Черчилльдің «ішкі дауысы»
11-01-2024
Адам бала арманы арқылы биіктерді бағындырады деген рас. Қарт Қаратаудың бөктерінде, жұмақ мекен атанған – Түлкібас ауданында, қарапайым ғана қоңыр тіршілік кешіп отырған Әбілдабек пен Махираның шаңырағында мың тоғыз жүз жетпісінші жылдың мамыр айында бір қыздан кейін ұл бала өмірге келеді. Есімін «бағы үстем, көңілі көктем болсын» деген ниетпен үлкендер Бекен деп қояды.
Кішкентайынан есепке икемді бала ауыл балаларымен асық ойнағанында, ешкімге дәлдік пен шапшаңдықтан алдына қара салдырмайтын. Керімқұл атадай тектілігімен дүйім Түлкібасты таң қылған абыздың шаңырағында Шыңғыс Айтматовша айтсақ, «Бір дарын өсіп келе жатты, дарынның бабы ортасына байланысты болатын» дегендей-ақ, Бекеннің есепке жүйріктігін байқаған бақша мен мектептегі ұстаздары да әрдайым мейірін асырып отырды. Барлық баланың дарыны бала кезде бірдей болады, сол дарынды ұштауда көбінің бағы жанбайды. Дарынды танитын ұстаз бұйырмай қалып жатады, ал Бекеннің бағы жанды. Әрдайым маңдайы жарқырап жүретін.
Арманың қандай болса, өмірің де солай өріледі. Бекен үнемі Алатаудай асқақтықты қалайтын. Қалауынан жаңылмауға тырысатын. Таңдауды анық жасайтын. Мектепке барғаннан үздік оқушы болған жанның ең сүйікті пәні – математика болуынан-ақ, өмірде дәлдікті һәм туралықты қалайтыны тайға таңба басқандай анық. Бос сөзге, асыра мақтауға адами бекзада болмысы шыдай алмайды.
Күләш Ахметованың «Майдалық көпсөзділік пен асыра мақтаудан туады» деген сөзін анасы Махира күні бүгінге дейін дастарқан басында перзенттерінің құлағына құюмен келеді. Ана ақылы мен әке батасын алған адамның санасы сырбаз болмауға қақы жоқ.
Анасы – денсаулық сақшысы саналатын медбике, әкесі – саналы ғұмырын елдің қоғамдық өміріне қажетті салалар: ауыл шаурашылығы мен білім саласына арнады. Халық үшін қалтқысыз тер төкті. Халықпен жұмыс істеудің қандай болатынын содан болар, Бекен ерте жастан түсінді. Елдің ішінде жақсы да, жаманның да кезігерін білді. Қазақ мемлекеттік басқару Академиясының қаржы және несие факультетіне оқуға түсіп, Алматыға оқуға аттанарында, «Білімді ұяттан биік қойған қанша кітап ақтарса да білімді болып жарытпайды» деген әкесінің сөзі өмірде нағыз адам әрі мықты кәсібіне адал маман болуына негіз болды. Өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығы – қаржыгерлікті аяқтағандағы мақсаты да адамдардың қаржылық сауаттылығын арттыру болды.
Өз еңбек жолын тәуелсіздігімізді алып, мемлекеттіміздің іргесі енді қаланып жатқан тұста, «Казагропромбанк» АҚ ОҚО филиалында бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің аға бухгалтері болып бастады. Кейіннен осы мекемеде экономист, аға экономист, жетекші экономист, бас бухгалтердің орынбасары, бас бухгалтер болып жемісті қызмет атқара білді.
1997 жылы Республикалық бюджет банкінің Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасында бас бухгалтердің міндетін атқарушы, ал 1998 жылы обылстық қазынашылық басқармасында республикалық бюджеттің атқарылуын есептеу және есеп беру бөлімінің бастығы қызметінде де мемлекеттің қаржысына асқан ыждағаттылықпен есеп жүргізе білді. «Мемлекеттің тиыны – халық ырысы» дегенді жиі айтып жүретін Бекен Әбілдабекұлын облыстық қаржы басқармасының басшысы Исмайлбек Шалабаев басқарманың жергілікті бюджетті және қаржы органдарының сметалаларын есептеу, есеп беру және талдау бөлімі бастығының орынбасары – жергілікті бюджетті атқару жөніндегі секторының меңгерушісі қызметіне шақырады.
Ол кезде облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте ауыр жағдайда болды. Мысалы, бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақы, көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар бірнеше айлап төленбей, қарыздары миллиардтап саналатын. Сондай-ақ, халықтың күнделікті тұтынатын электр, газ, судың тапшылығы адамдарды әбігерге салған кез болатын. Сондықтан мұндай тығырықтан шығу үшін күн-түн демей әрбір теңгені тиімді жұмсалуына талдау жүргізудің өзі үлкен сауатттылық пен байыптылықты қажет ететін. Осы тұста қаржы саласындағы қызметіне бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау көрсеткен алғашқы ұстазы бола білген әрі кілең мықтыларды жанына топтастыра алған мықты қаржыгер, ұйымдастырушы – И. Шалабаевтың еңбегі күні бүгінге дейін жадында сайрап тұр. Бұдан бөлек, Жанзақ Жылқышиев, Күмісбек Дүйсембиев, Роза Исаева, Мадания Рахымбаева, Ирина Двинина және көптеген өз ісінің білгірлерімен тағдыры тоғысқанына әркез қуанады.
«Халықтың қаржылық сауаттылығын арттырсам, елге пайдам тисе», – деп білім алған азаматтың мемлекеттің қаржысының дұрыс жұмсалуына бел шешіп, еңбек етуі – өз жүрек қалауы. Жүрек қалауынан ешкім де ешқашан асып кете алмайтыны тағы бар.
2000 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасы қаржы департаменті болып қайта құрылуына байланысты жергілікті бюджеттің атқарылуын есептеу және есеп беру бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарып, көптің алғысына бөленді. Қаржыны есептеуде үлкен табандылық танытып, жергілікті жерлердегі мамандар кемшіліктерін анықтап, оны жөндеуге өзі де бір адамдай атсалысты. Кемшілік кеткен аудандарға өзі арнайы барып, қаржының дұрыс жұмсалмаған фактілері анықталса, оны жою үшін дер кезінде қатаң шаралар қабылдай білді. Қандай қызметке бармасын, Дінмұхаммед Қонаев айтқандай, «Абырой үшін ғана қызметте адалдық сақтаудың мәні зор» деген сөзіндей, қаржы саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге бар күші мен жігерін салды.
2007 жылдың 28 қазанынан бастап, алдымен, облыстық қаржы басқармасының, ал 2018 жылдың 23 шілдесінен Түркістан облысы қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының бюджеттің атқарылуын үйлестіру және талдау бөлімінің басшысы қызметін он төрт жылға жуық үзіліссіз атқарумен келеді.
Қызметімен мақтанбайтын Бекен Әбілдабекұлы – тапсырмаларды уақтылы әрі сапалы орындайтын өз ісіне жауапты әрі ұқыпты азамат. Сөзден гөрі іске басымдық береді. Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуде әбден төселген маман. Ұзақ жылдар бойы облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына, қаржы саласының өркендеуіне зор үлес қосып қана қоймай, талай жас қаржы мамандарын даярлауда. Әсіресе, облыс бойынша қаржыландыру жоспарларын қалыптастыру және нақтылау, қаржылық және бюджеттік есептіліктерді шоғырландыру, «е-минфин», «қазынашылық-клиент» жобаларын цифрландыруда атқарған еңбегі орасан. Атап айтсақ, облыстық және аудандық, қалалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне арнайы қаржыландыру бағдарламасы орнатылып, бюджет кірістерінің орындалуына және қаржының жұмсалуына күнделікті мониторинг жасауға толықтай жағдай туды.
Өзіне де, өзге де талапты тең қоя білетін жанның үйретері көп. Саннан сыр танитын жанға жас мамандар үйірсек. Өзі қанатын қатайтқан азаматтар бүгінде белді қызметтер атқарып жүр. Ербол Жанғазиев – Жетісай ауданы әкімінің орынбасары, бүгінде Сауран ауданы әкімінің орынбасары, ал Ғалымжан Төлепов облыс әкімдігінде бөлім меңгерушісі, Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі болған. «Абыройды азамат ісінен табады» деген әке сөзін үнемі әріптес жігіттермен бас қосқанда айтып отыратынын айтқанда, өзі істің көзін табуды үйреткен шәкірттерінің мерейлерінің үстем болып, биіктерден көрінуінен сезінесің...
Сондықтан болар, қолға алған жұмыстарының бәрі көңілінен шығып, әріптестерінің ықыласына бөленетіні.
Жұмыс барысында талапшылдығы мен жаңашылдығы өзін тек жақсы жақтарымен көрсетуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, қызметтік міндеттерге адалдығын дәлелдеп, өзінің мемлекеттік қызметкерге тән үлкен жауапкершілікті тұлға екендігін айғақтайды. Бала кезінен бойына қалыптасқан сөзге ұсталығы мен адамды өзіне тарта алуы арқылы қызметтестерін жұмысқа жұмылдыра алатын қасиетімен ерекшеленетін азамат бүгінгі түркі дүниесінің астанасы – Түркістанның гүлденуін жанымен тілеп, халықтың несібесі азаймай, қаржылық сауаты мығым отандастардың саны артатына сенімі мол. «Сөз қадірін – өз қадірім» деп түсінетін нағыз отансүйгіш азамат. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалыса біледі.
«Еңбекші ердің аты шығар» дегендей тәуелсіз елдің қаржы саласында отыз жылдай еңбек етіп келе жатқан өз ісінің білгірі – Бекен Әбілдабекұлы Керімқұловтың жеткен жетістіктері де аз емес. Бірақ өзі: «Басты жетістігім – әкем айтқан абырой биігінен көрінуім» дегеннен ары сөз қозғамады. Десе де, жетістіктерін айтып өткен де жөн.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарын кеудесіне тақты. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісіне ие болып, өз ісін сүюдің жарқын үлгісін кейінгі қаржыгер жастарға көрсете білді. Облыс әкімінің грамотасымен, «НұрОтан» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталған. 2018 жылдың қорытындысымен облыс бойынша «Үздік қаржыгер» номинациясының иегері атанып, әр кез абырой биігінен көрініп келеді.
Сөйлескен адамын бірден баурап алатын жанның тәуелсіздік пен өз кәсібі қақындағы ойы кәдімгідей рухты және шынайы.
«Тәуелсіздік менің еңбек адамы атанған жылыммен тұспа-тұс келген соң болар, мен өзімді тәуелсіз елдің қаржыгері санаймын. Мен үшін мемлекеттің әрбір тиыны – елдің несібесі. Сол несібе артуы үшін елдегі барша жұмыскер еңбек етуде. Ал, солардың еңбегінің жемісін қазынада қадағалау – қаржыгердің үлесінде. Менің жұмыстағы ұстанымым – жүйелі жұмыс, дұрыс есеп, тыныш ар» дегеніне қарап, тәуелсіз елдің әрбір қаржыгері дәл осылай адал ойлы, нәркес көңіл болса дейсің?!
Б.Қалдыбек,
"Рейтинг" газеті