Бір үйдің қызы деп қарауға болмайды

Oinet.kz 16-05-2018 977

Қазіргі қазақ педагогикасы оқулығында жыныстық тәрбие туралы бөлім жоқ. Оны көбі ұят санайды. Мұғалімдердің өзі өрімдей балаға мұны қалай жеткіземіз деп оқушыларға мұндайды оқытуға ұялады. Сонда қыз баласы жыныстық тәрбиені қайдан оқып білуі керек? Міне осы жерде оған  отбасында анасымен, жеңгесімен сырласу өте қажет. Мектепте осындай тақырыптарда сабақтар өткені жөн. Мұнын қыз баласына пайдасы көп.    Сондай-ақ, біз перзенттерімізді өте қатал тәрбиелейміз. Тәрбиелеу деген осы екен деп тым қаталдыққа салыну да бала жастан қызды жалтақтыққа алып келетінін ұмытамыз. Осыдан барып, қыз өз анасына ойындағысын айтуға жасқанады. Мысалы, алғашқы етеккір келгенін ол анасына емес, алдымен құрбысына, не жеңгесіне айтады. Сол үшін қызды кішкентайынан өзімізге әбден сендіріп, анадан артық жақын адам жоқ екенін ұғындырып өсіруіміз керек.

қазақ-әйелдері.jpg

Қыз – болашақ ана, бір әулеттің үлгілі келіні атанатындығын санасына сіңіріп,  әйелге үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелетіндігін айтып отыру керек. Жалпы, қазақта «қызды қырық үйден тыю» деген сөз бекер айтылмаған. Біздің ата-бабамыз келешек ұрпағының тазалығын қыздың   тәрбиесінен бастаған. Осындай дәстүрдің бәрін жоққа шығарып, демократияны желеу етіп, өркениеттілік осы екен деп, бетімен кету ата дәстүрімізге,  жалпы ұрпағымызды тәрбиелеп өсіруге кері әсерін тигізеді. 

Ұл өсті дегеннен өзіне жар болатын жанның арының тазалығына мән беру керектігін ана айтып отыруы керек. Бойжеткен  қыздың қылығы көп, сондықтан да қызбаланың тәрбиесіне ананың ерекше мән бергені жөн. Қыз анасымен сырлас болып, өзін мазалаған ішкі ойларымен әрдайым бөлісіп  отырса, жамандыққа жолықпайды. 

Бүгінде біз жоғары ақпараттық технологиялар  заманында өмір сүрудеміз деп мақтанамыз. Жетіліп келе жатқан ұрпақты сауатсыз деп те айтуға болмайды. Бірақ, қыздар интернеттен емес, аналарынан, жақын әпке-жеңгелерінен кеңес алғаны абзал. Өйткені, интернеттің ой бұзатын, теріс әрекеттерге жетелейтін жақтары да аз емес. Сондықтан бұл бағытта біз қызға бір үйдің перзенті деп қана қарамаған ата-баба ұстанымын жалғастыруымыз қажет-ақ. Олар әулет болып тәрбиелеген. «Қыз өссе, елдің көркі» деп текке айтылмаған. Ақылы көркіне сай болашақ аналарға тәлім беру мақсатында ата-аналармен бірге дәрігерлердің, психологтардың қатысуымен кездесулер мектептерде жиі өтіп тұруы тиіс.

А.ИЛИМОВА,

№ 6 емхана психологы    

Әзілхан Нұршайықовтың өшпес махаббаты
Мәди Қожаұлы Биғалиев. Жаңа формация адамы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу