Н. Назарбаевтың алғашқы махаббаты жөнінде не білеміз?

Oinet.kz 04-09-2009 4609

Screenshot_1.jpg

Кейде өткенді еске алу арқылы адам күйкі тірлікті бір сәтке арылып, ұмытылмас тәтті сезімнен күш-қайрат алғандай болады. Людмила Кальныш тап осындай жан. Ол қырық  жылдан бері  алғашқы махаббаты  Нури сыйлаған сезіммен өмір сүріп келеді. Қырық жыл дегеніңіз, әрине кім-кімді болса да өзгертпей қоймайды ғой. Қазір бір кездегі украин бойжеткені жай ғана медбике. Ал, қарапайым қазақ жігіті Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. 

1994 жылы еді. Украинаның Днепродзержинск қаласының көшелері бір сәтте абыр-сабыр болды. Көше бойымен Қазақстан президентінің кортежі келе жатты. Негізгі аялдайтын жері—бір кездері өзі тау-кен мамандығы бойынша білім алған №8 кәсіптік техникалық училище. Президент осы жерде өзімен бірге оқыған сыныптастарымен, мұғалімдерімен кездесті. Елбасы  жігіттік ұмытылмас шағын тебіреніспен еске ала отырып, біраз әңгіменің тиегін ағытты: «Осы қалада мен екі досымды үйлендірдім. Ал, өзіме таба алмадым» деді ол. Аздан кейін «Осында мен алғашқы махаббат сезімін бастан өткердім» деді. Людмила Ивановна осы бір ауыз сөзді радиодан естіген. Ол бұл кездесуге әдейі бармаған болатын. Нұрсұлтанды көрген кезде есімнен танып қалармын деп ойлаған. Дегенмен ол президенттің «махаббат қызық мол жылдарды» ұмытпағанына риза болды.

Олар қалай танысты?

...Нури Людаға алғаш рет спортзалда ұшырасып еді. Ол күрес секциясында жаттығып жүрген, ал бойжеткен келесі залда, көркем гимнастикамен шұғылданатын. Люда ту сыртынан тесіле қарап тұрған отты қара көздерді талай мәрте байқаған. Ол  өзіне ұрлана көз тастап жүрген қазақ жігітінің сабақта үздік оқитынын және курстың комсоргі екенін жақсы білетін. 

-Әлі есімде, біз қыздармен бірге акті залында кезекеті іш пыстыратын жиналыста отырғанбыз,--дейді Людмила Ивановна «АиФ» газетіне берген сұхбатында.—Баяндамашыларды тыңдауға ешкімнің құлқы жоқ болатын. Бір кезде мінбеге Нұрсұлтан шықты. Мені таңқалдырғаны, ол орыс тілінде өте жатық сөйлейтін. Әрбір сөзі кідіріссіз, еркін шығып жататын. 

...Бірде кезекті жаттығудан кейін бозбала бойжеткенді үйінің алдынан күтіп алды. Бойжеткен қатты ұялғандықтан, көшенің арғы бетіне өтіп, бөтен подъезге кіріп бара жатты. Бірақ Нури мұның алдынан шықты:

-Бұл сенің үйің емес қой?

-Оны сен қайдан білесің?

-Білемін. Жүр шығарып салайын. Көше қараңғы, кім біледі, біреу тиісіп жүрер...Қос жүрек бір-бірімен осылай табысып еді.

***  

Арада біраз уақыт өткен соң Люданың өкпесі қабынып, ауруханаға түсті. Төсектен басын көтерген күйі терезеге көз тастаған ол қарсы алдынан Нұрсұлтанды көрді. Нури аурухананың терезесіне үңіліп жатыр екен. Люда ұяланғаннан перденің тасасына тығыла қалғаны. Көрші кереуетте жатқан әйел бойжеткеннің бұл қылығын байқап қалса керек, ол күлімсіреп: «Қызым-ау, сен жүрексініп тұрсың ба? Бір көргеннен байқалып тұр емес пе, ол өте жақсы жігіт» деді. 

***  

Жазылғаннан кейін олар бірге алғаш рет танго биледі:

-Нури менімен өте сыпайы қарым-қатынас жасады. Билегенде өзге жігіттер сияқты дөрекілік көрсеткен жоқ. Онымен бірге болу менің бойыма сенімділік, әлдебір қимастық сезім ұялатты,--деп еске алады Людмила Ивановна.

Кейін олар сол кездегі барлық ғашықтар сияқты сияқты бір-бірімен сурет алмастырған. Енді Люда Нуриді мамасымен таныстыруы керек болатын.

-Ол бұл кездесуге өте қатты жүрексініп келді. Дәлізде тұрып аяқ киімін  ұзақ уақыт шешті. Әңгіме барысында мамама жақында өзінің Отанына оралатынын айтты. Нурсұлтан бұдан кейін дастарханның ас жаулығын қолымен түтіп отырып, бірдемені айта алмай көп отырды. Бірақ айта алмады... Бірақ оның не айтпақ болғанын бірнеше күннен кейін білдім. Оны жеткізген өзімнің құрбым еді. Ол құлағыма былай деп сыбырлады: «Мені Нұрсұлтан жіберді. Маған күйеуге шықсын деп сәлем айтты. Бірге Қазақстанға кетеміз дейді. Жауабын күтіп отыр».

«Ақымақтық болған екен»

Люда ұзақ ойланды. «Мен училищеге Нұрсұлтаннан бір жылдан кейін келгенмін. Алдымен оқуымды бітіруім керек. Оның үстіне 19 жасымда мен  күйеуге шығу туралы мәселенің байыбына барған жоқпын. Ол кезде тіпті, адамдармен қарым-қатынас та жасай алмайтынмын. Біз шешем екеуіміз тап бір тақуалардай өмір сүрдік. Әкем бізді тастап кеткен. Шешем күйеуге қайта шыққан жоқ. Сондықтан Нуридің ұсынысынан бас тарттым... Қазір ойланып отырсам, ақымақтық болған екен».

Бірақ Нұрсұлтан үмітін үзген жоқ. Оның Қазақстаннан жазған хаттары үзбей келіп тұрды. Ал, Люда өмірдің өз соқпағымен кете барды. Училищені тігінші мамандығы бойына бітіріп, қаладағы ең жақсы деген ательеге жұмысқа тұрды. Бірақ неге екені белігісіз, директор жас қызды ұнатпады. Бүкіл бригаданың көзінше мұны аяусыз тілдеп тастайтын. Люданың көз жасына ерік беретін күндері көбейе бастады. 

Бірде Люда көз жасын көлдетіп,  жұмыстан келе жатқан. Қарсы алдынан қылшылдаған жап-жас лейтенант шыға келді. Ол көрген жерден бұған «Бойжеткен, маған күйеуге шық, мен сені алып кетемін» деді. Аңғал бойжеткен жас жігітті  тағдырдың жіберген құтқарушысы деп түсінді.

Иә, мұнысы мүлдем ақымақтық болған еді. Бір-біріне сыр ашпаған күйі олар ЗАГС-тен бір-ақ шықты. Үйленгеннен кейін ол күйеуінің жұмыс бабымен Астрахан облысына аттанды. Алғашқыда байқамаған екен, күйеуі шатаққұмар болып шықты. Тіпті, мұны сабап тастайтын. Люда жұбайының бұл «еркелігіне» 5 жыл шыдады. Одан кейін жас қызын алып, үйіне қайтап оралды. Бұл кезде оның жасы 25-те болатын. 

«Бірде мен үйді жинастырып жүріп ескі портфелімді тауып алдым. Онда Нуридің хаттары шықты. Отыра қалып ескі хаттарды қайта оқып шықтым. Көзіме ыстық жас келді. Мен алғашқы махаббатымның қадірін  білмегеніме өкіндім. Алайда Нұрсұлтан менің жүрегіме ғажап бір сезімнің дәнін сепкен екен, сол дән гүлге айналды. Менің өмірге қайта оралуыма күш-қуат берді». 

Люда Нұрсұлтанмен қайта хат жазысқан жоқ. Мұның енді жөні жоқ деп ұқты. Тек сырттай Нуридің жақсы бір қызға жолығып, бақытты болуын тілеп қала берді. Люданың ендігі арманы екінші мәрте орта арнаулы білім алып, медбика болу еді. Ол  бұл арманына ақыры қол жеткізді.

Бес минуттық кездесу

Жиырма жыл бойы  Люда Нуридің кейінгі тағдырынан бейхабар болатын. Күндердің күнінде ол газеттерден Н.Назарбаевтың Қазақстан Орталық комитетінің хатшысы болғаны туралы мақаланы оқыды. Нуридің жиырма жылдан кейінгі суретін де көрді. 

Одақ тараған соң Нұрсұлтан Қазақстанның тұңғыш Президенті болды. 1994 жылы ол Днепродзержинскіге келді. 

Нұрсұлтанның радиодан алғашқы махаббаты туралы тәтті бір естелігінен кейін Людмила Ивановна президентке хат жазу керек деп шешті. Нуридің мекен жайын білген жоқ. Конверттің сыртына «Қазақстан, Президентке» деп, қысқа жаза салды. Арада бір ай өткен. Бірде таңертең телефон қоңырауы шылдырлады. Тұтқаны алған Люда алғашқы махаббатының  даусын бірден таныды...

-Жағдайың қалай, кіммен тұрып жатырсың?,--деді Президент.

Люда:

-Қызыммен және немереммен,--деп жауап берді.

Шындығында Люда егде тартып қалған кезде бір азаматпен көңіл жарастырған  болатын. Бірақ бұл махаббаттан гөрі сыйластығы басым одақ болатын. Сондықтан Люда оны өмірлік жұбайым деп есептемеді. Тіпті, ол сол күннен бастап қызының үйінде біржолата қалып қойды. Күйеуіне қайтып оралған жоқ. Өйткені Нұрсұлтанды алдағысы келмеді. 

 Нұрсұлтан Әбішұлы мен Людмила Ивановнаның ұзақ жылдардан кейінгі жолығысуы  Днепродзержинск қаласының мерейтойында болды. Люданы арнайы адамдар келіп, салтанатты жиынға алып барды. «Біздің әңгімеміз бар-жоғы 5 минутқа созылды. Осы қысқа уақыттың ішінде мен Нұрсұлтанға маған деген махаббатының жауапсыз болмағанын ғана айта алдым. Қазір мен жұмыр жердің бетінде Нұрсұтанның бар екенін сезінемін. Осы сезім менің алға жетелеп келеді»,--дейді Людмила Ивановна.

Ол Елбасыдан бір рет қана көмек сұрапты. Онда да немересінің бүйрегіне операция жасау қажет болып, дәрігерлердің оған ақша керектігін ескерткеннен кейін. Амалы құрыған Люда өтініш айтып, Нұрсұлтанға телеграмма жіберген...Ұзамай проблеманың бәрі шешімін тауыпты.      

Мария Позднякова

«Аргументы и Факты», №32

Кентал көрерменнің алдында қарабет болды
Ошақбай Көлбаев: Тойымызды бір қазан ботқамен өткізгенбіз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу