Өмір сүргеннен - төзгенің көп
Біраз уақыт бұрын екі жыл ыстық сусыз өмір сүрдім. Асүйде сарылдап ағып тұр. Ал жуынатын бөлмеде сыздықтап тұрады. Ваннаны толтырып алу үшін жарты сағат күтесің. Таңертең не кешке жуынғың келеді. Әрбіріміз бір жарым сағатымызды жуынуға арнаймыз. Әрине, ыстық су ақпай тұрғанын көргенде мен күйеуіме сантехник шақырайық дедім. «Шіріп кеткен құбыр, жалдамалы пәтер, сантехниктің келгенінен не шығар дейсің? Ескі үйге жөндеу жұмыстарын жасамайтын шығармыз. Осылай күнелте тұрайық» деді. Күнелте бердік. Екі жыл зулап өте шықты. Бірде неге екенін ұмыттым, шыдамым таусылып, жарылдым. Айқай-шу шығардым. Содан кейін сантехник шақыртылды. Бес минуттан кейін ісін бітіріп шығып кетті. Түк шықпады екен деп ойлағанмын. Суды ашсам, сарылдап тұр. Білесіз бе, құбырға қақ тұрып қапты. Соны бұрандасымен бір қойғанда су сарылдай жөнелген. Суды ағызбай тұрған кедергі алынды. Екі жыл ыстық сусыз отырғаным – бір қоңыраумен шешілді.
Бұның бәрі өзіміздің немқұрайлы болғандығымыздан екенін мойындаймын. Бірақ мұндайды айналамнан да көп көрем.
Достарымыз он жыл құрқылтайдың ұясындай тар пәтерде тұрды. Артық зат алайын десе, айналатын орын жоқ. Өздері пәтерлерін сондай жек көретін. Әрлеп-сырламады да. Он жыл дегенде төзімдері таусылып, басқа үйге көшті. Тек тұратын аудандарын қимайтын. Заттарын жинай бастайды. Қараса, ұқыптап шабадандарға жиналған киім-кешектен, антресольдағы жөндеуге арналған асай-мүсейлер, сөредегі ашылмаған кітап толы қораптар, одан бөлек қолдан жасалған кәдесыйлар мен саяхаттан әкелген естеліктер, бұрыштағы әжесі сыйлаған, ақыры төселмеген кілем, жайма төсек пен сынып қалған кір жуатын мәшіңкеге дейін керексіз екенін түсінеді. Бұрыш-бұрыштың бәрінде баяғыда тастайтын заттар жиналып тұра берген. Ешкім үңілмеген, тазаламаған. Көшетін адам құсап өмір сүрген. Өздеріне керегі үш сөмкеге сыйды, қалған он сегізін қоқысқа тастады. Сол сәтте бара қалған едім, құрбым жылап отыр. Соңғы он жыл әлдеқайда әдемі өмір сүруіме болар еді, бәрі өзіме бақытты сәттерді қимағандықтан ғана тар үйді тамашалап өтіппін дейді. Дәл сондай жағдайда өзімен өзі болып өмір сүретін адамдар баршылық.
Ауырады. Басы ауырады. Неше жылдан бері келе жатқан дерт. Бастың сақинасы емделмейді деп өзімізді шектейміз. Бір күні аяқ астынан дәрігерге бара қалса, емделіп кетеді. Сонша жыл қиналмаса да болғандай екен.
Психологиялық жағдай да сондай. «Әлем сондай», мен де кемшіліксіз емеспін дегеннен аспайтын уайым бекер екенін түсінесің. Сол уайымның бәрін де «антидепрессант» қиындатып қоймай, біршама «сапалы өмір кешуге» себепкер де болады екен.
«Сапалы өмір» деген өте маңызды сөздер. Қанша табыс тауып, қайда демалатыныңды түсіндіретін сөздер емес. Төзімің қаншаға жететіні туралы. Неге көнгенің, қаншама рет ерік-жігеріңді жұдырыққа түйіп қап, айналаңдағы бақытсыздыққа көз жұмғаның туралы. Бәрі түзелгенше іштен тынғаның. Сенің тәніңдегі дерт пе, сақтап қалуға тырыспын деп өзіңді кәміл сендіретін бақытсыз қарым-қатынас па, баспананың нашарлығы болсын, бәрі де төзіміңді кеміретін жегі құрттай маза бермейді. Бір күні қарасаң, өмір сүргеніңнен төзген күнің көп боп шығады. Бір жаманы, сол төзгеніңнің бәрі ақырында еш пайда бермейді, тіпті жай ғана уақыт ұрлаған боп қалатыны жанға батады. Егер айлап санап жатсаң мейлі екен, жылдарға созылатын кесірлікті қайда қоярсың?
Айналайындар, қамалып отырған шектеудің төрт қабырғасы қаншалықты мықты екенін байқап жүріңдер. Жабық тұрғандай көрінген әр есікті жұлқып ашып, тексеріңдер. Шешімі жоқ түйткілдің бәрін тіске сап, тістеп көріңдер. Түйінін тауып қаларсың. Кейде шіріп кеткен тұсаудың өзі темір кісеннен мықты ұстап тұратын әдеті бар.
Тым ұзаққа созылатын қиындықтың бәрі, оларды шешудің жолын табудан да сорақысы – соның бәріне төзудің текке өткенін түсіну. Сол төзіп, көніп өткен уақыттың бәрінде бақытты өткізуге болар еді. Сонша жыл текке кетпес еді. Өмірдің сол сәтсіз, бақытсыз тұсын басқа бояуға болатынын білгенде, ішіңді өкініш кернейді. Ал сен соны білмегенсің. Уыстан сусып кеткен уақытты кейін қайтара алмайсың. Солай...
Автор — Марта Кетро
Аударған Шынар Әбілдә