Шымкенттік спортшылардың допингке қатысы бар ма?
Газетіміздің өткен санында Бейбіт Шүменов пен Габриель Кампильо жекпе-жегінің арты дау-дамайға ұласқанын жазғанбыз. Кәсіпқой боксшының промоутері Шыңғыс Шүменов Кампильоның допинг қабылдағанын айтып, зертханалық тексерудің қорытындысын күтуде екенін жеткізген-ді. Шын мәнінде, спорттағы допингтің ролі орасан зор екені анық.
Әсілі, шахматтан басқа допингтің ізі байқалмаған спорт түрі жоқ-ау, сірә. Әдетте допингті адам сенгісіз салмақ көтеретін ауыр атлеттер немесе қашықтыққа жүгіретін, биікке секіретін жеңіл атлеттер, сондай-ақ, велошабандоздар қабылдайды деген ұғым бар. Ол рас. Дегенмен, әр спорт түріне арналған допинг бар. Бір қызығы, допинг міндетті түрде спортшыға қуат беруі шарт емес. Айталық, көркем гимнастикада қыздардың салмағы артып кетпесі үшін арнайы дәрі-дәрмек қабылдайды. Алайда, оған тыйым салынған. Допингті допинг ететін жалғыз-ақ нәрсе – оған ресми түрде тыйым салынуы тиіс. Спортшыға қосымша күш-қуат беріп, төзімілігін арттыратын дәрі-дәрмектерге қарсы күресу мақсатында арнайы дүниежүзілік ұйым құрылған. Бұл ұйымның өкілдері қарапайым өмірдегі салықшыларды елестетеді. Кез-келген уақытта сау ете қалып, кез-келген спортшыны тексеруге шексіз құқық берілген.
Сондықтан, спортшыға қосымша күш беретін дәрі-дәрмектерге тыйым салынғанына қарамастан, апта сайын әлемдік спортта допингке қатысты даулы мәселелер көтеріледі де тұрады. Өкінішке қарай, арасында еліміздің намысын қорғап жүрген азаматтар да бар. Олар кімдер?
Допинг жайлы әңгіме қозғалғанда ең әуелі Александр Винокуровтың есімі айтылатыны жасырын емес. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең таңдаулы велошабандоз осыдан екі жыл бұрын Тур де Франс көпкүндігінің барысында допинг-тестілеуден өте алмады. Винокуровтың қанын тексерген мамандар қазақстандық спортшының гемотрансфузия жасағанын мәлімдеп, осының салдарынан тек Винокуров емес, сонымен қатар бүкіл команда жарыстан шығуға мәжбүр болды. Гемотрансфузия адамның ағзасына өзге донордың қанын құюды білдіреді. Осыдан соң спортшының бойында алабөтен қуат пайда болып, шыдамдылығы еселеп арта түсетінін медицинаның дәлелдегені қашан. Винокуров өзінің ешқандай кінәсі жоқ екенін дәлелдеуге тырысып баққанымен, оң нәтиже шыққан жоқ.
Отандық спорт жанкүйерлеріне етене таныс тағы бір есім – Дмитрий Гааг. Сидней олимпиадасының алдында спорт сарапшылары бір ауыздан «Сидней олимпиадасын алтын жүлдемен оралатын екі спортшы болса, соның бірі Гааг» деген болжамдар айтып жүрді. Олай деуге толық негіз бар еді. Гааг 1999 жылғы әлем чемпионатында топ жарып, олимпиада алтынынан бірден-бір үміткер екенін дүйім жұртқа жар салды. Алайда, 1999 жылы әлем чемпионы атанып, шетелдіктерді таңқалдырған Дмитрий Олимпиада ойындарында жүлдегерлердің қатарына іліге алмай, енді бізді таңқалдырды. Афины ойындарында да спортшының жолы болмады. Ал былтыр күзде Гаагтың қанының құрамында тыйым салынған эритропоэтин дәрісі табылды. Бұл препарат эритроциттердің көбеюіне әсер етіп, осының арқасында спортшының төзімділігі мен шыдамдылығы еселей түсетіні мәлім. Қазақстандық үшсайысшы екі жылға дейін барлық жарыстарға қатысу құқығынан айырылды.
Сидней олимпиадасының қаһармандарының бірі, елімізге алтын медаль сыйлаған Ольга Шишигина да кезінде допингтің қармағына ілікті. Сонау 1996-98 жылдар аралығындағы кезеңді Шишигинаның өзі де еске алғысы келмейді. «Атлеттің қанынан станозолол атты допинг дәріні таптық» деп жария салған шетелдіктер болашақ олимпиада чемпионын екі жылға спорттан шеттетіп тастады. Алайда, кедергілермен жүгіруден алдына жан салмайтын Шишигина бұл кедергіні де аттап өтіп, ұзақ үзілістен кейін спортқа оралды. Жай оралып қана қоймай, Сиднейде алтыннан алқа тақты.
Шымкенттік спортшылардың допингке қатысы бар ма?
Бұл сұраққа біржақты жауап беруге болар еді. Себебі, бокс, күрес, футбол, волейбол секілді спорт түрлері допингті қажет етпейді. Жеңіл атлетикада допинг қабылдайды-ау дейтіндей маңдайалды жұлдыздарымыз жоқ. Оның үстіне, облысымызда да, елімізде де спортшыларды допинг-тестілеуден өткізетін жөнді зертхана жоқтың қасы. Алайда, бір қарын майды шіріткен «құмалақтар» табылды. Әңгіме ауыр атлетика мен велоспорт жайлы.
Допинг мәселесі әсіресе ауыр атлетикада жиі айтылатын тақырып. Үлкен салмақтарды көтеруге жан тәнімен ұмтылған зілтеміршілер көп жағдайда тыйым салынған дәрі-дәрмектерді қабылдаудан да тайынбайды. Допингке қатысты дау-дамайға кезінде шымкенттік ауыр атлеттер де қатысы болды. 2006 жылғы әлем чемпионатының қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасы допингпен ұсталды деген шұғыл ақпарат тарады. Айта кетерлігі, допинг текстілеуден Қазақстанмен қатар Иран мен Ресей құрама командалары да өте алмады. Тыйым салынған препараттарды қолданған атлеттердің арасында шымкенттік үш спортшы - Сергей Истомин, Вячеслав Ершов және Александра Аборневаның есімдері аталды. Алғашында екеуі де халықаралық жарыстардан екі жылға шеттетілгені хабарланды. Алайда, кейін еліміздің ауыр атлетика федерациясы 250 мың доллар көлемінде айыппұл төлеумен құтылып, жерлестеріміз Азия чемпионаты мен олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алды.
Осы ретте Түркияның белгілі жаттықтырушы Энвер Түркелери жайлы айтып өтпеске болмайды. Біздің ұлттық құрамамен жұмыс істеуге келісімін берген Түркелеридің есімін жұртшылық Олимпиада ойындарындағы Илья Ильиннің жеңісімен тығыз байланыстырады. Ол рас. Энвер келгелі қазақстандық ауыр атлеттердің жетістіктері күрт өсіп шыға келді. Оның себебі ретінде түркиялық маманның дайындық жүргізу жүйесі жиі аталады. Дегенмен, кейбір сарапшылар мынаны байқапты: 1991-2005 жылдар аралығында соңғы үш жылда қазақстандық бес ауыр атлет қана допингпен ұсталса, соңғы бірнеше жылда, яғни, Түркелери келген соң бірден 8 спортшының тыйым салынған дәрмекті пайдаланғаны анықталды.
Енді велоспортқа ойыссақ. Отандық велоспорт тарихында ең танымал екі спортшы кім десе, әуелі Винокуров, одан соң Андрей Кашечкиннің есімі аталады. Ал Кашечкин – шымкенттік спорт мектебінің түлегі екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Кашечкин бала кезінен Шымкент-Ташкент тас жолында күнделікті жаттығу арқылы әлемдік деңгейдегі спортшыға айналды. Алайда, 2006 жылғы Тур де Франс көпкүндігінен соң Кэш (жанкүйерлер Андрейді осылай еркелетіп атайды) гемотрансфузияға жүгінді деген мәлімет әлемдік ақпарат құралдарын шарлап кетті. Содан бері Кашечкин үлкен спортқа жолаған жоқ. Екі жылдық дисквалификацияның мерзімі жуырда ғана аяқталғанымен, Кашечкиннің тағдырына алаңдаушылар көп.
Облысымыздағы спорт саласының отымен кіріп, күлімен шығатын азаматтармен тілдескенімізде,
Допингке қатысты аса ауыр салмақтағы боксшы Досжан Оспановтың есіміне де қатысты күмәнді әңгіме айтылда. Рүстем Іргебаевқа бірден-бір бәсекелес саналған еліміздің екі дүркін чемпионын допингті қабылдаған деген желеумен республикалық бокс федерациясы ұлттық құрамадан шығарып тастады. Сөйте тұра, бұл айыптауды растайтын бірде-бір құжат берілген жоқ. Мамандардың айтуыцнша, бұл ауйыптау шымкенттік былғары қолғап шеберін ұлттық құрамадан шығаруға сылтау ретінде пайдалану үшін айтылды. Қалай дегенмен, Оспанов үлкен спорттан кетпегенімен, күмәнді жағдайдан соң еліміздің бас командасынан шеттетілді.
Қазақстандағы допинг бақылаудың маңызы әлі төмен екенін ескерсек, шектеу қойылған дәрі-дәрмектерге қатысты даулы мәселелер болашақта да туындай беретіні анық.
"Рейтинг" газеті, 2009 ж