Шадияр Қондыбаев: «Таэквондо демеушілердің арқасында дамып жатыр»

Oinet.kz 09-05-2009 1685

Screenshot_3.jpg

Шадияр Қондыбаев, таэквондо федерациясының вице-президенті, олимпиада ізбасарларын даярлайтын спорт мектебінің директоры:

Такэвондо – Корея түбегінде өмірге келген жекпе-жектің бір түрі. Көп жылдар бойы каратэмен бәсекелесіп келген таэквондо соңғы 10 жылда дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. 2000 жылы  таэквондо тұңғыш рет олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына қосылды. 

Еліміздегі таэквондоның тарихында Оңтүстік Қазақстан облысының алар орны ерекше. Әлем және Азия чемпионатының алғашқы медальдарын да, тұңғыш олимпиадалық лицензияны шымкенттіктер жеңіп алды. Оңтүстікке таэквондо қалай келіп, қайтіп дамуға бет бұрды? Оның басы-қасында кім жүр? Осы жайлы олимпиада  ізбасарларын даярлайтын облыстық спорт мектебінің директоры, республикалық таэквондо федерациясының вице-президенті Шадияр Қондыбаевты әңгімеге тарттық. 

  - Әңгімені таэквондоның оңтүстікте тұсауы қиылған кезіндегі тарихынан бастасақ.

- Бұл спорт түрін елімізде насихаттауды кезінде  Мұстафа Өзтүріктің өзі қолға алған. Әсіресе, Шымкент қаласында  таэквондоға деген қызғушылық жоғары болды. 1992 жылы облыстық таэквондо федерациясын құрып, тұңғыш президенті болып  сайландым. Жаңа спорт түрінің дамуына Мұрат Жұрынов, Қуаныш Төлеметов, Манап Өтебаев секілді азаматтар қолдау көрсетіп, қолынан келген жәрдемдерін  аямады. Таэквондодан Қазақстанның  ең алғашқы чемпионаты 1993 жылы  Шымкентте өтуі де көп жайды аңғартады. Манап Өтебаев басқаратын экономика және құқық  колледжінде дене шынықтыру сабағының орнына таэквондо енгізілді. Осылайша шығыс жекпе-жегі жастар арасында барынша танылуына жағдай жасалды. 1998 жылы бастапқы нәтижеге де қол жеткіздік. Жастар арасындағы әлем чемпионатынан Әділхан Сағындықов олжалы  оралды. Бір жылдан соң ересектер арасындағы әлем біріншілігінен де жүлдегер атанды. Мұндай аз уақыттың ішінде әлемдік  деңгейдегі табысқа жету ондаған жылдар бойы дамып келе жатқан спорт түрлерінен де шыққан жоқ.

- Сіздің тәлім терген шәкіртіңіз Әділхан Сағындықов олимпиадаға да қатысты. 

 -Жалпы, Әділханның Қазақстан спортының тарихында алар орны ерекше.   Оның әлемдік, халықаралық байрақты бәсекелердегі толағай табыстарынан бөлек тағы бір үлкен жетістігі – қазақ таэквондошыларының арасында олимпиадалық лицензияны алғаш рет жеңіп алуы. Афиныда 5-ші орын иеленді. Сол жылдары Әділханнан басқа да талантты таэквондошылар болды. Мәселен, Қайрат Дүйсенов, Асқар  Абыласанов Әділханмен қатарлас шеберлер. Ол кезде мемлекет тарапынан спортқа берілетін ақша тым аз. Біз көбіне  демеушілердің арқасында  дамып, жетістіктерге жеттік. Мысалға, АҚШ-та өткен әлем чемпионатына екі адам апарғанбыз. Қазақстан чемпионатында 8 салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынса, соның төртеуінде  алтын медальдарды шымкенттік таэквондошылар жеңіп алады. Ал, енді, сол жеңімпаз төрт спортшыны Азия, Әлем чемпионаттарына жіберейін десек, қаражат тапшылығына тап боламыз. 

