
Аудан әкімінің баяндамасында келтірілген деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 147,3 млрд теңгеге жеткен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 24 пайыздық өсім деген сөз. 2024 жылы аталған көрсеткіш 119,2 млрд теңгені құраған болатын.
Экономика құрылымына үңілсек, ауданның негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Жалпы өнімнің 72 пайызы осы саланың еншісінде. Өнеркәсіп – 15 пайыз, құрылыс – 9 пайыз, ал сауда саласы 4 пайыз үлеске ие. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының аграрлық бағыттағы ерекшелігін сақтай отырып, біртіндеп әртараптану жолына түскенін байқатады.
Бүгінде ауданда 12 ауылдық округ, 33 елді мекен бар. Халық саны 104 244 адамды құрайды. Демек, экономикалық өсім – ең алдымен осы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
2025 жылы аудан экономикасына 71,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 105,7 пайыз өсім көрсетеді. Оның 63 пайызы немесе 45,1 млрд теңгесі – жеке инвестициялар.
Ауданды дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары да осы үдерістерді жүйелеуге бағытталған. Құжат үш негізгі бағытты қамтиды: ауыл шаруашылығы; өнеркәсіп; туризм.
Шаға ауылдық округінде құрылған шағын өндірістік алаң – аудан экономикасындағы тың бастамалардың бірі. Мұнда 40 нысанның құрылысы аяқталып, 16 цех іске қосылған. Нәтижесінде 700 жаңа жұмыс орны ашылды.
Іске қосылған кәсіпорындар суару жүйелерін, жиһаз, ағаш есіктер, өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтары, су құбырлары мен тұрмыстық қалталар өндірумен айналысуда. Бұл жобалар тек аудан ішіндегі сұранысты қамтып қана қоймай, өңіраралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін қалған 24 өндірістік ғимаратта ауыл шаруашылығы дрондарын құрастыру, модульдік және капсулалық үйлер өндіру, ауыл шаруашылығы техникаларын жинақтау, кептірілген көкөніс өнімдерін дайындау, электроника мен пластмасса бұйымдарын шығару жоспарланған. Яғни аудан индустриялық бағыттағы жаңа кезеңге қадам басып отыр.
Қарашық ауылында 10 гектар аумақта 14 цехтың құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі – 4,8 млрд теңге. Бұл жобалар іске асқанда 170 жаңа жұмыс орны ашылады.
Иассы ауылдық округінде 9 гектар жерге 21 өндірістік цех салынып жатыр. Инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге. Мұнда 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қосмезгіл ауылында жеке кәсіпкер бастамасымен 8 гектар аумақта 10 өндірістік цех салу жоспарланған. Қазіргі таңда үш нысанның құрылысы жүріп жатыр. Инвестиция көлемі – 3 млрд теңге.
Аталған жобалардың барлығы ауылдық жерлерде өндіріс мәдениетін қалыптастырып, еңбек нарығын тұрақтандыруға ықпал етеді. Ең бастысы – ауыл тұрғындарының табысын арттырып, көші-қон үдерісін тежеуге мүмкіндік береді.
2030 жылға дейінгі даму жоспарының үшінші бағыты – туризм. Емдік-сауықтыру және демалыс аймақтарын құру арқылы ауданның табиғи және тарихи әлеуетін тиімді пайдалану көзделген. Бұл салада инфрақұрылымды жетілдіру мен сервистік қызмет сапасын арттыру басты назарда болмақ.
Сауран ауданы экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Аграрлық әлеуетті сақтай отырып, өнеркәсіп пен туризмді қатар дамыту – ауданның ұзақмерзімді тұрақты өсіміне негіз болмақ.
Жүйелі жоспар мен нақты жобалар үйлесім тапқан тұста, өңірдің өндірісті, әлеуетті аймаққа айналуы – уақыт еншісіндегі мәселе.


