БҚО-да қыз зорлау айыбымен ұсталған шенеунікті қайта босатып жіберген
Батыс Қазақстан облысында жергілікті әкімдіктің жоғары лауазымды қызметкеріне кәмелетке толмаған қызды зорлады деген айып тағылды. Арызды қыздың әкесі түсірген, деп хабарлайды Оinet.kz.

БҚО полиция департаменті мәліметінше, 2 қаңтарда полицияға 16 жасар қызға қатысты құқық бұзушылық туралы хабарлама түскен. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция хабарламасында: «Тергеу барысында күдіктінің қызбен жазысуы мен басқа да фактілер анықталды. Дегенмен, ресми тергеу кезінде зорлық фактісі расталмады. Сондай-ақ, зардап шеккен қыз бен оның анасы күдіктіден ешқандай талап қоймайтындарын айтып, қарым-қатынастың екі жақты сипатта болғанын жеткізді», – делінген.
Күдікті аймақтық әкімдіктің бөлімінде қызмет атқарған және арыз түскеннен кейін жұмыстан босатылған. Аудандық полиция бөлімінде тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қалған деректері жария етілмейді. Іс қазір полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Еске сала кетейік, бұған дейін әкесінің айтуынша, күдікті 2 қаңтарда қызды өз үйіне алдап шақырып, азғындық әрекетін жасаған. Арыздан кейін ол уақытша ұсталған, бірақ кейін босатылған. Қылмыстық іс ҚР ҚК 120-бабы 3-1 бөлімі 1 тармағы («Кәмелетке толмағанға қатысты зорлық») бойынша қозғалды, тергеу жалғасуда. Ал күдіктіні қамауға алу мәселесі тергеу аяқталған соң шешілетін болады.


