Сырлыкүл Саттарханова: «Маған негізі кино ауырлау тиді»
Қазақ халқы Бекзат Саттархановтың Сидней Олимпиадасында өткен жекпе-жегіне қайтадан жанкүйер болды. 2 қазан Шымкент қаласында «Бекзат» фильмінің жабық көрсетіліміне келген көрермен қауым 19 жыл бұрынғы қазақты дүр сілкіндірген қуанышты оқиғаны қайта тамашалау мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды OINET.KZ.
Киноның сюжеттік желісінде шымкенттік көрермен боксшының өміріндегі сәтсіз тұстарына бірге мұңайып, қызыққа толы сәттері мен әрбір жеңісіне бірге қуанды. Кинокартинаның көрерменін желпіндірген тұсы – Бекзаттың жеңіске бір қадам қалғандағы сәті. Америкалық Рикардо Хуареске жасаған әр соққысында фильмді тамашалап отырған қауым жан-тәнімен қайта-қайта шапалақ ұрып, қолдап отырды.
Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм түсіріледі деген ақпарат бірнеше жыл бұрын тараған еді. Қазақстанның қоржынына алтын жүлде салған чемпионның ата-анасы бұл сәтті тым ұзақ күтті. Қазақ халқының маңдайына жарық жұлдыз болып жазылған перзенті туралы кинокартинаны тамашалау Бекзат Саттархановтың анасына оңай тимегені анық. Сырлыкүл Саттарханова «Бекзат» көркем фильмінде ұлының спортқа келгенінен бастап, қазақтың атын шығарған уақытқа дейін тек шынайы оқиғалар бейнеленгенін айтты.
«Толқып тұрмын. Маған негізі кино ауырлау тиді. Себебі, Бекзаттың шынайы өмірі дәріптелген деп айта аламын. Көркем фильм болғаннан кейін кішкене өзгерістер болады енді. Бірақ спортқа келген кезінен бастаған сәттері, жалпы Бекзаттың өмірі шынайы бейнеленген. Сондықтан да маған өте ауыр тиді. Бірақ қуаныштымын», - дейді марқұм батыр ұлдың анасы Сырлыкүл Саттарханова.
«Бекзат» фильмінің көрсетілімі ең алғаш Нұр-Сұлтан қаласында өткен еді. Сейілхан Саттархановтың айтуынша, елордалық көрерменге қарағанда күні кеше Түркістанда өткен жабық көрсетілімге келген қауым ерекше ықылас танытқан.
«Бекзат туралы кино түсіріледі дегеніне біраз уақыт болған. Енді әртүрлі жағдайларға байланысты осы сәтке келіп тұр екен. Фильм өзімізге қатты ұнады, керемет. Өте қатты әсер етті. Әсіресе, анасына қатты әсер етті. Бүгінгі күннің тағы бір ерекшелігі жас қазақ мемлекетінің абыройы асқақтаған күн, яғни көк Туының жоғарыға көтерілген күні. 1-қазанда қазақтың екі жас ұланы Бекзат пен Ермахан қазақтың көк туын Сиднейде желбіреткен күн», - дейді Сейілхан Саттарханов.
«Хабар» агенттігі «Бекзат» көркем фильмін таспалауды 3 жыл бұрын мақсат еткен. Бұл туралы тарқатып «Хабар» агенттігінің АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев айтып берді.
«Білуімше, осы 20 жылға жуық уақыттың арасында жекеленген кино компанияларының, «Қазақфильмнің» Бекзатқа арнап фильм жасау талпынысы болған. Бірақ ол жобалардың неге сәтсіз болғанын, неге жүзеге аспағанын білмеймін. Ал біз бұл идеяны соңғы 3 жылда пісірдік. Ойландық, толғандық. Сөйтіп, «Хабар» агенттігі режиссер Мұрат Бидосовқа тапсырыс беріп, соңғы екі жылда түсіру, дайындық жұмыстары жүріп, жақында бітті. Негізі біздің агенттіктің тікелей миссиясы көркем фильм, толық метражды кинокартина түсіру емес. Біз отандық сериал өндірісін бағыттауға арналған құрылымбыз. Бұл жобаның алты сериадан тұратын сериалдық нұсқасы бар. Біз оны тәуелсіздік мерекесінде «Хабар» телеарнасы арқылы көрерменге ұсынатын боламыз», - дейді Ринат Кертаев.
«Бекзат» көркем фильмінің түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстамбұл қалаларында жүргізілген. Фильмнің сценарийін Сержан Зәкерұлы жазған, кинокартинаның режиссері – Мұрат Бидосов. Бас кейіпкер Бекзаттың рөлін сомдау Самат Әзімқұлов есімді азаматқа бұйырған. Ол 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасындағы екі рет Қазақстан чемпионы атанған. Жастайынан Бекзатты үлгі тұтқан азаматқа Бекзаттың рөлін алып шығу қиынға соқпаған екен. Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм 3 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсететін болады.