Автобустағы қарияның әңгімесі бізді жылатты
08-01-2024
Түлкібас ауданындағы Кемербастау ауылында өткен «Ырыс алды-ынтымақ» форумының кезекті басқосуында қозғалған тақырып бүгінгінің қариясы турасында болды. Осы тақырып төңірегінде мінбеге бірнеше азамат шыққанымен, өкінішке қарай, ел ағалары сұлу сөйлеп, данышпандық танытқаннан арыға аса алмай күн тәртібіндегі тақырыптың түйінін тарқататын нақты пікір, нақты ұсыныс айтпағаны ұят тірлік болды. Ол, ол ма тіпті осы уақытқа дейін «Ырыс алды-ынтымақ» форуымының мән-мағынасын түсіне алмай жүргендер де жоқ емес екен. Солардың бірі Мақтарал ауданының әкімі, форумның аталған аудандағы төрағасы Серік Тұрбековтың алты айдағы атқарған тірлігін баяндап шыққаннан өзге жартымды ештеңе айта алмағаны қынжылтты.
Жиындағы қозғалған тақырыптың ашылмай қалғанын, нақты ұсыныс-пікірдің болмағанын облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі де тілге тиек етті. Елдің өңшең игі-жақсылары бас қосқан жиын тек осылай сырғытпа жауап, көлгірсуден аса алмаса, қара халық кімге сенеді, кімге үміт артады?
Жиыннан кейін біз «Бүгінінің қариясы...» тақырыбы төңірегінде облысқа белгілі азаматтарға хабарласып, пікір сұраған едік.
«Мәселе ас ішіп, тарқасуда емес...»
Иманәлі Байдәулетов,Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасының бас дәрігері,медицина ғылымдарының докторы:
-- Тәрбие мәселесінде ақсақалдардың рөлі туралы аз әңгіме айтылған жоқ. Бірақ әңгіме сол мәселені енгізудің нақты тетігін табу ғой. Кеңес одағының кезінде Коммунистік партия бәрін шешті. Тәрбиені партия бірқалыпта ұстады. Міне, осы секілді бізге де тәрбие мәселесін реттейтін тетік керек. Мұны ғылыми деңгейге көтеру керек. Бір жиылыспен ештеңе шешіле салмайды. Ғалымдар осыны жүзеге асыратын бір тетікті ұсынуы керек. Мәселе ас ішіп, тарқасуда емес, оны ары қарай тереңдету керек. Қазіргі заманда идеология деген сөзден қашатын болып жүрміз. Бірақ әр қоғамның өзінің идеясы, жақсы адам тәрбиелеуге деген ұмтылысы болуы керек.
--Әңгіменің бәрі қариялардың беделі тақырыбынан шығып отыр ғой. Осы күнгі қариялардың бойында жағымпаздық қайдан шықты? Бұл туралы сіз не айтар едіңіз?
--Бұл бұрыннан келе жатқан дерт. Кеңес одағы кезінде бір партияның билігі кезінде пайда болды. Жағымпаздықтың арғы жағында билікте отырған адамнан қорқу жатыр. Сайлау кезінде сақалын сатып, батасын саудалаған қарияларды да кездестіріп жүрміз. Бұған не дейсің, солай істе деп ешкім бұйрық беріп тұрған жоқ қой. Өзіңе өкпелейсің де қоясың.
«Ұдайы алдын ала дайындалған адамдар сөйлейді»
Жанысбек Өтегенов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:
--«Ырыс алды—ынтымақ» жиыны айналдырған 1-2 сағаттың ішінде өтеді. Алдын ала дайындалған 5-6 адам сөйлейді. Ал пікірін ашық айтатындарға сөз берілмейді. Осыменен форум алты мәрте өтті. Біз сияқты бөтен ойлы азаматтарға бірде-бір рет сөз берілген емес.
Ақсақалдар туралы нақты пікірілер білдіру керек еді. Қазақта шал, ақсақал, қария деген сөздер бар. Менің ұғымымда шал деп жасы келген кісіні айтады. Ауыл-аймаққа беделі бар шал ақсақал атанады. Ал, исламда білімді адамды қари деп айтады. Шамасы қария сөзі осы қари деген сөзден шықса керек. Білімі, ақылы дария ақсақалдарды мен өз басым қария деп білемін. Облыста турасын айтатын қариялар аз емес. Бірақ турасын айтатын қариялар осындай жиындарға шақырылмайды.
«Өткеннің тек жаңғырығы жүр»
Сапарбек Сахов, тарих ғылымдарының кандидаты:
--«Сайлау кезінде ақсақалдарымыз «дәулердің» сөзін сөйлеп, сойылын соғып шыға келеді» деген сөзді жиі естіп жатамыз. Бірақ бұған таңқалатын да, ашынатын да ешнәрсесі жоқ. Біріншіден, қоғамның әлеуметтік құрылымының мазмұны мен ерекшелігі қандай болса, - соған сәйкес әр әлеуметтік топтың ролі мен алатын орны да сондай болады. Екіншіден, ақсақалдар институтының шығу тегі, алатын тарихи орны, өмір сүру мүмкіндігі билік институтымен тікелей байланысты. Рулық қоғамда билік ақсақалдардың қолында болады. Тайпалық және тайпалар одағы кезеңінде (әскери демократия тұсында) билік көсемдер мен ақсақалдар конгломератының иелігіне өтті. Кейіннен феодалдық тәртіп тұсында билік монархтарға (хандар, қағандар) тиесілі болғанымен оны жүзеге асыру ақсақалдар мен көсемдерсіз толыққанды, баянды болуы мүмкін болмады.
--Ал, қазіргі кезде ше?
-- Толыққанды конституциялық мемлекеттік билік жүйесі орнады. Десек те өткеннің санадағы жаңғырығы жанымызда жүр. Тек қана жаңғырығы! Осы жаңғырықтың өзі биліктің қолдауынсыз өмір сүре алмайды. Билікке керек қажеттілік мөлшерінде ғана тіршілік ете алады. Соған байланысты әр ауданда ықпалы әртүрлі. Мысалы, Төлеби, Қазығұрт, Түркістан, Мақтаралда ақсақалдардың ықпалы жоғарлау. Қалғандарында ру-тайпалық құрылымына сәйкес бәсеңдеу.
Мұрағаттан, 16.08.2012 ж