- Бейжің олимпиадасынан жүлдемен оралған таэквондошы Алмас Шілманов Атырау облысының өкілі. Сондай-ақ, тағы бір атыраулық қыз олимпиадалық лицензияны жеңіп алды. Сонда қалай? Бірінші орын уыстан шығып кеткені ме? 

- Атыраулықтарға таэквондоны біз үйреттік. Сонау 90-шы жылдары оларға семинар өткізіп, белбеу таққанбыз. Мына жайтты ескеру керек. Оңтүстік Қазақстанда спорт  түрлері өте көп. Таэквондо – солардың бірі ғана ретінде қаралады. Ал, Атырауда негізінен бокс, футбол мен таэквондоға көп көңіл бөлінеді. Қалған спорт түрлері кенже дамыған деп айтсам жаңылмаймын. Әлбетте, бұл таэквондоның дамуына тікелей әсерін тигізеді. Ол жақта облыстық федерацияны қалталы азаматтар басқарады. Спортшыларға барлық жағдай жасап  бергендіктен, тиісті нәтижелер де бар. Бір ғана мысал: атыраулық демеушілер лицензия үшін күресіп, бірақ сәтсіздікке ұшыраған спортшыға  да темір тұлпар мінгізді. Бұны мен қызғанып емес, қызыға, сүйсіне айтып отырмын. Осындай деңгейде қолдау көрсетілген соң спортшының жеңіске деген құлшынысы арта түсетіні айтпаса да түсінікті. 

- Шымкенттік кәсіпкерлер таэквондошыларға қаншалықты қамқорлық танытып жүр?

 - Облыстық таэквондо федерациясының президенті етіп Садық Ергешбек деген кәсіпкерді сайладық. Екі жылдың ішінде көп көмек көрсетті. Жарысқа апаруға жетпей жатқан қаржыны сол береді. Бізде жеңіп алған атақтары көп болғанымен, әлеуметтік жағдайлары қиын спортшылар бар. Мәселен, Қазақстанның екі дүркін чемпионы, Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері бар. Оның тұрмыстық жағдайы нашар. Тұрып жатқан ескі үйін жөндеуге ақшасы болмай жүрді. Облыстық федерацияның басшылығы ақылдаса келіп, соған ақшалай жәрдем беру туралы шешім шығарды. Бірнеше таэквондошыға жеке кәсіпкерлер ай сайын стипендия төлеп отырады. 

- Естуімізше, Әділхан Сағындықовтың спорттан ерте кеткеніне әлеуметтік жағдайы әсер еткенге ұқсайды. 

- Әділхан 25 жасында   Афины олимпиадасында бесінші орын жеңіп алды. Мен 31 жасымда Ресей чемпионы атандым. Алайда, Әділхан спорттық карьерасын аяқтауды жөн санады. Сол кезде «мұның бекер болды. Бейжің олимпиадасында 29-ға келесің. Демек, жүлдеге қол жеткізуіңе толық мүмкіндік бар. Оған дейін тәжірибе жинақтайсың» деп үгіттедім. Бірақ, оны да түсінуге болады. Жұмыс істеп, отбасына көмектескісі келді. Егер сол кезде оған ай сайын әжептеуір көлемде стпиендия төленгенде спорттан кетпес те еді. Ештеңеге алаңдамай,  дайындықпен шұғылданатын еді. 

- Қазір ол қайда?

- Әділхан туризм және спорт министрлігінде таэквондодан мемлекеттік жаттықтырушы  болып жұмыс істейді. 

- Таэквондодан әлемде кәрістер мықты саналатыны онсыз да белгілі. 

- Кәрістер үшін таэквондо біздің қазақша күреспен бірдей. Қазақша күресті бізден артық кім біледі? Сол сияқты, таэквондо бойынша Оңтүстік Кореяның чемпионы атану - әлем чемпионы атағымен пара-пар жетістік. Жыл сайын  осы елдің ашық біріншілігіне дүние жүзіндегі  90-ға жуық елдің өкілдері қатысады. Бірінші айналымда шетелдік таэквондошылар бір бөлек, кәрістер бір бөлек бақ сынасады. Екінші айналымда іріктеуден өткендер кәрістермен жекпе-жек өткізеді.  Былайша айтқанда, әлемдік біріншілік дегеніміз-Оңтүстік Корея матчы сияқты. Бұл заңды, себебі, Кореяның таэквондо саласында бәсекелестік өте жоғары. Мыңдаған клубтар жұмыс істейді. Мұсылман елдерінің арасында  таэквондо бойынша Иран мықты. Бұл мемлекетте  таэквондо біздегі футбол сияқты. Суперлига, бірінші мен екінші лигада  клубтары бар. Яғни, іріктеу жұмысы өте жоғары деңгейде жүргізіледі.  Мемлекет бойынша бұл спорт түрімен бес миллионға жуық адам шұғылданады екен.  

- Ал бізде  ше?

- Облыс бойынша 3 мыңнан астам  таэквондо секцияларына қатысады. Бұл жақсы көрсеткіш. 

- Жалпы, елімізді таэквондоның дамуы көңіліңізден шыға ма?  

- Айналып келгенде барлығы қаржыға тіреледі. Дағдарысқа байланысты облыстың спорт саласына бөлінген 272 миллион теңгеге қысқаратын болды. Енді бірінші кезекте спортшыларымызды халықаралық жарыстарға апаруға бөлінген қаржы күрт кемиді. Мұндайда шәкірттерімізден қандай нәтиже күтуге болады? Залдан шықпай жаттыға бергеннен түк шықпайды. Басқа елдің спортшыларымен жекпе-жекке шығып, тәжірибе жинақтаудың маңызы өте жоғары. Әсіресе, психологиялық дайындық тұрғысынан келгенде. 

- Кез-келген спорт түрінің дамуы ең әуелі басшының іскерлігіне байланысты. Мәселен, Қазақстан бокс федерациясын белгілі миллиардер Тимур Құлыбаев басқарса, футбол федерациясын ықпалды саясаткер Әділбек Жақсыбеков өз қанатының астына алды. Сондай-ақ, қорғаныс министрі әрі велоспорт федерациясының президенті  Даниал Ахметов еліміздегі велоспортты дамытуға барынша атсалысуда.  Бәлкім, таэквондоға да танымал, ықпалды шенеунік керек шығар? 

- Біраз жылдан бері республикалық  таэквондо федерациясын Шамсат Исабеков басқарады. Бұған дейін Сенат депутаты болып жұмыс істеген азамат. Таэквондо жанашырларының бірі. Бұрын федерацияны қазіргі премьер-министр Кәрім Мәсімов те басқарған.Жалпы, біз қазір боксшыларға қызығып қараймыз. Бізге де осындай президент келсе екен деп армандайтынымызды жасырмаймын. Жуырда Шамсат Исабековпен сөйлескенімде, таэквондо федерациясына жаңа басшы, қалталы азамат келгелі жатыр дегенді айтты. Кім екені әлі белгісіз. 

- Таэквондода әділетсіздіктер жиі кездесе ме?

- Кездесіп жатады. Бұл тұрғыдан келгенде басты кемшілігіміз – Қазақстанда халықаралық дәрежедегі бірде-бір төреші жоқ. Бұл түрлі додаларда кері әсерін тигізбей қоймайды. 

- Лондон олимпиадасында шымкенттік таэквондошыларға үміт арта аламыз ба?

- Әрине. Қазір халықаралық ірі додаларда жоғары жетістікке ие болған шәкірттеріміз аз емес. Мәселен, Голландияның ашық чемпионатында Ринат Құралбаев деген таэквондошымыз екінші орын алып келді. Өзге де бірқатар спортшыларға үміт артамыз. 

-Үкілі үміт ақталған мерейлі күндерде жолығайық. Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Ғалымжан Қамытбекұлы

Нұржан Сманов: «Екі тісімнің сынғаны бокстан кетіре алмады»
Сейітбек Құлбаев: «Чемпиондар ауылдан шығады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу