Бір қызық уақиға
...бір емес ау сол...
Шалыс басқан әр қадамыңды ертең есіңе алып күлесің дегенде сенбей қоюшы едім. Солайы солай екен. Есіме түскенде ішек сілем қатып күлмесем де бір жымиятыным бар. Десе де мұңайтып, кейде ұялтып қояды мені.
Өзім махаббатшыл едім кішкентайымнан. Бұлай деп тұрғаным қыз баласына тән қылық болмаса да, осы бір қылықтың менің бойымнан табыла кеткені. Әлде қызық көрдік немесе шынымда да солай досым екеуіміздің ешкімді жақсы көрмеген күніміз болмаған. Екеуіміз сабақты бітіріп, ысыра бергенде ауызымызға махаббат әуені құйылып, шырқай жөнелетінбіз. Сол кезден қалыптасты ма екен.
Мен оныншы-он бірінші сыныптарды белгілі не белгісіз себептермен нағашы ауылымда оқыдым. Алғаш барғаннан-ақ сезіміме ермек серік керек болды-ау. Бойы менімен шамалас бір жігітке көз салғанмын, өзі сыныптасым. Бойы деп бойынан бастағаным, өзім арықша келген, ұзын бойлы едім, анша-мұншалардың ойы жетсе де, бойы жете қоймайтын маған. Өзімді қатты бағалап жібердім ба екен.
Ауылдың әдеті ғой қаладан қыз келсе тіл ұшына тиеу қылатын. Мен де біразға дейін ауыл ауызынан түспей жүрдім.
Әсілінде көңілді адамдар қатарынанмын. Болмысымды өзгертіп, еліктіргіш етіп көрсетейін дедім бе, әйтеуір, барғаннан ауызыма құм құйылып ләммим демейтінді шығардым. Сөйтсе де сол жігіт бірдемерді айтса маған өте күлкілі болып көрінетін. Өзінің жүрісі де бір қызық. Бітімі ап-арық болса да, аюша қорбаңдай басатын аяқтарын. Бүкірше келген.
Сөзім ауызымда, сыныптағы бір қыздың айтуынша әлгі жігіт өзімен жүрген кездерінде тіп-тік жүруді үйреніпті-міс, тіпті шылым да тартпапты. Сол қыз тастап кеткен соң Абылай қатты қайғырып бүкір кейіпке еніпті. Кейде ауылдың осындай қаңқу, шындыққа жанаспайтын әңгімелеріне қанша иланбайын десем де, ауызым аңқайып, «аа» деп қалатынмын.
Сыныпта 13 оқушы. Бәрі бір-біріне ғашық дерсіз. Сыныпта күнде бір драма. Кейде осы ауылда басымнан өткендерін ойласам, кітап етіп жазсам, том-том шығатындай көрінеді. Себебі айтылар әңгіме тек Абылай емес, Шырынкүл, Ләззат апай, Нүшкә, Әйгерім апай, айта берсең көп. Әрқайсысы бір бөлек қайталанбас тұлға.
Мен өзім сол кездегі ғашық болуларды "мода" деп түсінемін. Себебі кімді жақсы көретінімізді таңдап алатынбыз. Тіпті есімде құрбым екеуіміз «сен ананы жақсы көр, мен мынаны», «қойшы, мен оны жақсы көрмеймін, ол екілік алды» деп мың құбылатынбыз.
Әңгіме Абылайда ғой. Менің көзіме сол кездерде ауылда басқа ешкім түспеді ма екен. Бір тек Абылайды ойлайтынмын да отыратынмын. "Агентте" отырып алып, жүрек статусын қойып, Абылайдың есімін жасырын түрде әліпби жүйесімен санап жазып қоятынмын.
Есімде сол Абылайдың қоңыр былғары күртешесі болатын, қыс бітпей киіп, жаз шыққанша үстінен тастамай киген-ді. Өзіне сондай жарасатын болғандықтан күн қайнап градус 50-ді көрсетсе де ұстінен тастамайтынына мен түсіністікпен қарайтынмын. Онысын жетекшіміз көкше көзді Ләззат апай түсінбей, барлығымыздың көзімізше «күн ысыды, көгересің енді, таста үстіңдегіңді» деген сөздерімен жаншып алатын. Абылай күледі де қояды. Жалпы, мұғаліміміздің мұндай өткір әзілдеріне құлағымыз үйреніп кеткен.
Алғаш келген кезім ғой, ауылға. Сол үндемес қалпымнан таймай сабақта отырғанбыз. Апай келіп, әдетінше кім қайда екенін түгелдеп жатыр. «Айман қайда болдың кеше?» дейді, сыныбымыздағы сылқым бикешке қарап. Айман болса «үйде ешкім болмады» дей бергені сол еді, апай «Ы, отырдың ба үйіңде қара құлып болып» дей салғаны. Сол кезде бәрін шошытып айқайлап бір күлгенім бар еді.
Кейде сыныптастарым «ініме қарадым», «сіңіліме қарадым» деген сылтауларына пысқырмаған апай, «Мать Терезасың ба?» деп айқайға салушы еді. Негізі апайымыз жақсы кісі, мейірімді. Өтірік айқайға салғанымен де, жан дүниесі жайдарлы жан екені сезіліп тұратын. Кітаптардағы «өз баласындай көреді» деген апай біздің апай шығар. Мұндай жарнама неліктен жасалып отыр деп отырған боларсыз, апайым оқып мені мақтан тұтсын деген жақсы-жаман пиғылым ғой.
Абылай. Жақсы көрмейтінім көрініп қайта-қайта әңгіме не апайыма, не ауылыма ауа берді ғой. Десе де кезінде, осы жігітті ойлап көз ілмеген кездерім де болған шығар. Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтарындағыдай» сипатталатын махаббат жоқ, әрине. Бірақ ең қызығы сол мен жақсы көрген сүп-сүйкімді, сұңғақ бойлы жігітті арада бір жыл уақыт салып көргенімде болды.
Мен әңгімешіл, басымнан өткен бар махаббатымды жанымдағы жатақханада бірге жататын қызға әдемілеп тұрып баяндап бергенмін ғой, қайдан білейін. Ол қыз «махаббат деген осындай болады екен ғой» деп таң қалатындай етіп, арасына әсірелейтін жерлерін әсірелеп дегендей. Ол сұрайды «Енді ол жігіт қайда?» ,-деп. Содан не керек, бір күні көрдім. Көрдім емес, көрдік. Оқу ғимаратының жанынан өтіп бара жатыр едім, Мақпал, Мақпал деп айқайлайды біреу. Қарасам, Абылай. Абылайдың шашы Ұлықпан Жолдасовтікіндей өсіп кеткен, рокенрол жұлдарындай киініп алған, қап-қара қара бала болыпты. Ал мен досыма қалай сипаттадым десеңізші. Сөйтіп дос қызымның мұның кім дегеніне, сыныптасым ғой дей салғаным бар. Оның санасына өзім енгізген әдемі махаббатты өшіргім келмеді.
Мен өзгердім бе, ол өзгерді ме, не ол маған тек сезім күшімен ғана сымбатты көрінген болып тұрды ма? Әйтеуір, өтті өтері.