«Тырнағын жұлып, қолын сындырып, азаптаған»: Терезеден құлап қаза тапты деген қыздың анасы

Oinet.kz 14-05-2025 977

Өткен жылы шілде айында Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің 7 қабатынан 24 жастағы қыз құлап қайтыс болған еді. Марқұм Ақнәр Хамитованың анасының айтуынша, қызы өздігінен құлағамаған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_19.jpg

“Тұншықтырып, шашын жұлып, өлтіріп жатыр” деген хабарлама келді

Марқұмның анасы Гүлстан Хамитованың айтуынша, оқиға өткен жылы 20 шілдеде болған.

“Қызым Ақнәрді тұрғын үйдің 7 блок 133 пәтерде екі қыз қинап, азаптап 7 қабаттан лақтырып жіберген. Ол кезде мен Қытайда болдым. Түнгі сағат 2:30-да маған Whats’App-тан қоңырау келді. Бірақ телефон тұтқасын басқа мас күйдегі қыз алып, қызыммен сөйлесуге рұқсат бермеді. Осыдан кейін туыстарым телефон соғуға тырысты, бірақ ешкім жауап бермеді”, – дейді марқұмның анасы.

Сондай-ақ ол кейіннен әпкесінің телефонына басқа қыздан дауыстық хабарлама келгенін айтты.

"Мұнда бір қызды тұншықтырып, шашын жұлып, өлтіріп жатыр" деген хабарлама келген. Ол кезде мен Қытайда болдым. Мен бірден ағаларыма телефон соғып, оны тез арада тауып беруін өтіндім. Келесі күні Алматыдағы 12-ауруханаға келсем, қызым олар келгенге дейін жарты сағат бұрын қайтыс болыпты", – дейді Гүлстан Қамит. 

Бостандық аудандық полиция бөлімі марқұмның анасына қызының өзі терезеден құлап кеткенін айтқан. Алайда Гүлстан Қамиттің айтуынша, Ақнәр қайтыс болған кезде пәтерде тағы екі қыз болған. Олардың істегі мәртебесі "қорғауға құқығы бар куәлар" ретінде нақтыланған. Бірақ марқұмның туыстары қыздың денесін мәйітханадан алып, жуған кезде азаптау іздерін тапқан.

“Сол жақ бүйірінде тепкен із бар. Жуындырған кісінің айтуынша, қызымның мұрны да қисайып кеткен. “Денесін жуындырған кезде қолы түсіп жатты. Ол қолы шорт сынғанын, оны бұрап сындырған секілді деп айтты. Қызымның шашы ұзын болған. Бес тілді жетік білді. Танымал компаниялармен жұмыс істеген қыз еді. Жуындырған кезде шашы суырылып түсті. Сосын ішкі істер бөліміне барып, қолдағы дәлелдердің бәрін тапсырдым. Олар сараптама нәтижесін күтіңіз деді. Сараптама нәтижесі екі қыздың мас күйінде болғанын көрсетті. Ал менің қызымнан ештеңе табылмады”, – дейді марқұмның анасы. 

Марқұмның анасының айтуынша, сараптамада қызының құлағында ғана сырылған жер бары көрсетілген. 

“Дегенмен сараптама нәтиежесінде қызымның құлағында ғана сырылған жер бар деп көрсетілген. Тергеуші бұл материалдарды медициналық-сараптамаға өткізбеген. 24 шілдеде ішкі істер бөліміне бардық. Қызымның киген киімі, сөмкесі, банк карталары қайда екенін сұрадым. Қызым саудамен айналысып, тапсырыс алып жүрген еді. Қанша ақшасы болды. Оған дейін “Қытай компанияларынан түскен 1 миллион теңгені долларға ауыстырып алдым. Тағы бір компания 500 мың теңге салады, соны маған жіберіңізші деп өтініш айтты маған. 17-сі күні 500 мың теңгесін салып жібердім. Қызымның әшекей бұйымдары, әмияны, тіпті тырнағы жоқ”, – дейді марқұмның анасы. 

Ақ көйлек кигізіп ұзатамын деп отырған қызымды ақ кебін кигізіп жерге тапсырдым

Гүлстан Қамитованың сөзінше, оқиғадан үш күн өткен соң, қыз құлаған жерді жуып, тазалап тастаған. 

“Бостандық аудандық полиция департаменті тергеу бөлімінің орынбасары Марат Бекзатов сол күні оқиға орнында болғанын, бәрін көргенін айтты. Дегенмен қыздың заттарын көрмедім деді. Оқиға орнында 3 қыз болды. Бекзатов “мынау кімнің заты деп көтеріп жүремін бе” деп айтты. Екі қыз мас болып, олардан жауап алмаған. 24 шілде күні оқиға орнына бардым. Ол жерді тазалап жатыр. Пәтерге кірсем, дәретханадағы қоқыс жәшігінде бір бума жұлынған шашты көрдім. Екі қыздың шашы ақшыл еді, ал менің қызымның шашы қара”, – дейді марқұмның анасы. 

Оқиғадан 40 күн өткен соң тергеу барысында тәркіленген марқұмның ұялы телефоны отбасына қайтарылған. Қыздың анасы одан қызын қинап жатқан сәт түсірілген видеоны тауып алған. Марқұмның анасының сөзінше, екі күдікті қыздың туыстары жедел тергеу тобы мен тергеушілерге ақша берген.

“Біреулерден естідім, күдікті қыздар жедел тергеу тобы мен тергеушілерге 15-20 миллион теңге көлемінде ақша берген. Қыздар туыстарына осынша ақша беріп құтылдық деп жылап айтыпты. Екі қыз этникалық қазақ, бірақ Қытай азаматы. Олар осы істен соң Қытайға емін-еркін өтіп жүрген. Тіпті бірі биыл 25 қаңтарда Қазақстанның азаматтығын алып үлгерген. КИМЭП университетінің студенттері. Қызым олардың бірімен алғашқы студенттік жылдарында жатақханада бірге тұрған. Бірі 2000, екіншісі 2004 жылғы. Полиция, жәдел жәрдем келгенде 2 қыз сол жерде болған. Азаптап жатқанын Ақнәрдің өз телефонына түсірген. Оның затын еркінен тыс қыздар өздері алып алған. Ақ көйлек кигізіп ұзатамын деп отырған қызымды ақ кебін кигізіп жерге тапсырдым”, – дейді марқұмның анасы. 

Гүлстан Қамитова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокуратурадан әділ тергеу жүргізіп, дұрыс шешім шығаруды талап етіп отыр. 

Қызды тұншықтырған қолдың иесі неге әлі бостандықта жүр?

Заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, қыздың тырнақтары алдын ала жұлынған. 

"Адам 7 қабаттан құлаған кезде тырнағы жұлынып құламайды ғой. Тырнақтары алдын ала жұлынып, азапталған. Денесінің барлық бөлігінде тістің іздері бар. Азаптау іздері денеде анық бар. Оны медициналық сараптама да растап отыр. Көзі көгерген, әр жері тырналған. Тергеу орындары бізге "сынайсыңдар, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейсіңдер" деп айтады. Бірақ неге осы уақытқа дейін іс бір ғана баппен тергеліп келе жатыр. Бұл үлкен сұрақ", – дейді заңгер.

Заңгер Инга Иманбайдың сөзінше, барлық дәлелдер қыздың 7 қабаттан құлағанын растайды. 

"Іс өзін-өзі өлтіру бабымен қозғалған. Бірақ бүкіл фото-видео дәлелдер қыздың 7 қабаттан құлағанға дейін азапталғанын растайды. Бұл 2024 жылдың шілде айында болған. 9-10 ай уақыт ішінде мынадай дәлелдер бола тұра неге іс бойынша “Азаптау” бабы қосылмағаны сұрақ туындатады. Тергеу орындары мен Бас прокуратураға осы сұрақты қойғым келеді. Фото-видеода қызды тұншықтырып тұрған қолдың иесі неге әлі бостандықта жүр?", – дейді заңгер Иманбай. 

Марқұмның адвокаты мен отбасы істі Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша қайта саралап, "Азаптау" бабы бойынша тергеу жүргізу керегін айтты. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрап білген. Полиция департаменті тергеу басқармасының қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. 

"Қазір болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талданып, куәлардан жауап алынып жатыр. Видеолар зерделеніп, заңда көзделген басқа да іс жүргізу әрекеттері орындалып жатыр. Тергеу барысы Департамент басшылығының ерекше бақылауында. Оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданады", - делінген хабарламада. 

Жәбірленуші тараптың адвокаты Инга Иманбай да әрі қарай тергеу әрекеттеріне араласатынын жеткізді. 

«Тұрмыстық жанжал ғана»: Таразда соққыға жығылған депутаттың видеосы тарады (ВИДЕО)
Сара Назарбаева қайтыс болды - БАҚ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу