Жаныңды қымтап ұста
Баяғы да бір данагөйге өте сұлу, көрікті бойжеткен жылап кепті.
- О, ақсақал, не істеймін айтшы, - деп, қарияның аяғына жығылады. – Мен адамдарға мейіріммен қарап, ылғи жақсылық жасауға құлшынып тұрам. Жұрттың бәріне құрақ ұшып, елгезек болсам да, алғыстың орнына реніш естимін, құрметтің орнына келемеждеуге тап болам. Кейбірі ашықтан ашық жауласа кетеді. Оларға еш жамандығым жоқ. Бұлары әділетсіздік қой. Не істесем болады? Ақыл қосыңызшы! – деп мұңын шағады.
Данагөй көрікті қызға мұқият қарайды да, жымиған күйі:
- Тыржалаңаш шешін де, қаланың ішінде солай бір жүріп қайт, - дейді.
- Құдай сақтасын! Есіңізден адастыңыз ба? – деп бұлқан-талқан болады бойжеткен. – Мен олай жүрсем бұ жұрттың ойына не кіріп-шығатынын қайдан білем, абыройымнан айырылармын, - деп күмілжиді.
Сонда данагөй есікті ашып, үстел үстіне айнаны қояды.
- Көрдің бе, - дейді ол, - сымбатты мүсініңді ел-жұртқа көрсетуге қорқасың. Онда неліктен бейтаныс адамдар алдында жаныңды айқара аша бересің? Жаныңды қымтап ұста. Сенің жаның мынау ашық-шашық тұрған есік іспетті. Ерінбегеннің бәрі өміріңе кіріп-шығып жүр. Сенің жақсылығыңнан айнаға қарағандай өзіне қарайды. Содан өзінің бейберекет кемшілігін көре қалса, дереу сені кемсітіп, мұқатып, ренжіткісі кеп тұрады. Адамның бәрі өзгенің одан артық екенін мойындай бермейді. Өзгергісі келмеген қиянатшыл жан дұрыс жолдағы кісімен жауласа кетеді.
- Сонда мен не істеуім керек? – деп сұрайды бойжеткен.
- Маған ер. Саған өзімнің бау-бақшамды көрсетейін, - дейді данагөй қарт.
Бақшасын аралатып жүріп қарт қызға:
- Мына гүлдерді өсіріп, мәпелеп жүргеніме көп жыл өтті. Бірақ бірде-бір рет гүл ашқанына куә болмаппын. Дегенмен, ашылған әр гүлдің жұпарынан ләззат аламын. Сен де осы гүлдей бол. Адамдардың алдында жүрегіңді байқап, асықпай, білдіртпей аш. Кім саған дос болуға лайық екенін, жақсылық жасай алатынын анықтап қарап ал. Гүлге су құя алатын қасиеті бар ма, оны да бағамда. Әлде жапырағын жұлып, табанына салып таптай ма? Оны да біліп ал.
Евгений Санин
Аударған Шынар Әбілдә