Нұржан Сманов: «Екі тісімнің сынғаны бокстан кетіре алмады»

Oinet.kz 05-04-2009 1743

Нуржан Сманов.jpg

Нұржан Сманов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы:

Үйде бес перзентпіз, мен ортаншысымын. Жақсы оқуға үгіттейтін аға-әпкем де, өзім жөн сілтейтін іні-қарындасым да бар. Сол себепті болар, үлкен-кішімен тез тіл табысып кететінмін. Үй тірлігінің ешқайсысынан қашқан емеспін. 3-4 жасымнан бастап пол да, ыдыс-аяқ та жуыппын. Кішкентайымда басым үлкен, мұрным пұшық, құлағым қалқиыңқыраған болса да, томпақ, сүйкімді болсам керек. Мені барлығы жақсы көреді екен. «Мені пұшық дейді» деп балабақшадан үйге жылап келетін кездерім аз болмапты. 

Өзім Сарыағаш ауданының Абай бөлімшесінде туылғаныммен, әкемнің қызмет барысымен 8 жыл Шардара қаласында тұрдық. Жазғы каникулда ауылға, ата-апамның қолына барамын. Ауылда жұмыс көп. Мал бағамыз, шөп жинаймыз. Қара жұмыстан қайтқан емеспін. Содан болар, күшім қатарластарымнан көптеу болды.  Спортқа да жаным жақын болып өстім. Футбол, волейбол дегендерді жақсы ойнайтынмын. Төбелеске де тәуірмін. Ешкімнен таяқ жеп көрмегенмін. Бір күні ағам ауылдың балаларымен жұдырықтастырды. Бокс қолғабын өмірімде киіп көрген емеспін. Қарсыластарымның менен 2-3 жас үлкендігі болса да төбелесте жеңіліп қалатын. Бокс қолғабымен де жеңетініме сенімдімін. Бокс басталды. Қолымды қазақшалап сермеп қалсам, діттеген жерге дарымай, қайта оның жұдырығы ашық қалған бетіме дөп тиеді. Қалай ұрсам да болатын емес. Намыстанып кетсем керек, жылап жібердім. Қолғапты шешіп, жалаңаш жұдырықпен төбелесіп кетпекшімін. Ағам тоқтатып қойып, содан кейін бокс әліппесін үйрете бастады. Ағамның спорттан хабары бар болатын. Сол кезден бастап, ауылдың өзім қатарлас барлық балдармен жұдырықтасып, бокс  тәсілдерін біршама үйреніп алдым. Бокстағы алғашқы жемісті осылайша ауылда жүргенде-ақ көре бастадым. 

Кейбір жылдары жазғы каникулда Шардарадағы лагерьге баратынмын. Бір күні лагерь сахнасының жанынан өтіп бара жатсам, үлкендеу жігіттер бокстасып жатыр екен. Қызығушылықпен бардым да «мен де бокстасайыншы» дедім. Біраз қарсыластарымнан басым түсіп, беделім арта түсті. Содан бастап суға, тамаққа деген жеңілдіктер жасалатын болды. 

1982 жылы Шымкентке көшіп келдік. 4-сыныпта оқимын. Шардараға қарағанда мұнда спортпен шұғылдануға мүмкіншілік мол. Спорттың әр түріне бір барып жүрдім. 6-сыныпта жүргенде боксқа келдім. Теледидардан көрген қызықты бокстар мені спорттың осы түріне деген қызығушылығымды арттырды. Алайда, бұл жолы 4-5 ай ғана қатысып, кетіп қалдым. Боксқа 1985 жылдың соңында  қайта келдім. 

«Буревестник» спорт кешенінен Файзуллин деген бапкерді көріп қалдым. Ол біздің мектепке практикант болып келіп тұратын. Содан танимын. Сол кісіге боксқа қатысқым келетінін айттым. Біраз шәкірттерді жаттықтырып жүр. Мен де қатысатын болдым.

Әр жұма сайын жаттығушыларды «спарингке» шығарады. Алғашқы кездері мені бірінші раундтан кейін тоқтатып қойып жүрді. Неге екенін түсінбеймін. Шамамен бір айдан кейін жекпе-жекке шешен жігітімен шығарды. Жаттығу кезінде байқайтынмын, әдіс-тәсілдерді жақсы меңгерген секілді. Бірақ, сескенген жоқпын. Бұрынғыдай бір раунд түсемін, быт-шытын шығарамын деп ойладым. Бұл жолы үш раунд түстім. Бір-бірімізді жақсылап ұрдық. Дегемен, мен басым түстім. Кейін байқап қалдым, ол өксіп жылап отыр. Бапкеріміз «жігітсің ғой, жылама» деп жұбатып қояды. Сөйтсем, кеше ғана келген баладан жеңіліп қалдым деп, намыстанған екен. Жаттыққан екі жылында бірталай жеңіске де жетіп үлгеріпті. Ертеңіне сол жігіт қолына қолғап киіп, «жүр екеуміз қайтадан бокстасайық» дейді. Қайта шықтық. Бір-бірімізді аямай соққыладық. Кейін екеуміз достасып кеттік. Боксқа желтоқсанда келсем, келесі жылдың наурыз айында бірінші жарысқа қатысып, қалалық біріншілікте чемпион атандым. Бокстағы бірінші жеңісім осылай басталған. 

8-сыныпта оқып жүргенімде жаттығудан шығып келе жатсам, бір жолдасым жылап отыр. Қасында 10-сыныптың бірнеше жігіттері тұр. Солар тиісіпті. «Жігіттер не болды, қойсаңдаршы» десем, өзіме әкіреңдей бастады. Төбелесіп кеттік. Олар көп, өзге бөлмеге шығып кеттім. Артымнан келіп, тағы ерегестік. Ойламаған жерден біреуі аузыма баспен ұрды да кетіп қалды. Алдыңғы екі тісім қисайып қалды. Сол кезде бірінші ойға келгені «тісім сынса, енді қайтіп бокстасамын» болды. Бірден дәрігерге бардым. Жұламыз деді. «Қалдыруға болмайды ма» десем, басын шайқайды. Содан екі тісімді жұлды. Орнына плстмас тіс салдырттым. Екі тісті салу үшін жанындағы екі тісті де сыртынан қаптап, төрт тіс салады екен. Бокстасып жүрген маған бір пластмас тісім 3-4 айға ғана жетеді. Қолғап тисе болды, тісім босап қалады. Бірақ, боксты тастамадым. 

1987 жылы «Еңбек резервтері» спорт қоғамының жасөспірімдер арасындағы  Бүкілодақтық біріншілікте чемпион атанып, алтын медальға ие болдым. Осы жарысқа бапкерсіз өзім бардым. Алдымнан талай әділетсіздіктер шықты. Таза ұтқан қарсыластарыма жеңісті алып бермек болған айлалары сәтсіз болды. Өзім де жеңіс менікі деп тұрып алдым. Шектен шыққан сәттерде қарсыласымның бапкеріне «шәкіртіңізді өлтіріп тастаймын» деп айтқан кездерім де болды. Бұйырған кеспес, жүгірген жетпес деген осы шығар. 

15 жастағы бұл жеңісім, яғни КСРО чемпионы болу кез-келген боксшының маңдайына жазыла бермейтін үлкен жетістік. Жарысқа киіп барған спорттық киімдерімнің ешқайсысы да өзімдікі емес болатын. Сол жеңістен кейін жолдастарымның біреуі майкамды, біреуі аяқ киімімді сұрап қоймағасын, түгелдей таратып жіберіппін. 

15 жасымда КСРО, 16 жасымда халықаралық дәрежедегі, ал 23 жасымда «Еңбегі сіңген» спорт шебері атандым. КСРО біріншілігіне 5 рет жолдама алсам, соның төртеуінде чемпион атадым. Бір рет күміс жүлде алдым. Ойлап отырсам, осы жетістіктерге тек қана ерінбей еткен еңбегімнің арқасында жетіппін. 

Кейбіреулер «Нұржанның жолы ауыр екен» деп жатады. Мен олай ойламаймын. Түрлі жарыстардан 52 медаль алып қайтсам, оның 35-і алтын, 9-ы күміс, қалғаны қола. Мен бағындыра алмаған екі-ақ шың болса, оның бірі әлем чемпионы да, екіншісі олимпиада жүлдесі.

Дайындаған Шадияр Мекенбайұлы

Есімі – Жайна, лақап аты - «Тайсон»
Шадияр Қондыбаев: «Таэквондо демеушілердің арқасында дамып жатыр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу