Вице-президент: Ықтимал кандидаттар кімдер?
Қазақстанда жаңа Конституцияның жобасына қатысты референдум 15 наурызда өтеді. Ал, Вице-президент, Премьер-министр мен Құрылтай төрағасы Парламент сайлауынан кейін белгілі болады. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев NUR.KZ порталына берген сұхбатында Вице-президентке қатысты болжамдарын жария етіпті.
«Вице-президентті, шартты түрде айтқанда, референдумнан кейін “алуымыз” мүмкін. Немесе жаңа Парламент қыркүйекте жиналған кезде де бұл мәселе шешілуі ықтимал – түрлі нұсқа бар. Реформалар жоспарланған бастапқы кесте бірнеше рет өзгерді. Сондықтан нақты қашан жүзеге асатынын айту қиын», – дейді Данияр Ашимбаев.
Оның айтуынша, техникалық тұрғыдан Конституцияны, конституциялық заңдарды қабылдауды және кезектен тыс сайлауды қатар өткізіп, қыркүйекте толық жаңартылған саяси құрылымды қалыптастыруға болады. Одан кейін Вице-президентті сайлау мүмкіндігі туындайды.
Әшімбаев бұған дейін Қазақстанда Вице-президент лауазымы болғанын еске салды. 1990 жылдардың басында алдымен Президенттің орынбасары, кейін Вице-президент қызметі енгізілген. Бұл қызметті Сергей Терещенко, кейін Ерік Асанбаев атқарған. Кейіннен бұл лауазым жойылып, билік сабақтастығына қатысты өкілеттіктер Сенат спикеріне берілді.
«Вице-президент атқарған өкілдік функциялар Мемлекеттік хатшы лауазымына өтті, ол қазір Мемлекеттік кеңесші деп аталады. Қазір Мемлекеттік кеңесші қызметі таратылып жатыр. Ал Мемлекет басшысы жариялаған Вице-президенттің функционалы қазіргі мемлекеттік кеңесшінің міндеттеріне өте ұқсас. Сонымен қатар Сенат спикері мәртебесінен айырылады (егер бір палаталы парламентке көшу жүзеге асса)», – деп түсіндірді саясаттанушы.
Сарапшының пікірінше, жаңа қызметке ең ықтимал үміткерлер – Ерлан Қарин мен Мәулен Әшімбаев. Алайда бірыңғай Парламенттің спикері және Халық кеңесінің төрағасы кім болатыны да маңызды мәселе.
«Қарин Вице-президент, ал Әшімбаев Халық кеңесінің төрағасы болуы мүмкін деген жорамал бар. Немесе керісінше болуы ықтимал. Тіпті Конституцияға енгізілетін соңғы өзгерістер екі лауазымды қатар атқаруға мүмкіндік беруі де ғажап емес. Сондықтан қазір лауазымы өзгеруі мүмкін үш адам бар – Мәулен Әшімбаев, Ерлан Қошанов, Ерлан Қарин. Бірақ күтпеген нұсқалар да пайда болуы мүмкін. Себебі конфигурация көз алдымызда бірнеше рет өзгерді. Конституциялық реформаның өзі бірнеше мәрте қайта қаралды. Соңғы нұсқасын болжау қиын», – деді ол.
Әшімбаевтың пайымынша, жаңа үш лауазымға ең ықтимал кандидаттар – осы үш мемлекеттік қайраткер.
«Вице-президент – бұл қазіргі Президент мерзімінен бұрын қызметінен кеткен немесе қайтыс болған жағдайда елді басқара алатын тұлға. Сенат спикерлерінің лауазымы да осы логикамен іріктелді – елді қажет жағдайда басқаруға қабілетті адам болуы тиіс.
Біз басқару тәжірибесі мол, білікті, беделді үш саясаткерді көріп отырмыз. Олардың мұндай әлеуеті бар. Бірақ реформа толық аяқталғанға дейін шорт-листке басқа да есімдер қосылуы мүмкін. Қазір нақты кім Вице-президент, кім спикер, кім Халық кеңесінің басшысы болатынын айту қиын. Дегенмен осы үш тұлғаның бірінің Вице-президент атану ықтималдығы шамамен 80 пайыз», – деп түйіндеді саясаттанушы.


