Ас - тағамға қатысты ырым - тыйымдар

Oinet.kz 06-09-2020 898

Қазақ халқы үшін дастарқаннан үлкен, дәмнен үлкен нәрсе жоқ. «Ас – адамның арқауы», «Жаман ауруға – жақсы ас», «Ас қадірін білмеген аштан өледі». Қазақтың ұлттық дастарқанында ертеде пайдаланылған ырым сөздері көп.

Нан қоқымын шашпаңдар

Жерде жатса баспаңдар

Теріп алып қастерлеп

Торғайларға тастаңдар

• Нанды шашуға, жерге тастауға, басуға, рәсуа етуге болмайды. Нан – дәм басы, онсыз өмір жоқ. Дастарханға алдымен нан қойылады. Жерде жатқан нан болса, алып, адам баспайтын жерге қою керек.

• Тойға немесе асқа қымыз әкелген сабаны біржолата сарқып босатпайды, түбінде міндетті түрде бір ожау болса да қымыз қалуы керек.

• Жерге төгілген ақты (сүт, айран) басуға болмайды. Сүт төгілген жерге тұз себеді. Іркітті ашық далада піспейді, құты кетіп қалады. Сауылған сүттің бетін ашып қоюға болмайды. Беті ашық қалса, шаң - тозаң немесе улы жәндіктер түсіп кетіп, сүтті бүлдіреді.

• Сүтті үрлеп ішпейді, майлылығы азаяды.

• Сүттен жасалған тағамдарды жерге түкіріп тастауға болмайды. Сүт тағамдарын жерге түкіріп тастау күнә болып саналады.

• Сүт сауатын шелекті су басына апармайды, құты кетіп қалады.

• Ақтың жуындысына адам жүретін жерге төгуге болмайды.

• Малдың бірінші сауымынан алынған майды асқа қолданбайды. Онымен босағаны, табалдырықтың жоғарғы бөлігін майлайды.

• Қазанжарыс. Әйел босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл - желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «қазан жарысқа» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.

• Таңертең нан ауыз тимей үйден шығуға болмайды. «Асығысып, нан ауыз тиейін», «Ең құраса, нан ауыз ти» деген.

• Нанды төңкеріп қоюға болмайды. Нан – қасиетті дәм. Онымен ойнауға болмайды. Нанды бір қолмен сындыруға болмайды. Кемтар адам ғана нанды бір қолмен сындырады.

• Нанды басып Құранды алуға болмайды, ал аяқтың астына Құранды қойып нанды алуға болады.

• Қолды жумай тамақ жеуге болмайды. Тамақ жеудің алдында және соңында қонақтардың қолына жылы су құйылады. Қолға су құю оң жақтан солға қарай әрбір сауағын жеке - жеке жуады.

• Дастарқан басында адамдар жасына қарай отырады. Тамақ әуелі үлкен кісінің алдынан бастап қойылады.

• Тамақты асықпай ішеді. Тамақ ішер алдында «Бисмиллиһи рахмани рахим» деп нанды сындырып, ауыз тигеннен кейін басқа тағамды жейді.

• Тамақты оң қолдың үш саусағымен алады және әркім өз алдынан жейді.

• Ыстық тамақты, шайды үрлеп суытпайды. Тамақтың құты кетеді.

• Тамақты және шайды өте ыстық немесе салқын күйінде ішуге болмайды. Тамақты аз - аздан алып, асықпай шайнап жейді.

• «Нан қатты екен», «шала піскен», «күйіп кеткен», «езіліп кеткен» т. б. сөздерді айтып нанды, тамақты сынамайды. Нанды, тамақты сынау – ашаршылықты шақыратын жаман ырым.

• Тамақты шынтақтап жатып, түрегеп тұрып немесе еңкейіп отырып жеуге болмайды. Тамақты отырып жеген дұрыс.

• Тамақ жеп отырған адамды орнынан қозғаған әдепсіздік болып саналады.

• Қонақ адам тамақты тәбетіне орай, өз қалауынша жеген дұрыс. Оған тамақты зорлықпен алдыру әдепсіздік болып саналады.

• Тамақты, нанды қалдырмай, тауысып жеп қою керек. «Жаманнан жарты аяқ ас қалар» деген.

• Тамақ ішіп болғаннан соң тұрып кетуге болмайды. Өйткені тамақтану соңында ас қайырылып, бата беріледі.

• Ас ішіп болған соң, «тойдым» демейді, «қанағат» деген жөн.

• Дастарқан аттаған әдепсіздік болып саналады.

• Тамаққа қарай түшкіруге болмайды. Тамақ пісірген асқа шаш түсіп кетпес үшін шашты орамалмен байлап алу керек.

• Қызға кәрі жілік ұстатпайды. Кәрі жілік ұстаса, күйеуге шықпай, оң жақта көп отырып қалады.

• Ішіп отырған шайға сәме түссе қонақ келеді.

Ыдыс - аяққа қатысты ырым - тыйымдар
Сәби, балаға қатысты ырым - тыйымдар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу