Тойға шақырту

Oinet.kz 08-11-2019 1032

сәби.jpg

— Әке, сізге шақырту келіпті! Бірақ жарты жыл кешігіп жетіпті. Анам екеуіңізді тойға шақырыпты. Рустам мен Залина деген біреулер...

— Берші, көрейін, — әкем шақыртуды алып ұзақ қарады, аты-жөндерін, жазуын мұқият оқыды. Сосын маған қайтып берді. Үлгермеді. Әттең...

— Әке, сонау Дағыстаннан тойға шақырту жіберген кім? Махачқалаға шақырыпты керек десеңіз. Шақыртуға «Ұшуыңыз бен қонақүйіңізді мойнымызға аламыз» депті. Бұлар кімдер, а? Әке?

Әкем басын шайқады. Сосын біраз үндемей тұрып қалды.

— Бұл қыздың жағынан келген шақырту.

— Ол қыз кім еді? Айтсаңызшы?

— Айтсам айтайын... Сонау 1985 жыл. Жаңа жыл қарсаңында болған оқиға. Қар қалың жауып, бүкіл республиканы қар басып қалды. Есік алдына шықсаң – шарбақ көрінбейді. Үйдің шатыры ғана көзге әрең ілігеді. Радиодан Төтенше жағдай жарияланды. Шабандардың жем-шөбін ұшақпен тастап кетеді. Жолдың бәрін әскерилер тазалады. Бірақ олардың қажыр-қайраты аздық етіп жатты.

Мен аудандық ауруханада жұқпалы аурулар бөлімінің меңгеруші болып істейтінмін. Науқастарды құттықтауға жиналып жатқанмын. Айнаның алдында тұрмын, иегіме мақтадан сақал жапсырып жатырмын. Медбикелер мен санитаркалар салат жасап әуре. Бір уақта қарды сықырлатып ауыр КРАЗ ысқырып барып аурухананың алдына әрең тоқтады. Үлкен жүк көлігі ғой КРАЗ деген...

— Білем, айта беріңіз.

— Содан бәріміз терезеден қарадық. Көліктен екеу түсті де, бізге қарай жүрді. Екі минуттан соң менің кабинетіме келді. Дағыстандық жас отбасы. Шабандардың қойлы ауылында жұмыс істеп, сонда тұрады. Аудан орталығынан шамамен елу шақырымдық жер. Табалдырықта бүгежектеп тұр, әбден қалжыраған, жолдан да шаршаса керек. Отыруға шақырдым. Былқ етпейді, тұр.

Күйеуі сөйлеп бастады:

— Валера, — деді, — қызым шетінеп кетті. Алты айлық еді. Екі апта бойы іші өтті. Бір апта бұрын дем алмай қалды. Бітті. Енді бізге өлді деген анықтамасы керек екен. Киелі жерге әкетеміз. Сол жақта жерлейміз.

Сонда ғана барып қолында шабаданы бар екенін көрдім. Сары шабадан. Сонысын үстел үстіне қойды. Аузын ашты. Ішінде алты айлық нәресте. Көкпеңбек боп кеткен.

— Бұларың не, — деп дауысымды зорайта бастадым, — ақырына дейін тырп етпей жата бергенсіңдер ме? Неге бірден әкелмедіңдер?

—Келгіміз-ақ келді, Валера, мына қардан қарыс қадам шыға алмадық. Міне, бүгін үлкен көлік таптық та бірден саған келдік.

Күйеуінің үні өшті. Мен бланк алдым да, жазу жаза бастадым, автоматты түрде баланың жүрегін фонендоскоппен тыңдап қоямын.

— Мен, — деді әкем, — жансыз денені тексеріп алайын дегенмін, үміт жоқ еді, негізі анықтама бермес бұрын жасалатын шартты тексеру ғана болатын. Осы сәтте – шуыл естілді. Жүректің дүрсілі емес. Шуыл.

«Қане, тыныш!» — деп айқайлап жібердім де мембрананы бүлдіршіннің денесіне қаттырақ бастым. Фонендоскопта бірдеңе «шууух» етті.

— Әлі күнге дейін көз алдымда, — деді әкем көзі жасаурап, — үстелдің үстіндегінің бәрін шабаданымен қосып сырып тастадым да, баланы жатқыздым, медбикеге айғайлап жатырмын. Ол – ес жиғызатын қобдиды алып құстай ұшып жетті. Бір минуттан кейін қан тамырына дәрі ектік те, жүрекке массаж жасай бастадық. Сол арада талай нәрсені жасадық қой, оның бәрін сен түсінбейсің. Баланың бетіне көз алдымызда қан жүгіре бастады. Содан соң шыңғырып жыласын кеп... Бүкіл бөлімшені басына көтеріп бақырды дейсің...

Есім шығып кетті. Жан-жағыма қарасам – есіктің көзінде тұрған шешесі қабырғамен төмен сырғанап барады – есінен танып қапты. Әкесі боп-боз. Сол орнында қаққан қазықтай боп қатты да қалды.

Сан-авиацияны шақырттым. Қызды әке-шешесімен қосып ұшаққа сап жібердік. Аман қалды.

Олар содан кейін біздікіне көп рет келіп кетті, небір тәттісін жиып-теріп әкелетін. Олар сенің есіңде қалмаған ғой.

— Рамазан аға? — дедім жұлып алғандай мен.

— Иә-иә! Рамазан! Дәл өзі! Залина сол аман қалған қыз ғой. Одан бері қанша жыл өтті, қарашы, әлі ұмытпапты...

Авторы беймәлім

Аударған Шынар Әбілдә

Рухани сұлулық
Оқу ақысына төлейтін ақшасына шырт киініп алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу