Ғибратты әңгіме: «Торғайдың үш өсиеті»
Бір торғай жем іздеп жүріп құсшының құрған торына түседі. Қолымен қыса ұстаған құсшыдан құтылудың амалын іздеген торғай:
- Мені жібер. Кішкентай ғанамын, жегеніңмен бәрібір қарның тоймайды.
Одан да мен саған өмірлік азық болар үш ақыл айтайын, - дейді.
Құсшы:
- Мейлі, айт. Тыңдайын, - дейді.
- Бірінші ақылымды алақаныңды ашып тұрғанда айтамын. Екіншісін ағаштың бұтағында отырып, ал үшінші ақылымды ұшып бара жатып айтамын, - дейді.
Құсшы келіседі.
Ол алақанын ашқанда:
- Өткен іске ешқашан өкінбе, босқа әуре боласың, - дейді де торғай ұшып кетеді.
Ағаштың бұтағына қонып:
- Енді екінші ақылымды тыңда.
Өз көзіңмен көрмеген нәрсеге ешқашан сенуші болма! - дейді.
- Үшінші ақылыңды айт енді, - дейді құсшы.
Торғай:
- Ей, құсшы, менің жемсауымда сенің алақаныңдай гауһар тас бар, сойғаныңда әп - сәтте байып шыға келер едің, - дейді.
Құсшы отыра қалып: - Қап, байлықтан айырылып қалдым - ау, - деп санын соғып, өзін - өзі кінәлап өкінеді.
Тоқтамай өзін - өзі жазғырып ұзақ жылайды.
Осы кезде торғай:
- Өткенге өкінбе дедім, ал сен жарты сағат өкініп жыладың.
Көзбен көрмегенге сенбе дедім, сен менің өтірік сөзімді сараламай - ақ сене салдың. Сенің алақаныңдай тас менің ішіме қалай сыяды? Тыңдамайтын адамға айтқан сөз бен кеткен уақыт зая, - деп ұшып кетеді. Торғайдың миындай ми жоқ деген сөз осыдан шыққан.. Енді ойланып көріңізші, осы торғай құрлы болмай, өткен іске өкініп, көзбен көрмегенге сеніп, өміріңізді босқа өткізіп жатқан жоқсыз ба?
Әңгімеден не түйдіңіз?