Ошақбай Көлбаев: Тойымызды бір қазан ботқамен өткізгенбіз

Oinet.kz 04-09-2009 1423

Screenshot_6.jpg  

Ошақбай Көлбаев, Төле би, Мақтаарал аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің екі дүркін иегері:

      Мақтаарал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы қызметерін абыроймен атқарған, алайда даңқты Димекеңнің, Дінмұхамед Қонаев пен тұғырлы тұлға Асанбай Асқаровтың командасындағы кадр болып, олармен жұмыс барысында ғана емес өмірде де сыйлы қарым-қатынас орнатқаны үшін абақтыға жабылуға дейін барса да ақиқаттан танбаған, турашыл мінезінен танбаған есімі елге кеңінен танымал атпал азамат, жетпістен асқан қадірменді қария Ошақбай Көлбаев таяуда 50 жылдан бері қуанышы мен қиындығын бөлісіп келе жатқан асыл жары  Фатима апа екеуі «Алтын тойларын» салтанатты түрде атап өтті.

  ...Маған дейін туылған ұл балалар шетінен шетіней беріпті. Әке-шешем осы ұлым аман қалсыншы деп ырымдап, ошақтың астынан өткізіп, әйтеуір білгендерін істеген екен. Есімімнің ерекше болуы осыдан. Шүкіршілік тұз-нәсіп шығар, осы күнге аман-есен жетіп отырмыз. Кішкентай кезімде шүйдедегі шашым ұзын болған, анам өріп қоятын. Арқамда сауыт, яғни сурет секілді белгі болатын. Кейіннен жоқ болып кетті.

    Алдағы тағдырымның тәлкегі басым болатынын сездіргендей Жамбыл облысының Жуалы ауданында қарашаның қара суығында дүниеге келіппін. Ауа райы мейлі-ау, атақты 1937 жыл қоғамдық саяси аураның  қылышынан қан тамып тұрған кезі еді. Қарашаның 6-сында мен туылсам, желтоқсанның 20-сында әкемді «халық жауы» деп ұстап әкетіпті. Әкем колхоз бастығы болған екен. Шаш ал десе бас алатын жергілікті жандайшаптар әкемді бай-манап деп қолына кісен салған. 10 жылға жер аударылып, Бакуде жазасын өтеп жүргенде ауруға ұшырап, 1942 жылы үйге оралды. Алайда, бір айдан аспай асқынған ауру ақыры бақилыққа алып тынды.  

  1943 жылы Жетісайға көшіп бардық. Ауыр сырқатынан айыға алмаған шешем де осында көшіп келгеніне үш айға жетпей небәрі 40 жасында ажалдың тырнағына ілікті. Тұл жетім атанған мен алғаш ағайындардың қамқорлығын көрдім. Кейіннен «Мақтаарал» кеңшарының орталығындағы  мектеп-интернатта оқыдым. Мектепті 1954 жылы бітірдім. 73 оқушының ішінде сегізімізді күміс медальға ұсынып, бағы жанған жалғыз өзім болдым. Жастай жетімдіктің ащы дәмін татқан маған сол жылы алғаш рет сәттілік күліп қарағандай болды. Алматыдағы Ауыл шаруашылық институтына емтихансыз қабылданып, оны 1959 жылы тәмамдадым. Тағдыр тәлкегі бала болып ойнауға да шама келтірмеді. Әкем солақай саясаттың құрбаны болды, шешем бізді жастай қалдырып кетті. Ес жиып, етек жапқанда сұм соғыс бір жағынан қыспаққа алды. Біреудің есігінің алдында телміріп күнелтуден қорқып, бар күш-жігерімді білім алуға жұмсадым. Мектепте де, жоғары оқу орнында да белсенділердің бел ортасында жүрдім. Өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, қиындық атаулыны қасқайып тұрып қарсы алдым.

    Фатима апаңмен институтты бітіретін жылы таныстым. Ол жұрт ЖЕНПИ деп атап кеткен Алматы қыздар институтында математика факультетінің бірінші курсында оқитын. Әр мерекеде «вечер» болып тұратын. Сондай бір кеште танысып қалдық. Құрбыларымен бірге жүрген екен. Содан, сөзіміз жарасып, бір-бірімізді ұнатып қалдық. Мен оқу бітіргенде ол бірінші курсты аяқтады. Мені жолдамамен Ильич аудандық ауыл шаруашылық инспекциясына бас инженер қызметіне жіберді. Енді не істеу керек? Фатиманы Алматыға жалғыз өзін тастап кеткім жоқ. Өзара келісіп, Алматыдағы бір әпкесінің үйінде кеш ұйымдастырып, қалыңдығымды елге алып келдім. Оңтүстіктің дәстүрі бойынша. Оқуын сырттай бөлімге ауыстырдық. Ауылға келіп той жасадық. Той болғанда қандай той дейсің, бір қазан ботқа дайындап, қуанышты атаусыз қалдырмадық.  

   Фатима Ресейдің Магнитагорск қаласында туылған. Әкесі атақты байдың тұқымы болған. Бақуатты тұрудың кесірінен Қарқаралыға келген жер аударылыпты. Ағайындары соғыстан кейінгі жылдары Жамбыл облысының Шу өңіріне көшіп келіпті. Фатима Алматыға осы Шудан барды.

   Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Үлкен ұлым Серіктің жекеменшік жылжымайтын мүліктерді тіркеумен айналысатын орталығы бар. Ол үйдегі келін дәрігер. Қызымның біреуі заңгер, біреуі жеке кәсіпкер. Одан кейінгі ұлдарымның бірі прокуратурада, екіншісі қаржы саласының маманы. Үш ұлымнан өсіп-өнген 15 немере-шөберенің қызығына бөленіп отырмыз.   Шаңырақтың шаттыққа толы болуы отбасындағы тәрбиеге тікелей қатысты деп ойлаймын. Құдайға шүкір ұл-қыздарымның шаңырақтарының керегелері кең, уықтары мығым.

Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы  

Н. Назарбаевтың алғашқы махаббаты жөнінде не білеміз?
Көп компаниялар «тендер» дегенді «жеңдер» деп естиді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу