Тынысбек Қоңыратбай: «Мен үшін алғашқы махаббат қорқыныш сезімі сияқты еді»
Тынысбек Қоңыратбай, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Өмір – өзен. Осы жасқа келгенше жақсыны да, жаманды да көрдік. Балалық шақ өткен соң өмір зымырай жөнеледі екен. Сол жылдамдық деңгейінен көргенің бір сәт көз алдыңда кес-кестеп, артта қала береді. Өмір – жүйткіген бір поезд...
Өмір өткінші болса да, есте қалатын сәттер аз болмайды екен. Соның бастауы – балалық шақ. Иә, бала күнгі көрген-білген, ойға түйген алғашқы әсерлер мәңгі ескірмейді. Алпысты алқымдап отырған шақта менің де жадымда балалық шақтың бал кезеңдері сақталып, жаңғырып тұрады.
Мен жарық дүние есігін Қызылорда қаласында аштым. Есімді 5-6 жасымнан білемін. 1 мамыр мерекесінде үй ішімізбен парадқа шығып, қайтып келе жатып отбасымызбен суретке түскенім есімде. Фотограф мені екінші қатардың шетіне орналастырып, қолымдағы кішкене қызыл жалаушаны төс қалтама салды. Оның бір шеті Тана есімді әпкеме тиіп тұрды. Осында бір сыр бар сияқты: жалауша қалтамда тұрған мен ғылым докторы, ал шеті тиіп тұрған әпкем ғылым кандидаты болды.
Бала кезде ұнатқан тірлігім – балық аулау. Көбіне Сырдарияға, кейде қаладан 6-7 шақырым жердегі Сталин каналына бір өзім кете беретінмін. 9-10 жасар кезім, мен жалғыз болсам жанымда қармақ салып орыстың шалдары отырушы еді. Балық аулауға қызыққаным, икемімнің келгені соншалық менің 5-6 қармағыма балық бірінен соң бірі қауып жатқанда әлгі шалдар трубкасын сорып қарап отырушы еді.
Бірде кешкілік Сырдарияның жиегінде 20-ға тарта үлкенді-кішілі адамдар қармақ салып отырмыз. Менің қармағыма 4-5 келі болатын үлкен сазан түсіп, жиекке шыққанда қармақтан аузы жырылып, шығып кетті. Балық секіріп, енді болмаса суға кеткелі жатыр еді, үстіне секіріп, басып қалдым да: «О, самбиспін» деп айқайлап жіберіппін. Сондағы балықшылардың ду күлгені әлі күнге есімде.
Екінші сүйікті кәсібім – ертегі оқу. Мен өткен ғасырдың 60-жылдары жарық көрген «Қазақ ертегілері» атты екі томдықты бірнеше қайтара оқып шыққанмын. Аңыз, батырлық жырлардан да ештеме қалдырмадым. Кітап оқуыма түрткі болған әкем Әуелбек Қоңыратбаев еді.
Әкемнің тағы бір есімде қалған ісі – біздерді жексенбі сайын кукси жеуге алып баратыны. Қызылордада «Аральское море» атты ресторан болатын, сонда жақсы кукси жасаушы еді. Қазіргі куксилер оған жетпейді.
Бері келе, бозбала шағымызда, жан-жағымыздағы қыздарға көз салатын болдық. Енді ғана бой түзеп келе жатқан қыздарға қызыға қарайтынды шығардық. 8-кластан соң Шымкенттегі музыка училищесіне түстім. 15 жасар кезім. Октябрь көшесі, 30-шы мекен-жайдағы жатақханада тұрдым. Осында алғаш рет ғашықтық сезімнің дәмін таттым. Дайындық курста Ізім есімді сұлу қыз оқушы еді, өзі жерлесім. Соны қатты ұнатып жүрдім. Бірақ сөз айтатын жаста емес едім, батылым бармады. Оны көрсем тұла бойым қалтырап, үрей билей жөнелетін. Мен үшін алғашқы махаббат қорқыныш сезімі сияқты болды.
Кейіндеу Қызылордаға оралып, медучилищенің 2 курсында оқитын Карима есімді қызбен таныстым. Жылдам тіл табысып, бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Үш жылға жуық кездесіп жүріп, оқуын бітіргесін ауылына қайтып, хат жазысып тұрдық. Мен әлі пединституттың студентімін. Институт жанында «Сыр сұлуы» ансамблі болатын, соған қатысушы едім. 1975 жылы болса керек, ансамбль Қызылорда облысын аралап, Арал, одан соң Қазалы ауданына келдік. Мен жүгіріп талай қолыма тиген хаттардың сыртындағы Песчаная көшесін іздеуге кеттім. Станцияның арғы бетінде екен, 13-үйді тауып алып, бір кішкентай балаға «мына үйден Кариманы шақырып жібересің бе?» дедім. Ол кіріп кетті де, біршама уақыт шықпай қойды. Артынан келіп «Карима жоқ, бір ай бұрын ұзатылып кеткен» деді. Сөйтіп тұрғанда үйден бірер әйел кісілер шығып, алыстау тұрған маған көз салды. Менің бойым алай-дүлей болып, бірге өткізген кездеріміз, бақытты сәттеріміз ойыма орала берді. Бойыма сыймаған дүлей сезімді хатқа түсіріп, почтаға салып жібердім де, қонақ үйге оралдым. Қазалыдан кеткенше мең-зең болып, мен үшін бұл аймақ қаңырап қалған дала сияқты болды да тұрды...
Ол қызды мен әлі күнге ұмытқаным жоқ, әлі күнге маған сол қыз күніндегідей әсем әрі ыстық көрінеді. Оның еркелеп сөйлейтін қылықтары да ұмытыла қойған жоқ. Тым құрыса бір рет көрсем екен деген арман да көптен мазалайды. Кейде таң алдында түсіме кіріп, жүрегімнің сағыныштан сыздайтын кездері де бар. Бірақ өмір өз дегеніне көндіріп, ағысымен алып кетті.
Балалық шақ, қайда кеттің қалықтап,
Ойнаушы едік күліп, кейде салып қап.
Сағынышпен сүйген сұлу жандарды,
Еске алғанда көңіл кетед шалықтап.
Қиын екен аңсағаның өткенді,
Жаның сүйген адамыңнан қалып қап.
Иә, балалықтың базары тарқаса да, алғашқы әсерлері ұмытылмайтын сияқты ғой...