Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Қымбатты Берта!
Мен қазіргі күні шаңды аз сүртіп, кітапты көп оқитын болдым. Аулада отырып табиғатқа тамсанам, бақшадағы арам шөптерге алаңдамаймын.
Отбасы мен достарға уақытымды көбірек бөліп, жұмысты аздан істейтін болдым. Өмірге төзе бермей, арасында осылай дәмін татқан да бір ғанибет. Осындай сәттерге қуанып, бағалап үлгергім келеді. Ештеңені үнемдемейтін болдым: реті келген сайын отбасылық фарфор мен хрустальді пайдаланатынды шығардым, кейде артық салмақ тастағаным үшін, кейде тіпті жақсылап жуылған қолжуғыштың құрметіне де. Әдемі блейзерімді базарға киіп баруды әдет қылдым.
Жақсы әтірді ерекше күндерге сақтамаймын. Дүкенге, не банкке барарда сеуіп шығам. «Бір күні» және «Бір кездері» деген сөздер менің сөздік қорымнан шығып қалды. Егер көруге, естуге тұрарлық дүние болса, мен соны көріп, естіп, жасап қалғым келеді. Дәл қазір.
Ертең ажал кемесіне отырарын білгенде басқалар не істейтінін білмеймін, өмірді болуға тиіс дүниедей қабылдаймыз ғой. Бәлкім, туыс-туғанына қоңырау шалып, бірнеше жақын досына хабарласар. Ескі достарының біразына хабарласып, кешірім сұрар. Қайта достасуға ықылас танытар. Бәлкім, қытай дәмханасына не басқа сүйікті асын ішетін жерге барар деп ойлағым келеді.
Мен басқалардың не істейтінін ешқашан білмей өтермін. Бұның бәрі мен істеп үлгермеген ұсақ-түйектер ғой. Санаулы уақытым қалғанын білсем, жауапсыз өмір сүргеніме ашуланар ем. Жазуға тиісті кей хаттарды жазбағаныма ашуланар едім. Күйеуім мен ата-анама оларды қаншалықты жақсы көретінімді жиі-жиі айтпағаныма ренжіп, өкінер едім. Менің өміріме жарқын күлкі сыйлап, шуақты ететін дүниенің бәрін ертеңге қалдырмай, лезде орындауға тырысамын. Таң ата салысымен көзімді тырнап ашқаннан, бүгін – ерекше күн деп айтамын. Әр күн, әр минут, әр тыныс алуым – ғажап сый.
Өмір әрдайым думанды сауық кеш бола бермес, бірақ тірі жүрген кезімізде билеп қалғанымыз дұрыс.
Аударған Шынар Әбілдә