«Тұрмыстық жанжал ғана»: Таразда соққыға жығылған депутаттың видеосы тарады (ВИДЕО)
Журналист Михаил Козачков желідегі парақшасында Алматы облысына қарасты Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиевтің соққыға жығылмай тұрып, оқиғаның қалай шиеленісіп кеткенімен бөлісті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Козачковжеліде тараған кей нұсқалар бойынша заңгер клиенттерімен кездесіп отырған кезде оған жергілікті тұрғын шабуыл жасаған.
"Бұл оқиға халық қалаулысының құқық қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді әрекеттерімен байланысты деген болжам да айтылды. Жақында ол полиция қызметкерлерін қызметінен босатуға қол жеткізген болатын. Бұл шабуыл соның "жауабы" болуы мүмкін деген пікірлер де бар. Алайда менің деректерім бұл оқиғаның мүлде басқаша өрбігенін көрсетеді. Нұрлан Байғазиев кафеде отырған, сол кезде ол бөтен үстелге барып, телефонын қуаттауға қойған. Сол үстелде кішкентай сәбиін тербетіп отырған әйелмен сөзге келіп қалған. Әйел бұл үстелде отбасымен отырған, ал депутат телефонын қойған жерге басқа бала отырған екен", – деп жазды Козачков.
Журналистің сөзінше, осы кезде әлгі үстелде отырған ер адам, әйелдің жары араша түседі.
"Ол да Байғазиевпен біраз сөйлесіп, жанында депутаттың танысы мен кафенің әкімшісі де болған. Басында бәрі тыныш көрінген. Бірақ Байғазиев дәл осы үстелде телефонын қуаттауы керек екенін айтып, өз талабынан қайтпаған. Соның кесірінен жанжал күшейіп кетті. Ақырында әлгі ер адам Байғазиевке бір рет соққы жасаған. Меніңше, бұл тұрмыстық жанжал ғана. Кінәлі міндетті түрде жазасын алады, бірақ оны "қауіпті кек алушы" етіп көрсету де орынсыз", – деп жеткізді Михаил Козачков.
Бұдан бөлек полиция Тараздағы депутаттың соққыға жығылуы бойынша мәлімет берді. Полицияның мәліметінше, шабуыл кезінде кастет қолданылған. Әлеуметтік желілерде тараған видеода соққы сәті анық көрінеді.
"Аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Қазір тергеу және жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Зардап шеккен азамат сол жақ бет сүйегінің ығысуымен сынғаны анықталып, қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Ол жерде сағат 19:00-ден 01:00-ге дейін болған",
–делінген полиция жауабында.
Дәрігерлердің кеңесіне қарамастан, Байғазиев ауруханада жатудан бас тартып, тиісті құжатқа қол қойып, медициналық мекемеден шығып кеткен. Дәрігерлер асқыну қаупі бар екенін ескерткен.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Таразда Алматы облысы Іле аудандықмәслихат депутаты Нұрлан Байғазиевтіңаяусыз соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады. Полицейлер бұл деректі растады. Депутат өзіне тап берген адамның қолында кастетке ұқсас зат болғанын және бұл әрекетті өзіне жасалған қастандық болуы мүмкін екенін атап өтті.