Адьютант. 105 шөбере сүйген ата

Oinet.kz 29-04-2020 1114

Screenshot_7.jpg

Отан – елін сүйіп, жерін қорғаған, ұлттық құндылықтарын кір шалдырмай, салт-дәстүрін сақтаған халықтың құт мекені. Ата-анамыздың жастайымыздан Отанға деген сүйіспеншілігімізді оятуының арқасында бүгінде туған жеріміз бен ана тіліміз, отбасымыз туралы артық ауыз сөз естісек, қорғаштап, шаң жуытпауды үйрендік. Себебі, біздің ұғымымызда Отан – отбасынан басталады. Ал 1941-1945 жылдары «отан үшін отқа түскен» кеңес одағы жауынгерлерінің ел ертеңі үшін кеудесін оққа тосқан ерлігі мен елеулі еңбегінің орны бөлек. Биыл міне, өмір мен өлімнің арасында жүріп, сұрапыл соғыстың жеңіспен ақталғанына 75 жыл! 

Бейбіт елде өмір сүріп жатқан біз үшін Екінші дүрниежүзілік соғысы туралы тарих пен ардагерлер естелігі сөйлейді. Бірақ жалпы есеппен қарасақ елге аман-есен оралған майдангерлердің жасы бүгінде шамамен 100-ге таяған қариялар. Осы орайда соғыс ардагері, ордабасылық Махал Полатбеков атамызды мерекемен құттықтап, әңгімесін тыңдап қайтқан едік. Бізді жауынгерлік ерлігі мен ерен еңбегі үшін иеленген медальдарын сыңғырлатып ата кенже ұлымен бірге қарсы алды. Мереке жақындаған сайын келушілер де жиілеген сыңайлы. Себебі, қарияның келіні бауырсағын пісіріп, дастархан жайып қойыпты. Тоқсанның алтауына шыққан ата әлі де тың. Шай ішіп отырып, өткен күндерді есіне түсіре әңгімелерін айтып берді. Өзі жүріп-тұратын қарияның жалғыз мәселесі құлағы екен. Қатты айтпаса естуі қиын, десе де көзі қырағы. Қолымыздағы кесені бақылап, шайымыздың таусылмауын қадағалап отырды. 

Махал Полатбеков 1924-ші жылы 1-ші мамырда дүниеге келген. Әке шешесінен ерте айрылып, туыстарының қолында өскен Махал ата жақындарымен бірге 1932-1936 жылдары  ашаршылықтың салдарынан Ташкентте қоныс аударуға мәжбүр болған. «Соғыс басталғанда 17 жастамын. Келесі 1942 жылы Ташкентте 20 жігіт бірге майданға аттандық. Шақыру қағасы келген  күні колхоздың бастығы: «Сіздерді кейінге қалдыратын болдық. Соғыс аяқталып та қалатын шығар. Военкоматпен де келісіп қойдым. Мұнда бидай бар еді, соны бір ай бойы оруға көмектесесіздер», деді. Бидай орудың орнына соғысқа барғанды жөн көрдім. Военкоматқа жеке өзім барып, бидай ормайтынымды айттым.  Ақыры 18 орыс, бір еврей және жалғыз бір қазақ болып майданға аттандық. Қорықпай барғанымның өзі ерлік болды.  Соғысқа кеңес үкіметін, елді аман сақтап қаламын деп бардым», - деп бастады әңгімесін қария. 

Ульянов облысының Мелекес қаласына жетіп, сол жерден кіші командирлер даярлайтын 6 айлық курсқа жолданған. Курсты үздік бітіріп, сержант шенін иеленген. Смоленск, Минск, Витебск қалаларын азат етуге қатысқан. «Біраз уақыт батальон командирінің адьютанты да болдым. Өзіміздің елден, көршілес Өзбекстаннан, Түркіменстаннан, Қырғызстаннан жігіттер келді. Ол заманда ешқайсысы орыс тілін білмейді, түсінбейді. Мені командир адьютант ретінде жігіттерге тіл үйретіп, соғысқа дайындығын үйрету үшін жіберді. Командирдің айтқанын екі етпей орындағаным үшін 1944 жылы комунистік партия қатарына қосты. Соның арқасында ауылға келгеннен соң ауыл шаруашылық жұмыстарын істеп, партияның хатшысы болып, сол секілді біраз қызметтер істедік. Ұлы Жеңіске 75 жыл толса, мен соның 70 жылын аянбай, ауыл шаруашылығына арнадым»,- дейді қария.

Елге оралған соң, Махал Полатбеков Тәшкент облысы, Ленин ауданында №109 мектепте әскери жетекші, директордың орынбасары, қазіргі Ордабасы ауданы, "Қызылжар" ұжымшарының басқарма төрағасының орынбасары әрі партия ұйымының хатшысы, В.И.Ленин атындағы ұжымшарда басқарма төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы болды. Төрткүл бөлімшесін, Қ.Сыпатаев атындағы мақта кеңшары құрылғанда №2 бөлімшені басқарды. Осы кездері бөлімше 2,5 мың гектар мақта алқабын өсіріп ақ алтын өндірісінде облыс, республика бойынша алдыңғы орынға шыққан екен. Тіпті, қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевпен төрт рет жүздесіп, Төрткүлде болған сәтіне куә болған. Дінмұхамед Қонаев осы ауылдық округке келгенде Махал атаның шаңырағынан дәм татып, пікірлескен екен.

Майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбегі жоғары бағаланып «Ленин», "Еңбек Қызыл Ту", "Құрмет белгісі", "Парасат" ордендерімен, "Еңбектегі ерлігі үшін", "Ерен еңбегі үшін». «В.И.Лениннің туылғанына 100 жыл толуы құрметіне", КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бір алтын, екі күміс, бір қола медальдарымен, "Астанаға 10 жыл" және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің бірнеше мерекелік медалдарымен, үш рет "Бесжылдықтың озаты" төсбелгісімен марапатталған Махал Полатбеков 1994 жылғы 10 тамызда аудандық мәслихаттың ІІ сессиясы шешімімен "Ордабасы ауданының Құрметті азаматы" атанған.

Махал атаның жарының дүниеден озғанына 30 жылдан асыпты кетіпті. Бүгінде ауыл маңайында атамен замандастар да азайып кеткен. Соғыстың зардабы мен қасіретін есіне түсіргісі келмеген қария, бүгінгі ұрпақтың амандығын тіледі. Жыл сайын демалыс-сауықтыру орталықтарына барып, серпіліп қайтатын Махал ата бар әңгімесін үйдегі кенже баласы Мұқтарға, өзі жақын тартатын немерелері Асанбай мен Сақыпжамалға айтып отырады екен. Ардагер  13 перзентінен, яғни 8 ұл 5 мен қыздан 56 немере, 105 шөбере сүйгенін айтып, өзін бақытты жан санайды. Ұрпақтары да майдангер, өмірі өнегелі еңбекқор аталарын мақтан тұтады.

Қырандар көкте самғайды
Соғыстан қайтқан солдаттар: Бізге күніне 600 грамм нан ғана беретін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу