Рухани сұлулық

Oinet.kz 08-11-2019 1489

Гаутама Будданың бір шәкірті туралы әдемі хикая бар. Ол өзі бір ерекше монах болған екен – денсаулығы зор, сымбатты, ерекше әдепті. Ол да Гаутама сияқты патшалар әулетінен шыққан. Патшалықты тәрк еткен. Батыста Клеопатраны әйел біткеннің көріктісі санаса, шығыста Амрапали деген ғажап сұлу әйел болған екен. Ол Гаутама Будданың замандасы болыпты. Сұлу болғаны сонша сарайының жанында үнемі алтын пәуескелер толып тұрады екен. Патшалардың өзі оны бір көруге кезекке тұрған – Амрапали жезөкше болған. Бірақ өте бай жезөкше екен, бір патшалықты тұтас сатып алуға дәулеті жететін-мыс. Сұлу болғанмен жаны дертті екен. Жүрегі махаббатты аңсайды. Еркек әйелдің тәнін сатып алғанда, әйел ұнатқандай қалып жасайды, қанша дегенмен ақысын төледі, ал жан-жүрегімен сол еркекті жек көріп тұрады. Себебі, мұндай еркек үшін әйел тек тауар, сатып алды, бітті, адам деп қарамайды. Бұл кім үшін болса да қайғы. Сені адам емес, бұйым ғұрлы көрмегені жанына батады. Ондай кезде адамның ар-ожданы жылайды, даралығы жоғалады.

Жас монах қалаға қайыр тілеуге келеді. Ойында дым жоқ, алтын пәуескелер мен кілең сәйгүліктердің ортасымен жүріп келе жатады. Қатты таң қалады. «Мына сарай кімдікі?» деп сұрайды. Ол жоғары қарағанда, сол сәт Амрапали терезеден төменге қарап тұр екен. Жігітті көріп, жүрегі дір етті – жас жігіт оны көріп, иіліп сәлем береді. Мұндай сұлулықты күтіп, баптау керек, жай қолдана беруге болмайды. Құдіретті Құдайдың берген сыйын бағалау қажет, тек ренжітуге болмас. Жас жігіт иіліп сәлем бергенде Амрапалидің жүрегінде бір толқын көтеріледі. Өмірінде бірінші рет бөтен жан оған құрметпен, адам сияқты қарады. Ол дереу жүгіріп түсіп, монахтың аяғына жығылады. «Бүгін ешқайда бармаңыз, менің қонағым болыңыз» дейді жалынып. Жас жігіт: «Қадірлім, мен қайыршымын ғой. Мына керемет сарайыңда қаншама патшалар сенімен кездесуге зар боп отыр, менің барғаным орынсыз болар». Амрапали: «Ұмытшы патшаларды, мен оларды жеккөремін. Мен өз еркіммен бірінші рет үйіме қонақ шақырып тұрмын. Сондықтан маған жоқ демегін. Мені патшалар мен қағандар мыңдаған рет шақырған, ал мен ешкімді шақырған емеспін. Мені ренжітпе, менің тұңғыш қонағым бол. Менімен бірге тамақтанып шық» деп жалынады. Монах келіседі. Оның соңынан ілесіп келе жатқан көп монахтар бар еді. Көбіне Будданың соңынан он мыңдаған монахтар еріп жүретін. Олар өз көздеріне өздері сенбеді. Жас жігіт солардың көзінше жезөкшенің үйіне кіріп кетті. Оларқызғаныш білдіріп, Гаутама Буддаға ренжіп келіп, мән-жайды баяндайды. «Бұл адамды біздің ортамыздан қуу керек. Ол тәртіпті бұзды. Ол жезөкшеге иіліп сілем берді, оның сарайына кіріп, тамақтанды» депті. Будда: «Қайтып келерін күтелік» дейді.

Амрапали бірінші рет өз қолымен тамақ жасап, монахқа ұсынады. Көзіне жас алып тұрып: «Саған бір өтінішім бар» дейді. Жас монах «Өз-өзімнен басқа дымым жоқ. Қалағаның менің ырқымдағы дүние болса, бәрін де орындайын» дейді. «Ештеңе де қажет емес, екі-үш күнде жаңбыр маусымы басталмақ...» дейді..

Будда монахтарының жаңбыр маусымында – төрт айға бір жерде тұрақтайтын салты болған. Қалған сегіз ай көшіп-қонып жүре беретін. Алайда жаңбыр кезінде бір жерді мекендеп, жаңбырдан сақтанатын. Амрапали: «Жаңбыр маусымы келе жатыр, сен сол төрт ай бойы менің сарайымда қалсаң, жақсы болар еді. Сенен ештеңе сұрамаймын, мазаңды алмаймын, бәрін саған ыңғайлы етемін» дейді. Жас жігіт: «Мен Ұстазымнан рұқсат сұрауым керек. Егер ол рұқсат етсе, қалайын. Ол рұқсат етпесе, онда мені кешіргін. Мұнда қалу, қалмау менің қолымдағы іс емес – менің тағдырымды Ұстазым шешеді» дейді.

Ол қайтып келеді. Басқалар оған ренжіп, сөгіп жатты. Гаутама Будда оны қалай жазалайды деп күтеді. Будда одан не болды деп сұрайды. «Бәрін өзің айтып бер». Ол ештеңе жасырмастан айтып береді. Оның үстіне Амрапали... Ол жезөкше деген сөзді қолданбады, бұлай десе, адамның намысына тигені болар еді. Осы сөзбен-ақ әйелге айып тағылды, тәнін сатып, махаббатын тауар қып сатып күн көргені үшін айыпталды – ақшасы бардың бәрі сол махабатты сатып алды. «Амрапали мені жаңбыр маусымын өз сарайында өткізуге шақырды. Егер Ұстазым рұқсат етсе, келемін дедім. Басқасы маңызды емес...»

