Мұртаза Бұлұтай: «Димаш керемет ән айтады деп елімізде қандай проблемалар шешіледі?»

Oinet.kz 24-03-2017 5277

0ADF9C72-3DFE-4DD2-B205-1A1A62E2EB1E_mw800_s.jpg

«Димаш – қазіргі қазақ шоу-бизнесінің революционері», «Димаш аспан астын бағындырды», «2 миллиард қытайды аузына қаратты», «Қазақ баласы музыка өнерінің шыңына шықты».  

Иә, дәл қазір Казнетте осындай тақырыптардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қайда қашсаңыз, қайда тығылсаңыз да, Димаш сізді іздеп табады. Сонымен, Димаш (Дінмұхаммед) кім? Ол – Қанат және Света Айтбаевалардың ұлы. Ол Қытайдағы әйгілі Hunan TV өткізіп жатқан «I Am a singer» байқауына қалай келді? Себебі, бұл байқауға өз елінде өте танымал әншілер және халықаралық дәрежедегі жүлдеге ие болғандар ғана қатыса алады. Ал, Димаш 2015 жылы Витебскте өткен «Славян базары» байқауында Гран-приге ие болды. Міне, сол байқауда ерекше талантымен көзге түскен Димашты байқауды ұйымдастырушылар байқап, өз жобаларына шақырған. Бұл туралы оның менеджері Алпамыс Шаримов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Жалпы, біз Димашқа қатысты барлық жаңалықты тек Алпамыстан ғана біле алады екенбіз. Себебі, байқауға қатысушылар ешқандай журналиспен, жалпы ешкіммен тілдесе алмайды. Байқау туралы ешқандай ақпарат таратуға болмайды екен. Өйткені, олар «I Am a singer» жобасына келгенде, ұйымдастырушылармен заңды түрде келісім-шартқа тұрған. Мұнда осындай көптеген ережелер бар көрінеді. 

Байқау дәл қазіргі жоспар бойынша, бағдарлама сәуір айының 22-не дейін созылады. Бүгінде Димаш 2 кезеңді де бірінші орынмен қорытындылады. Әзірге қарсыластарынан оқ бойы озық тұр. 

Бұл өнер байқауы ма? Әлде саяси байқау ма?

Дегенмен, соңғы кезде бұл жайлы ел ішінде пікір екіге жарыла бастады. Бұған дейін пікір біржақты болатын. Сарыны - «қытай қазақты мойындады» еді. Енді кейбір елге танымал азаматтар бұл байқаудан терең саяси астар іздеуде. Мысалы, осыдан екі жылдай бұрын Қытайда қазақ волейболшысы Сәбина Алтынбекованы байқап, аспан астында бүкіл БАҚ шулап, оны «сұлулық» символына айналдырып жіберді. Осының нәтижесінде Сәбина шебер ойынымен көзге түспесе де жұлдыз болып шыға келді. Міне, сол кезде кей азаматтар бұл жақсылыққа алып келмейді деп қауіптенген еді. «Қытайлар енді жаппай қарагөздерімізге көз тігіп, жай-жай үйленіп алатын болды» деп. Себебі, Сәбинаның фотолары (Бұл жерде Сәбина - жалқы, қазақ қыздары - жалпы) Қытайлық БАҚ-тан түспей қойды. Сол қауіп шындыққа айналды ма, соңғы кездері елімізде қытайлық күйеубала тақырыбы қызып-ақ тұр. Осыған байланысты біздің БАҚ-та «қысық көздер кетсін!» деген бейнесюжеттер, мақалалар көбейіп кетті. 

«Іздегенге – сұраған» дей ме, әлде кездейсоқтық па, қазір біз үшін Қытайдан асқан жақын ел жоқ. Неге? Өйткені, дәл осы сәтте аспан астында «I Am a singer» байқауында қазақ жігіті құлақтан кіріп, бойды алатын даусымен тыңдармандырының ыстық ықыласына бөленуде. Сәбина оқиғасын ескерсек, 2 миллиардқа кетіп бара жатқан Қытай көңілі қалаған адамнан жұлдыз жасап шығара алады. Димашты жұлдыз қылып үлгерді де. Қазір оны тек қытайлар емес, бүкіл қазақ елі жақсы көріп кетті. Қызық, бұған дейін біз Димашқа мүлдем назар аудармаушы едік қой. Бұл қалай? Әрине, Қытай! Олар аһ ұрып таңқалған соң, «бізде осындай керемет әнші бар екен ғой» Димашқа табына бастадық. Байқасаңыздар, Димаш өлең айтқанда Human TV арнасының оператор, режиссерлері ғажап жұмыс істеген. Оператор Димашты ұтымды ракурстан алып, режиссер таңданыстан аузын ашып, көзін жұмып жатқан, жылап жатқан тыңдармандар түскен кадрларды сәтті іріктей білген. Осыдан кейін Қытай халқының қазақ мәдениетіне, тарихына деген қызығушылықтары артып, бізді зерттей бастапты. Халық саны Қазақстаннан 100 еседей көп алпауыт Қытай елінің бізге назары ауғаны қаншалықты жақсы? Әлде жаман ба? Бұл туралы белгілі кісілер не ойлайды? Осыған үңіліп көрелік: 

Зейнулла Кәкімжанов, жеке кәсіпкер:  Егер мұнайға құйылып жатқан инвестицияның 1/1 000 000 бөлігін өнерге, жас таланттарға жұмсасақ, онда біздің Қазақстан Димаш секілді танылар еді. Абыройы асқақтар еді.  

Шындығында, мәселе инвестицияда емес. Мәселе – өзін енді көрсете бастаған таланттарды біз уақтысында мойындаймыз ба? Жағдайын жасап, керегін бере аламыз ба? Көбіне өзгелер біздің таланттарды бізе көрсетіп: «міне, бұл сендердің таланттарың! Біз оны сендерге аштық, енді бағалаңдар» деп жатады. Менде өзгелер секілді Димашты бүкіл Қытай төбелеріне көтерген соң барып (бұған дейін біз бағаламап едік)  мойындадым. 

Біздің елімізде өзін өнерге арнаған, бірақ ескерусіз қалған жандар өте көп. Бізде әлемдік деңгейдегі композиторлар, суретшілер, музыканттар, әншілер бар. Бірақ, көпшілігі әлі өз бағасын алмады. Егер біз оларды білмесек, мойындамасақ, олар өздерін қалай көрсете алады? Амал жоқ, олар Димаш секілді бағын жандырар жұлдызды сәтті күтеді. Бірақ, мұндай сәт көбіне келе бермейді. Сол себепті, біз өз таланттарымызды бағалай алатындай рухани дәрежеге өссек деймін. Өз елімізде оларды неғұрлым көп насихаттай берсек, әлемдік сахнаға шығып, Қазақстанды танытар еді. 

Мұртаза Бұлұтай, дінтанушы: "Қазір не көп әнші көп, биші көп, актер мен актриса көп... Осы Димаш керемет ән айтады деп біздің еліміздегі қандай нақты проблемалар шешіледі? Мысалы, өзіңіздің жеке өміріңізде, айналаңызда... ештеңе де өзгермейді, бұл бір шоу, ұйымдастырушылар да ақымақ емес қой, олардың да бір көздеген мақсаттары бар болар, өте сафділ болмайықшы! Неге жапон, кәріс, ағылшын, неміс әншілер қатыспайды?! Біз қазақты білімділігімізбен, өнімділігімізбен, еңбекшілдігімізбен, жоғары технологиялық өнімдерімізбен, интеллектуалды потенциалымызбен ғана шынайы таныта аламыз. Егер шоу-бизнеспен бір ел танылатын болса Голливудтан да көп фильм шығаратын Үндістан танылар еді, ең бай да дамыған елге айналар еді ғой. Үндістанда 700 млн адамның дәретханасы жоқ, ішетін таза суы жоқ, бірақ әнші де, биші де, кино өнері де соларда...

"Бүкіл әлемді мойындаттық!", "Бүкіл Қытай мойындады", "Аспан асты елі тамсанды!", "Қытайды қорқыттық!", "Қытайларды жеңдік!", әмбесіне осының бәрі қандай бір экономикалық қуат жағынан айтылып жатқан жоқ, болғаны бір әншінің бір тележобада озып шыққаны сияқты уақытша нәрселер ғана...

Өз елінде неше түрлі тосқауылға ұшырап, жолы болмаған қазақтың жас баласының талантын Қытай елі мойындап жатыр, неткен әділетті қытайлар, жақсы халық екен, қазаққа жаны ашитын халық екен ғой, қорқатындай ештеңелері де жоқ екен ғой, осы бекерден бекер үрейленіп жүріппіз қытайлардан т.б. деген пікірлерді оқып жатырмын. Мәселе, Димашта да емес, оның дауысы мен талантында да емес, ол медальдің бізге көрініп тұрған жүзі. Бірақ, мына конкурс арқылы Қазақстан қоғамының, әсіресе қазақтардың Қытай еліне, қытай халқына деген көзқарасы айтарлықтай өзгеріп кетті, политтехнологтардың көздегені де осы болған шығар".

Дегенмен, Казнетте көпшілік Мұртаза Бұлұтаймен мүлдем келіспейтіндерін жеткізуде. Ол жарты әлемге Қазақстанды танытып жатыр. Сондықтан да көре алмаушылықты қою керектігін айтты. Димаш өлең айтпай бірінші орын алып жатса бір сәрі, ол талантымен қытайларды баурап алды дейді. Және тағы бір оқырмандар шоғыры дінтанушының пікіріне қосылуда. Расында осындай құйтырқы тәсілмен «ашық-жарқын» қытайлар біздің елге дендеп енбекші екен. Димаш өлең айтқанда «жылап-сықтағандар» - кәсіби «әртістер» көрінеді. Қытайға қатысты мұндай көптеген болжамдарды әлеуметтік желілерден еш қиындықсыз кездестіре аласыз. Тіпті, кейбіреулері Димашқа «реншітерін» жасыра алмай жатыр: 

«Димаш-ау, нең бар еді! Енді қытай қыздары біздің жігіттерге жабысып бәле болады. «Қытай келіндері қажет емес» деп ұрандатуға тура кеп тұр!»  

2010 жылы «Звонкие голоса Байконура» атты Халықаралық фестивалінің лауреаты

2012 жылы «Жас қанат» атты Республикалық жастар конкурсының Гран-при иегері

2012 жылы «Шығыс базары» атты Халықаралық телеконкурсының эстрадалық әншілер бағыты бойынша лауреаты

2013 жылы «Making Asia» халықаралық жастар фестивалінің жеңімпазы 

2015 жылы «Славян базары» халықаралық эстрадалық әншілер конкурсының Гран-при иегері

2015 жылы Стамбулда Азия-Тынық мұхитының халықаралық «ABU TV song» телефестивалінде тұңғыш рет Қазақстан елінің атынан қатысты

Ринат Зайытов, айтыскер ақын: Бұрын сендей әншілерді көргенде қуанатын едім. Қазір қорқатын болдым. Шаңқылдап ән айтатындар көбейіп кетті.. Біздің эстрада ер дауысты Өмірқұл Айниязовпен бітіп қала мм деп қорқамын. Димаш, негізі шыңғырып өлең айтқан өнер емес. (Қазақстанда ұйымдастырылған бір байқауда айтылған пікірі)

Димаш Құдайбергенов: «Байқауларда ешқашан екінші болып көрмеппін». (Hunan TV арнасына берген сұхбатында)

«I Am a singer» - бұл қытай телесериалы, Мен әншімін жобасының ребрендинг нұсқасы. Бұл эфирге 21 қаңтардан 2017 жылы 22 сәуірге дейін Хунань теледидарынан көрсетіледі. Корейге қатысты брендингке және өнерге тыйым салынғаннан кейін, шоу қайта аталды, әншілер жарысады, сондай-ақ қатысушылар саны екі есе өсті. 

Әрине, Димаш әлі жеңген жоқ. Алда тағы бірнеше кезең бар. Біз Димашқа тек жеңіс тілейміз! Қазақ елінің намысын қорғап, абыройын асқақтата бер!

Мұрағаттан, 2017 ж

Жасың алпысқа келмесін!
Құдайға телефон соққан бала
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу