Нұртөрер Жүсіп: «Он бес үйдің оты»
Өмірдің өз заңдылығы бар: бір ұрпақ келеді, бір ұрпақ кетеді... Өзеннің ағысына қарсы жүзген балықтың уылдырық шашып, өліп кеткенінде өкініш бар ма? Демек, қазақтың «тумақ бар да өлмек бар» деген бір ауыз сөзіне табиғи даму заңдылығы сыйып кеткен.
«Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек» деген Абай ғақлиятының анықтығына адамзат баласының көзі жетіп келеді. Қай-қайсысымыздың да әке-шешеміз, ата-әжелеріміз жанымызда мәңгі жүрмейді. Әр ұрпақ өз ұрпағына жол ашумен, шуақ шашумен, қамқор болумен өтеді. Торғай екеш торғай да балапанын шырылдап қорғайды. Отан деген ұлы ұғым – отбасынан құралады. Ондаған, жүздеген, мыңдаған, миллиондаған адамдардың отбасы айналып келгенде Отан деген ұлы ұғымды қалыптастырады. Отбасы – әр адамның жер бетіндегі ең ыстық мекені. Кез келгеніміз өз отбасымызды, оның мүшелерін, ата-әжелеріміз бен әке-шеше, бауырларымызды еске алғанда қанша қату болсақ та бойымызды бір жылылық билейді; жүзімізден шуақ шашылады; балалық кездің қызықты оқиғасы еске түседі; әнтек әрекеттерімізді еске алып, жадыраса күлісеміз... Бір сөзбен айтқанда, отбасы – адамның балалық шағының алтын бесігі. Әр адам өз отбасы – өскен ұясына неге баруға асығып тұрады? Өйткені ол оның өміріндегі, адам болып өсіп, қалыптасу кезеңіндегі ең бір асыл, ең қимас мекен.
Біздің бұлайша тебірене сөз толғап отыруымыздың себебі, қолымызға бір әулетнама кітап түскен. «Он бес үй» деп аталады. Мұндай шығарма қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлинде де болды емес пе? Бұл кітаптың ол кітаптан не айырмасы бар екен? Әулетнама кітабының беташар сөзінде осы сұрақтың жауабы беріліпті. «Бүгінде біздің Отанымызда 17 миллион 400 мыңдай халық тұрады. Оның кемі 66 пайызы – қазақ ұлты. Әлгі халық санын әр отбасыда 4-5 адамнан бар деп бөліп жіберсек, сонда 3-4 миллион отбасы бар екені белгілі болады. Мұны аз деп те, көп деп те айта алмаймыз. Құдайға шүкір дейміз! Құдайдан үмітін үзбеген барлық қазақ отбасы секілді, Мықтыбек пен Ұлпатайдың кіндігінен жаралған екі ұл мен екі қыздан талай ұл мен қыз өрбіп, өсіп-өніп, жауа әулеттердің негізін қалады. Төрт әйел алған Мықтыбек атамыздың түрлі ауру-сырқаудан, індеттен аман қалған баласының саны – бар болғаны төртеу ғана. Бәрі Алланың қолындағы нәрсе ғой, бірақ шетінен шетінеген періште-сәбилердің ажалына кеңестік түрлі эксперименттер себеп емес деп тағы айта алмаймыз. Мықтыбектің үлкен ұлы Қамзабектен тараған ұл-қыз – он бес. Ата-анамыз осы Құдай берген «он бестің» ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырды. Кейін ажал нәубеті келіп, үйлі-баранды болған екі қыз, бір ұлы қайтып кетті. Кітап атауы осы он бес шаңыраққа, солардың ата-баба, әке-шеше туралы естеліктеріне байланысты шығып отыр».
Бейімбет Майлиннің «Он бес үйі» кеңестік кезеңдегі он бес үйден тұратын қазақ ауылындағы адамдардың тағдыры туралы болатын. Бейімбеттің мықтылығы болғанды – болғандай, нақпа нақ, артық бояусыз, әсірелеу мен даңғаза дақпыртсыз айқындылығында. Суреткерлік шыншылдығында. Әулетнама кітабын шығарушы азаматтар да Бейімбеттің тап осы қасиет-қалыбына жүгінген екен. Ешқандай қиялдан шығарған қоспасыз, әрқайсысы өз басынан өткен тірлік пен көрген-білгендерін шынайы түсіруге ұмтылыпты. Кітаптың өне бойындағы алтын арқау – осы адамдық пен адалдық желісіне құрылған. Сондықтан да бұл кітапқа тек бір атадан тараған ұрпақтың шағын шежіре-жазбасы деп қана қарауға болмайды. Бұл кітаптың басты артықшылығы – бір әулетте өсіп-өнген жандардың жан сыры мен жан жылуынан қағазға түскен қимас ойларды жинақтау арқылы ұлтымыздың ұлы құндылықтарын дәріптеу болса керек. Ол – отбасы, әулет, ағайын, туыс, ел-жұрт, жегжат, жамағат болып тарамдала береді, бірақ айналып келгенде Қазақ елі деген намысқа бірігеді; ұлт деген ұғымды құрайды; оның негізгі құндылықтары адами сыйластықта жатқанын айғақтайды.
«Он бес үй» – естеліктер жинағы. Оған 90-дағы қарттардан 9-дағы жас балаға шейін атсалысқан. Атадан немереге дейінгі тікелей ұрпақтан бөлек нағашы, апа-жеңге, құда-құдағи, дос-жаран, сыйлас-әріптестерге дейін ыстық ықыласпен естелік айтады. Кейбірі жанына жақын сәттерді өлең арқылы өрнектеп берген. Кітаптың «Қара шаңырақ», «Адалбақан», «Алтын діңгек», «Ақ босаға», «Сырлы уық», «Үкілі үміт» деген бөлімдерінің атауларынан қазақтың кәдуілгі киіз үйінің архитектуралық компоненттерін айқын көруге болады. Осы құрылымдық қалыпты нақты естеліктермен көркемдеу арқылы «Он бес үйдің» сәні де мәні де артып тұрғанын аңғаруға болады. «Қара шаңырақ» деген – кім-кімге де ыстық. Жалпы, біздің қазақтың «Қара шаңырақ», «Қара қазан», «Қара үй», «Қара қатын, сары баланың қамы үшін» деген тәрізді қара түске оң реңк беретін сөздері көп. Кітапты құрастырып, шығарушы азаматтар «Біз отбасымызды, оның дәстүрін шексіз құрметтеу арқылы Отанымызды сүйеміз. Себебі, Отан деген қасиетті ұғымның мәнін отбасының алаңсыз ордасында жүріп түсінгенбіз. Біз Отанның байтағы мен заңғарын отбасының табалдырығы мен төрін байыптап барып аңғарғанбыз. Жұртты, имандылықты, жақсылықты танудың әліппесін үйреткен – ата-әжеміз еді, сондықтан біз бүгін өзімізше адам болған шағымызда, «аспаннан аяғымыз салбырап түсті» дей алмаймыз. Осы арқылы сол ата-әжемізден бастап арқауы үзілмеген қара шаңырақтың қадірін ешқашан ұмытпайтынымызды айтқымыз келді» деп негізгі мақсат-мүдде үдесін баяндап та беріпті.
Иә, «Уықты басқұр ұстайды, ұлтты дәстүр ұстайды» деген сөз бар. Біздің бәріміз елдік мәселе болғанда сол салт-дәстүрге жүгінеміз. Ата-бабадан қалған асыл сөздерге тоқтаймыз. Қанша малы көп болса да, бай қуанар егізге, қанша жаман туса да, тартпай қоймас негізге дегендей түптің түбінде тектілік ұғымы өртеңде өнген көктей қайта көтеріліп келеді. «Текті болу үшін әр қадамыңа, ойыңа, шешіміңе, ісіңе сәт сайын қарауыл қойып, жауап беруің керек. Қателессең, тез және орнымен түзетуге тиіссің. Қателікті жүйеге, әдетке айналдырсаң, нағыз тексіз болып шығасың. Сондықтан тектінің тексіз болып қалуы – оп-оңай нәрсе» деген жолдар кез келгенді ойландырады. Қара шаңырақтың жолы, үлкендер ұстанымы осы бір қарапайым қағиданы аспандағы Темірқазық жұлдыздай анық көрсетіп тұрады. Осы ұстаным қазақтың әрбір отбасында болса, Отанымыз көш соңында қалмасы белгілі.
Әр отбасының өз шаруашылығы, қора-қопсысы болады. Күнделікті тұтынатын заттары арнаулы орында тұрады. Қожайынның ұқыптылығы мен құнттылығы осы заттарды қалай пайдаланып, қалай жинастырып қоюынан-ақ көрінер еді. Диханның «Әкеміз мыңғырлатып мал айдады деп айта алмаймыз. Бірақ бәрі лайықты, орынды көрінетін дөңгеленген шаруасы болды. Маған ұнайтыны – көкемнің ұстаханасы еді. «Ұстахана» деп тұрмысқа қажетті заттар үшін арнайы пайдаланатын құрал-жабдықтарын айтамын. Рельстен қиып жасалған әп-әдемі төс, орақ шыңдайтын арнайы төс, үш-төрт түрлі балға, қол балға, темір балға, шағын балға, кемпірауыз үлкен және кішісі, қысқыш, балта ағаш шабатын, ағаш жаратын, шот ағаштікі, жердікі, қашау, егеу түр-түрімен, ара, әртүрлі қол ара, бел ара, бігіз, шеге суырғыш, сына, нөмір-нөмірімен кілттер, әмбебап кілт, темір кесетін қайшы, малға ен салатын қайшы т.б. – бәрі-бәрі көз алдымызда. Мысалы, жұрттың бәрі бел орақты шалғыны жақсы біледі. Осының бір кінәратты жері бар. Ол – темір мен ағашты, орақ пен сапты ұстататын жері. Шөп орған сайын бұл ұстағыш босай береді. Көкем оның сапалы ұстағышын ойлап тапты. Тұқым шашатын трактор бөлшегінің МТС-та шашылып жататын бұрандалы доға сияқты темірі тастай тетік болып шықты. Қолыңызда он жетінші кілт болса жетеді: таңнан бекіткен орағыңыз шыңдау үшін өзіңіз босатпасаңыз – қатып тұрады. Көкеміздің мұндай өнертапқыштығы бар еді» деген естелігін оқып отырып, өз көкемнің ұстаған заттары, ұқыптылығы, бәрін қолмен қойғандай реттеп отыратын тірлігі көз алдыма келе қалды. Дарханның, Барханның естелік жазбаларындағы ауыл көріністері, адамдар арасындағы қимастық сезімдерді суреттеуі көзден ыстық жас ағызды. Кітаптың кейбір парақтары жасқа шыланды...
Біз бір буынбыз. Өскен, өнген ортамыз да ұқсас. Әкелеріміз бен аналарымыздың кейбір іс-әрекеттері, мінездері мен жаратылыс болмысы да ұқсас екен. Көпбалалы қазақ отбасыларының тағдыры да, тірлігі де, қуаныш-қызығы да ұқсас келіп жатады. «Он бес үйді» қолға тиген бетте таңға дейін көз алмай оқып шықтым. Әсерім айрықша. Нағыз адамдық жылылыққа, кіршіксіз таза сезімге, аяулы құрметке оралған іңкәр дүние болып шығыпты.
Дархан достың «Әлпештеп, әлдилеп, тәрбие берген, еркелік пен егделіктің айырмасын аңдатпай өсірген, тәулігіне жиырма төрт сағат қамқоршы болған адамның құдіреті мен қадыр-қасиеті туған Жердей екені рас екен. Ана – үлкен тірек, сүйеніш. Ең биігі де, ең асылы да, ең қымбаты да. Сондықтан барша аналардың тілеуі де, тілегі де бір-біріне ұқсайды. Шаршап-шалдыққанда, қаталап шөлдегенде шөліңді қандырар, көйлегің мен көңілің кірлесе мұнтаздай ететін сипаты бар, аңсарың ауғанда мейірің қанып сіміретін, өмірге нәр беретін тұп-тұнық, мөлдір Судай жанның ана екені де атқан таңдай ақиқат, талассыз шындық. Қараңғы қапастан, терең тұңғиықтан шыққанда, тарды кең ететін, кеудеңді керіп, жан сарайыңды ашатын Ауадай дем беретін, күш-қуат сыйлайтын аналық сезімді мәңгілік етіп жаратқан Алла, Құдайға құлшылықтың өзі сауапқа тұнып тұр емес пе? Қасиетіне қарай салмағы болатын саф ауа тек биікте сафтығын сақтайды. Ана жүрегі мейірімділік пен қайырымдылықтың шырақшысындай нұрына малындырып, шуағына шомылдырып, сансыз сәулесін шашатын, тіршілік иесі үмітін үкілеп асыға күтетін ертеңнің хабаршысындай, көк пен жердің арасын әлемде жоқ жылдамдықпен әп-сәтте жалғастыратындай қуаты бар жарық Күндей екеніне анадан туған пенденің күмәні болмас. Жоғарыдан көрініп жарқыраған, табиғатында қайталанбас әрбір жұлдызын өзінің орнында, өзінің серіктерімен, тұтас шоғырымен бірге болуына барын салатын, олардың қозғалысын таң атқанша кірпік қақпай бағатын, бұлт төнгенде адастырмайтын аппақ Айдай жол сілтеп, күлімсіреп тұрар еді ай – Анашым! Жердей, Судай, Ауадай, Күндей, Айдай деген теңеулер барлық Аналарға жарасатындай..» деген ой толғауымен сөзімізді түйінделік.
Әр қазақтың отбасында ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-ана өз баласының жаман болғанын қаламайды. Бәрі де ұл-қызының бақытты болғанын қалайды. Мына дүниеде өз ұрпағының жаманшылығын көрмеген, солардың қызығы мен рақатына тоймаған адам ғана бақытты шығар деп ойлаймын. «Он бес үй» кітабы – бақытты отбасының баяны. Бұл бір.
Екіншіден, «Балалы үй – базар» дегенді халқымыз текке айтпаған. Бір шаңырақтан түлеп ұшқан он бес баланың тағдыр-талайы, өмірлік жолы осы күнгі отбасын «жоспарлап», бала тууды шектеп отырған жастарға үлгі, өнеге болса дейсің. Бір-біріне тірек, сүйеніш, қолғанат болудың өнегесін де осы кітаптан табуға болады.
Бір сөзбен айтқанда, ордалы он бес үйден тараған әулет азаматтары ортақ қара шаңырғымыз – Қазақстан дейтін Отанымыздың байлығы. Отбасының да, Отанымыздың да оты сөнбесін! Ортамыз толсын! Дегеніміз болсын!
Нұртөре ЖҮСІП