Мүлгіген тыныштық орнайды. Он мың монахдемдерін іштеріне алды. Гаутама Будда оған: «Амрапалидің сарайында қалуға рұқсат» деді. Мұндай шешімді ешкім күтпеген еді. Олар біз не естідік деп таң қалысты. Фәни дүниенің рақатынан бас тартқан монах жезөкшенің сарайында төрт ай тұрады деген не сұмдық! Жасы келген бір монах тұрып: «Бұнысы дұрыс емес. Мына жігіт шындықты жасырып тұр. Ол Амрапали деді. Бірақ Амрапали жезөкше екенін айтпады» деді. Гаутама Будда: «Мен білемін. Жезөкше деген сөзді айтпағаны үшін оған рұқсатымды бердім. Ол әйелді құрметтеп отыр, айыптамады. Өз еркімен оның сарайында қалғысы келмеген, сондықтан рұқсат сұрап келді. Егер өз еркіңмен сонда қалғың келсе, мен рұқсат етпес ем». Келесі бір монах: «Не деген қызық шешім болды. Біз арамыздағы бір монахтан айырылып қалатын болдық. Әлгі әйел – ол да әйел, ол көздің жауын алатын сылқым. Төрт айдың ішінде мына жігіт әулие боп өмір сүруден қалар. Біз үшін жоқ болмақ. Ол төрт айдың ішінде күнәһар болып шығады» деп қауіптенеді. Гаутама Будда: «Төрт айдан кейін сен де, мен де осында боламыз. Сол кезде көреміз. Мен оның медитациясына сенемін. Оның терең түсінігіне сенемін. Тыйым оған көмектеспейді. Ол маған сенді. Әйтпесе келмес еді. Ол қайыр сұрайтын тостағын тастап, сонда қала берсе болар еді. Мен оны түсініп тұрмын. Оның санасын да сеземін. Өзін жанып тұрған отпен сынаудың жақсы амалы. Не боларын төрт айдан соң көреміз. Осы төрт айды күтелік» депті.

Сол төрт ай басқа монахтар үшін төрт ғасырға созылды. Әр күн ғасырдан да ұзақ жылжыды. Олар не боп жатқанын елестетіп, қиялдай берді. Түнімен не боп жатқаны туралы түстер де көретін. Төрт айдан кейін жас монах қайтып оралады. Сұлу әйел ізінен ілесіп келді. Ол Буддаға: «Бұл Амрапали – ол біздің қауымға мүше болғысы келеді. Мен оның жүрек тазалығына кепілмін. Ол ғажап әйел. Сұлу ғана емес, бұл фәниде оның жанындай мөлдір жан адам баласында жоқ» деді. Әйел Гаутама Будданың алдына иіліп, аяғына жығылады. Он мың монах таң қалысты. Будда оларға: «Бұл төрт ай бәрің үшін өте ауыр өтті, сендердің қатты қайғырғандарыңды білемін. Күн сайын саналарың монах пен Амрапали арасында не боп жатыр деп, небір қитұрқыны ойлап, шаршады. Ол әйелге ғашық болып, рухани құлдырап кетті деп қорықтыңдар. Төрт ай өтер, жаңбыр қояр, бірақ ол оралмайды – мұндай абыройсыздықтан соң қайтып келмек? – дестіңдер. Алайда бүгін көздерің жетті: санасы сау адам жезөкшенің үйіне енсе, жезөкше өзгермек, санасы сау адам емес. Жоғары сана енгенде төмен сана трансформацияланады. Жоғары сана төменге түсіп кете алмайды» дейді ол.

Оның аты Амрапали, мағынасы... Оның өте үлкен манго бақшасы бар еді. Шамамен, жүз шаршы болған шығар, ол сонысын Гаутама Буддаға сыйлайды. Манго бақшасы өте әдемі жер еді. Амрапали қолындағы сарайын, бүкіл дәулетін Будданың ілімін таратуға жұмсайды. Будда өз қауымына: «Егер жезөкшенің қасында отыруға қорықсаң, бұл қорқыныштың жезөкшеге түк қатысы жоқ. Бұл сенің бейсанаңнан туған қорқыныш, себебі өз құмарлығыңды күшпен басып отырсың. Егер жаның да, санаң да таза болса, айыптау әдеті жоғалады» дейді.

Сондықтан рухани сауыққан адам жақсы, жаман деп бөлмейді, ал бала жақсы мен жаманды танымайды – тәжірибесі жоқ. Рухани сауыққан адам қайта баланың кейпіне түседі – надандыққа түспейді, пәктікке қол жеткізеді. Қартайғанның бәрі рухани сауыққан адам емес. Егер өмірді дұрыс сүрсеңіз – ұқыптылықпен, сергектікпен, қуанышпен, жан тыныштықпен, түсінікпен – сіз тек қартаймайсыз, сіз рухани өсесіз. Бұл екеуі екі түрлі үдеріс. Жұрттың бәрі қартаяды. Бірақ әр адам рухани өсе бермес. Рухани өсу – феномен, қартаю – тәни тәртіп – тән қартаяды, санаңыз артта қала береді. Егер сана өссе... Айырмашылықты ескерерсіз. Сана қартаяды дей алмаймыз – ол ешқашан қартаймайды. Ол тек өсе береді. Жоғары, жоғары көтеріле бермек. Ол әрқашан жас, таза болып қала береді – рауандап атқан таңдағы лотостың жапырағындағы таңғы шық сияқты жарқырай бермек.

Ошо

Аударған Шынар Әбілдә

Ең ұлы нығмет
Тойға шақырту
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу