналған Дмитрий Рейхард жүлдесіз қалды. Осымен төртінші Олимпиадасына қатысқан шаңғышы Алексей Полтораниннің де жолы болмады. Ал қысқы Паралимпиада ойындарында шаңғышы Александр Колядин алтын медальға ие болып,  оған 250 мың АҚШ доллары табыс етілді. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Пхенчхан Олимпиадасында еркін бағдарламаға өте алмады. Себебі спортшыны жарақаты мазалап жүрген еді. Ол 9 маусымда Астанада "Денис және оның достары" дәстүрлі шоуын өткізді. Бұл Денистің соңғы шоуы еді. 2018 жылдың 19 шілдесінде қазақстандықтар қапыда Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннен айырылып қалды. 25 жасында спортшы автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. 

Головкин – Канело: Бәсеке әлде бизнес

Жыл бойы кәсіпқой боксшылар Г.Головкин мен С. Альварес туралы түрлі тақырыптағы ақпарат БАҚ бетінен түспеді. Геннадий Головкин үшін бұл жыл оңай болмады. 2018 жылы 5 мамырға жоспарланған Головкин мен Канело арасындағы реванш өтпеді. Сауль "Канело" Альварестің допинг сынамасынан тыйым салынған препарат табылып, жарты жылға бокстан шеттетілді. Көп күтпей Головкин жаңа қарсылас таңдап, 5 мамыр күні америкалық Ванес Мартиросянмен бокстасты. Головкин екінші раундта қарсыласын нокаутқа түсірді. Сөйтіп қазақстандық бокшсы 38-жеңісіне жетсе, Ванес Мартиросян карьерасындағы 4-жеңілісіне ұшырады. Головкин бұл жекпе-жекте 19-рет WBA титулын, в 17-рет IBO және төртінші рет WBC титулын қорғады. Алғашқы жекпе-жектен кейін араға бір жыл салып Головкин мен Альварес реваншы 15 қыркүйекте өтті. Бұл күні  Головкин төрешілердің шешімімен кәсіпқой бокстағы карьерасында алғаш рет жеңіліске ұшырады. Судьялар шешімі: 115:113, 114:114, 115:113. Үшінші жекпе-жек жөнінде және оның қашан, қай жерде өтетіні туралы әңгіме көп, нақты шешім жоқ. Жалпы бұл боксшылардың айқасы жөнінде сарапшылардың пікірі әрқилы. Солардың арасында екі боксшының кездесуін спорттық бәсеке емес астарында ақша жатқан коммерциялық шоуға балайтындар да бар. Бір анығы екеуі де мол табыс тапты.

Айтжанов кетіп, Кенжебаев келді

Осы арада айта кетелік, Түркістан облысы және Шымкент қаласының боксшылары биыл да Конфедерация кубогын ала алмады. Ақтық сында Маңғыстау облысының боксшыларына жол берді. Дегенмен Қайрат Ералиев, Жайна Шекербекова сынды былғары қолғап шеберлері жылды сәтті аяқтады. Қайрат «Дарын» жастар сыйлығына ие болса, Жайна «Үздік боксшы» атанды. Еліміздің әуесқой боксында жыл соңында бірқатар өзгерістер болды. Қазақстандық бокс федерациясы қауымдастығының ұсынысымен Мәдениет және спорт министрлігінің Денешынықтыру және спорткомитеті құраманың бас бапкері етіп Ғалымбек Кенжебаевты бекітті. Осылайша, 2009 жылдан бері ұлттық құрама команданы жаттықтырып келген Мырзағали Айтжанов қызметінен босатылды. Оның жетекшілігінде боксшыларымыз талай белестерді бағындырды. Мысалы, Лондон қаласында Серік Сәпиев, Рио-де-Жанейрода Данияр Елеусінов Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. 2013 жылы 4 спортшымыз, 2017 жылы 1 боксшымыз Әлем чемпионы болды. Федерацияның бапкерлермен жұмыс жөніндегі вице-президенті Юрий Цхайдың мәлімдеуінше, боксшыларды ірі халықаралық жарыстарға дайындауда методикалық өзгерістер қажет. «Біз бұл шешімді табан астында қабылдаған жоқпыз. Ғалымбек Кенжебаев осы күнге дейін жастар құрамасының бас бапкері болған. Оның жетекшілігінде ұлттық құрама мүшелері  жасөспірімдер арасындағы соңғы 2 Олимпиада ойындарының екеуінде де алтын алды. Азия чемпионаттарында 5 мәрте жалпы командалық есепте бірінші орын иеленді. Сондай-ақ, 2014 жылғы Әлем біріншілігінде үздік команда атанды. 1998 - 2005 жылдар аралығында Геннадий Головкиннің жеке жаттықтырушысы болған. Бапкерлік еңбек өтілі 35 жыл. Сол себепті де біз тізгінді Ғалымбекке сеніп тапсырып отырмыз", - деді Ю.Цхай кадрлық өзгеріске қатысты.

Джакартада 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өткен жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 76 медальмен оралды, оның 15 – алтын, 17 – күміс және 44 – қола. Жалпы есепте 9-орыннан көрінген Қазақстан құрамасы сапында алғашқы "алтынды" семсерлесуден Дмитрий Алексанин әкелді. Ол финалда Рио Олимпиадасының чемпионы Пак Сан Енаны жеңді. Үкімет Азия ойындарында спортшыларға алтын медаль үшін – 10 мың АҚШ долларын, күміс – бес мың, ал қола үшін – үш мың доллар табыс етті. Ал жазғы Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 33 медальмен жалпы есепте 13-орыннан көрінді, спорттың алты түрінен 5 алтын, 15 күміс, 13 қола жеңіп алды.

Токиода топ жарғысы келеді

Ел назарындағы тағы бір жәйт ауыр атлетикаға қатысты еді. Сынамасынан тыйым салынған заттар табылған соң екі жылға жарыстардан шеттетілген Илья Ильиннің 2018 жылдың 10 маусымында жаза мерзімі аяқталған болатын. Алғашында спортқа оралатынын, Токио Олимпиадасына қатысып, топ жаруды қалайтынын айтқан спортшы  Талдықорғанда өткен ауыр атлетикадан ел біріншілігінде "алтын" алып,  әлем чемпионатына қатысатын болды. Алайда жарысқа аз уақыт қалғанда жарақаты барын айтып, чемпионатқа спортшы емес, бапкер ретінде баратынын мәлімдеді.

Буэнос-Айресте 6-18 қазанда өткен жасөспірімдер Олимпиадасына Қазақстаннан спорттың 23 түрінен 58 спортшы қатысты. Жалпы есепте 10 медаль (алтын– 4, күміс– 3, қола– 3) алған Қазақстан құрамасы 14-орыннан көрінді. Сондай-ақ, Роза Абитова көркем гимнастикадан халықаралық аралас команда сапында өнер көрсетіп, күміс медальға ие болды. Дзюдошы Бекарыс Сәдуақас халықаралық аралас сында «Лондон» командасымен бірге қола медаль алды. 

Жанкүйері көп футболшыларымыз бұл жылы көпшілікті қуанта алмады. Ұлттық құрама іріктеу ойындарын сәтсіз бастап, топтан шыға алмады. Бірақ бір көңіл жұбанарлығы құрама сапында қазақтың дарынды жастары өз мықтылығын дәлелдеуге мүмкіндік алды. Ал құрамында легионерлері басым, қаржылық жағдайы өзге командалардан анағұрлым жақсы «Астана» футбол клубы ел біріншілігінің чемпионы атанғанымен, жылды сәтсіз аяқтады. Европа лигасының келесі кезеңіне өте алмады.

Үздік спорттық аймақ

Шымкенттік спортшылар үшін бұл жыл табысты болды. Ұлттық спорт жүлдесінде қос бірдей аталымда жеңіске жетуі соның бір дәлелі. Алдымен Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Үздік спорттық аймақ» номинациясында оқ бойы озып шықты. Үшінші мегаполис тұрғындары белсенді дауыс беріп, Шымкент конкурстың үшінші күнінде басқа өңірлерден 10 мың дауысқа озып кетсе, соңында 100 мың дауыс артық жинап, жеңіске жетті. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Жылдың үздік спорттық аймақ» жүлдесін Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевқа табыс етті. Айта кетелік, 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы спорт саласында «Үздік өңір» атанған болатын. Ол кезде облыстық денешынықтыру және спорт басқармасын осы Әлібек Нұртаев басқаратын. 

Әлия – үздік бапкер

Шымкенттіктердің мерейі үстем болған тағы бір номинация – «Жазғы спорт түрлерінен үздік бапкер» аталымы. Бұл жүлдені көркем гимнастикадан Қазақстанның ұлттық құрамасының бас бапкері және Шымкент қалалық спорт мектебінің директоры Әлия Юсупова жеңіп алды. Шымкенттік көркем гимнастшылар биылғы спорттық жылдарын табысты аяқтады. Джакартада өткен байрақты сайыста Қазақстан құрамасының намысын қорғаған шымкенттік Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова құрлық чемпионы атанды. Үш алтын медаль ұтып алған қыздардың барлығы Шымкенттегі көркем гимнастика мектебінің шәкірттері болатын. Осы арада айта кетелік, көркем гинастикадан Шымкент қалалық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әлия Юсупова Тәуелсіздік күні қарсаңында «Парасат» орденімен марапатталды.

Айта берсек ел есінде қалған спорттық жеңістер мен сәтсіздіктер жетерлік. Мысалы, көкпаршыларымыздың қырғыз елінде спорттық емес «саяси» қателік жібергені туралы әңгімеден кемінде Азия жұрты хабардар болды. Осы бір жәйттің де септігі тиген болар республикалық «Көкпар» федерациясының президенті болып Мұхтархан Ділдабеков тағайындалды. Тағайындау демекші, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының жарты жылға жуық  басшысыз жұмыс істеп келе жатқанын да жылдың елеулі оқиғасына жатқызуға болар.

"Рейтинг" газеті


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Канело: «Мен Головкинді тағы жеңемін. Тіпті нокаутқа түсіремін»
  • Головкин: «Макгрегор боксқа келсе, мен үшін үлкен сыйлық»
  • Әлем чемпионатында Ольга Рыпакова 13-ші орынды иеленді
  • Бақтияр Артаев: «Деревянченко алтыншы раундта ұтылмаса, жетінші раундта Генаға қиын болады»
  • Жанбота Алдабергенова: «8 наурызда адасып кеттік»
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика