Майданнан 10 ұлы да аман оралған ана
06-01-2024
Абылай ханның заманында ғұмыр кешіп, оның бас батырларының бірі, сенімді серігі болған шанышқылы Бердіқожаның бейіті Арқаның кең жазықты даласының Қарқаралы аумағына қарасты Темірші ауылының жерінде екен. Ғалымдар мұны ғылыми деректерге сүйеніп, дәлелдеп отыр. Үстіміздегі жылдың шілде айында оның ұрпақтарының бірі Бақтыбай Қасымбековтың ұйымдастыруымен батыр сүйегін қайта жерлеу рәсімі болды. Жерлеу рәсімінің басы-қасында мен де болып қайттым. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Марат Дәдікбайдың көлемді мақаласы шықты. Біз сол мақалаға сүйене отырып, Бердіқожа батыр жайлы қысқаша мағлұмат ұсынғанды жөн көрдік.
Абылай хан заманындағы ең атақты батырлардың бірі болған шанышқылы Бердіқожа батырдың бойы шамамен 177 сантиметр, кең иықты, жауырынды, денесінде артық еті жоқ, бұлшық еттері білемді және оң қолы өте мықты болған, яғни үнемі жорық үстінде қылыш пен найза ұстаған екен. Мойны жуан, әрі ұзын келген. Маңдайы кең, бас сүйегі тастай қатты болыпты. Жамбасы мен бел сүйектерінің ірілігі атқа мығым отырып, күшті шабатынын, анау-мынау соққыға шыдас беретіндігін айғақтайды. Батыр бабамызға қатысты мұндай ғылыми тұжырымға Ресей Ғылым академиясы Этнология және антропология институтының профессоры Татьяна Балуева жетекшілік ететін зертхана жылға созылған жан-жақты зерттеуінен кейін келген. Ал батыр жатқан бейітті Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Б.Байтанаев жетекшілік ететін ғалымдар аршып, сүйекті әлгі институтқа осыдан бір жыл бұрын жөнелткен.
Шанышқылы Бердіқожа батыр кім болған, қандай жорықтарға қатысқан? «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында берілген мәліметте: «Бердіқожа (шамамен 1690-1770ж.ж) – жоңғарларға қарсы шайқаста қол бастаған аға батыр. Ұлы жүз қолбасылары Бердіқожасыз кеңес өткізбеген, жорыққа да шықпаған. Оны Ұлы жүзде Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтеген. Бердіқожа Ұлытау өңіріндегі, Бұланты, Білеуті және Балқаштың оңтүстік жағасындағы Аңырақай шайқасында, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шорға ұрыстарында, тағы басқа шайқастарда Ұлы жүз жасақтарына басшылық еткен» деп жазылған.
Ғалымдардың зерттеуінше, Бердіқожа батыр Абылай ханның Қоқанға қарсы 1766-1768 жылдардағы, яғни оңтүстікті түбегейлі тазартып, Ташкентті қайтарып алған жорығы кезінде оқиғаның бел ортасында жүрген. Бұдан соң Абылай ханның 1770 жылғы қырғыз ұлысын қиратқан соғысына белсене қатысқаны анық. Бердіқожа батыр өмірін тереңірек зерттеген жазушы Мұхтар Мағауин да осындай пікір білдіреді. Бердіқожа туралы Мәжһүр Жүсіп те көп жазады.
Бердіқожа батырдың 100-ден астам жорыққа қатысқаны дәлелденіп отыр. Мәселен, 1723 жылы Қазақ елінің басына күн туған ауыр кезеңде батырларымыз өз руластарынан жасақ құрып, отан қорғауға аттанады. Сол кезде хан ордасы – Түркістанды қорғауға шыққан Елшібек, Өтеген, Тілеуке, Шінет, Рысбек, Бөгенбай, Қабанбай, Барақ, Малайсары, Ер Жәнібек, Сәмен батырлардың қатарында Ташкент маңында тұратын Қойгелді, Бердіқожа сияқты жас арландар жасақ алып, ұрыста сол батырлармен қатар соғысады.
1723-1725 жылдар аралығында қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі жерді басып алған жоңғарларға қарсы күресте Бердіқожаның жасақтары ерлігімен көзге түседі.
1726 жылы Ордабасы тауында халық құрылтайы үш жүздің өкілдері: хандар, билер, батырлар, рубасылары бас қосқан ұлы жиын өткені тарихтан белгілі. Осы жиында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би халықты бірлікке шақырып, жерімізді жаудан тазартуға ұран тастайды. Бас қолбасшы болып Әбілқайыр сұлтан сайланады. Осыдан кейін Қойгелді, Бердіқожа өз жасақтарымен Шұбар теңізі маңында қалмақтармен шайқасып, жеңіске жетеді.
1729 жылы мамыр-маусым айларында Балқаштың оңтүстік жағасынан 120 шақырым жерде Аңырақай шайқасында Әбілқайыр қолбасшылық еткен қазақ қолы жауды ойсырата жеңеді. Бұл жолы да Бердіқожа жасағымен көзге түседі. Сондай-ақ, 1735 жылы Жетісу, Шу, Талас, Арыс бойларындағы ұрыстарда, 1739 жылы Қаратау мен Алатау өңірін жайлаған жоңғарларға қарсы шайқаста, 1740 жылы Ташкентті азат етуде, 1741 жылғы қазақ пен қалмақ арасындағы кескілескен майданда, 1745 жылы жоңғарлармен ақырғы ұрыстарда Бердіқожаның батырлық бейнесі тұлғалана түседі. 1752 жылы Орта және Ұлы жүздің батырлары бірігіп, Шымкент, Сайрам және Сыр бойындағы басқа да қалаларды жаудан тазартып, Ташкентте Төле бидің билік басына келуіне көмектеседі. Осы ұрыста да Бердіқожа ерекше көзге түседі.
Қазақ пен қырғыз арасында «Жайыл қырғыны» деген атпен сақталған жойқын соғыстан кейін екі елдің шекара мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіледі. Бітім бойынша қазақтар – Алатаудан Ілеге дейін, қырғыздар – Ыстықкөлден Шуға дейінгі жерді алатын болады. Бердіқожа бастаған бір қауым шанышқылының Шыршықтан Жетісуға (Аягөз бойына) өтуіне осы жорық себепші болса керек. Балқаш көлінің шығыс жағын қыстап, жаз айларында Жидесу маңайын жайлаған.
Бердіқожа батыр ғана емес, шебер дипломант та бола білген. Шекаралас Қытай, Жоңғария мемлекеттерінің басшыларымен келіссөздер жүргізген елшілік қызметін қоса атқарған. Белгілі ғалым, профессор Клара Хафизова қытай дереккөздері мен мұрағат құжаттарына сүйене отырып, Цинь империясымен келіссөз жүргізіп, алғаш рет байланыс орнатқан «Хоцзи – Боэргэн» атты батырдың осы Бердіқожа екенін дәлелдеп береді. Пекин қаласының мемлекеттік орталық мұражайында Цинь императорына қазақтардың елшілікпен келген сапары қылқаламмен бейнеленген картинасы бар. Сол полотнодағы алдыңғы қатарда тұрған, Абылайдың аманатымен бір топ қазақты бастап барған Бердіқожа батыр екені айқындалып отыр.
Бердіқожа батырдың өмірі қайғылы аяқталады. Орыс офицері И.Андреевтің «Қырғыз-қайсақтың Орта жүзінің сипаттамасы» еңбегінде батырдың өлімі былай суреттеледі: «Қырғыздың жасағы, шамамен 80 адам, қос тігіп бейқам жатқан қазақтардың үстінен түседі. Олар Бердіқожаны ұстап, басын шауып, аяқ-қолын кесіп, қарнын жарып, осы бөлшектенген мүшелерін қарнының ішіне тығып, кең далаға тастап кетіпті. Мұндай сұмдықты көрген қазақтардың артынан келген бөлігі қырғыздардың соңынан қуа шығып, ұрыста оның қарымтасына Есенқұл манаптың ұлын тұтқынға түсіріпті. Бердіқожа батырдың қазасы – 1786 жылы қаңтарда, яғни мәйіті бұзылмайтын қыс кезінде болған екен. Ауылға жетіп, қаралы хабарды естірткен соң боршаланған денені көрген Бердіқожаның әйелдері тұтқынға түскен Есенқұлдың ұлын пышақтап өлтіреді. Батырдың мұндай азапты өлімін ресейлік ғалымдар да жоққа шығармайды.
Батырдың жерленген жерін жазушы Мұхтар Мағауин 1999 жылы табады. Ол батыр күмбезін «Күмбез доғал төртбұрышты екен. Бұл өмірде мен көрмеген үлгі. Қабырғаларының ұзындығы шамамен 8 метрдей. Заманында аса зор болған сияқты» деп суреттейді. Осыдан екі жарым ғасыр бұрын тұрғызылған батыр бейітінің қабырғасы құлап, кесектері жан-жаққа шашылып жатыр. Күмбездің жартысы ғана сақталыпты. Ол енді қалпына келтірілетін болады.
Асқар Садықбекұлы,
Бердіқожа батырдың тікелей ұрпақтарының бірі