«Әншілер мұғалімдерден артық емес»

Oinet.kz 30-05-2019 1033

2018-11-06_15-50-12.jpg 

          Кез-келген зайырлы мемлекеттің заңы бойынша табыс тауып отырған барлық қызметкерлер салық төлеуге міндетті. Бұл жүйе кеше ғана қолданысқа енген дүние емес. Салық салу, жинау ежелгі мемлекеттерде, оның ішінде біздің де ата-бабамыздың басынан өткен. Әрине бүгінде оның қағидалары, заңдылықтары өзгерген. Салықты көбінесе мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар төлейді. Мейлі жалақысы аз болсын, көп болсын мемлекетке тиісті қаражатты бөліп отыруға міндетті. Осы уақытқа дейін сахна адамдары, өнер иелерінің, шоу-бизнес өкілдерінің салық төлеуге міндеттелмей келгені рас. Өйткені олар мемлекетке тәуелді болмай өз күндерін өздері көріп жүрген жандар. Дегенмен олар біздер секілді салық төлеуге тиісті деп ойлаймын. Мұны билік өкілдері енді ғана қолға алып, заңға өзгерістер енгізуде. 

Салыстырмалы түрде айтар болсақ айлығымыз отыз, қырық мың болса да заңнан аттап кеткен емеспіз. Салықтан бөлек мұғалімдерден жинаталтын ақша шаш етектен. Мәселен газет-журналған жазыламыз, мектептің кейбір іс-шараларына да қаражатты өз қалтамыздан шығарамыз. Ол аз дегендей мәдениет үйлеріне театр ұжымы қойлым қойса немесе белгілі бір өнер иесі концерт, кездесу өткізсе он, жиырма билетті сатып алуды әр мұғалімнің мойнына артып қояды. Балаға білім беремін деп табанынан тозып жүрген ұстаз қала берді әркімге билет сатып, өтпегенін тағы да өз қалтасынан шығаруға мәжбүр болады. Осының барлығына көніп жүрген мұғалімдердің шықпай жүрген жанын айтыңыз. 

Ал оның қасында әншілер қауімінің айтар уәждері болмашы ғана. Үкімет бізге жағдай жасасын, бейнебаяндарымызды түсіріп берсін, концерт өткізуге жәрдем берсін, әлеуметтік қолдау білдіріп, пәтер берсін дейді. Мемлекеттік қызметте жүрген біздер мұғалімдердің қайсысына үкімет пәтер беріп жатыр екен. Бір тойдан долларлап табыс тауып жатқан әншілердің салықтан жалтарғандары дұрыс емес деп есептеймін. Мен осы уақытқа дейін жағдайы нашар, тұрмысы аянышты әншіні көрмеппін.  Олар да халықтың арқасында күн көріп отырғандықтан үкіметпен бөлісіп отыуға міндетті. Арзымайтын айлық алып, оның өзінде жарым жартылайы қолға тиетін мұғалімдер салық төлеп отырғанда әншілер қауымының жағдайымыз жоқ деуі бекер. Бұл ойыммен өнер иелерін жамандап, даттап отырғаным жоқ. Мен де қазақ өнерін, эстрадасын, жұлдыздарын бағалайтын, тыңдайтын жандардың бірімін. Жұлдыздар елге еркелейді, қуаныш сыйлайды, рухани ләззат береді. Алайда заң алдында еркелеуге болмас. Мен  олардың  қалталарын санудан аулақпын. Тек айтарым әнші болсын, суретші, архитектор, мұғалім, әнші... барлығы заң алдында теңдей. Сондықтан табысты біріміз бала оқытып тапсақ та, ән салып тапсақ та  салық төлеуге міндеттіміз. Билік өкілдерінің заңға өзгеріс енгізгендерін өте дұрыс шешім деп ойлаймын.  

Күлзада Байқожаева, ОҚО

Шәбден Омарәлиев: «Сыныптасымды алып қаштым»
Нұртөрер Жүсіп: «Он бес үйдің оты»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу