«Табаны сынған»: Өскеменде өрт сөндіруші биік ғимараттан құлап кетті (ВИДЕО)
Бүгін әлеуметтік желіде өрт сөндіріп жатқан қызметкердің терезеге кіре бергенде құлап түскен сәтінің қорқынышты видеосы тарап жатыр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Azattyq Rýhy-не сілтеме тастап.
Анықталғандай, оқиға Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында 5 мамырда болған. Красин көшесіндегі тұрғын үйдің төртінші қабатында өрт шыққан. Өрт кезінде пәтер тұрғындары үйде болмаған. Құтқару жұмыстары барысында №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері биіктен құлап, жарақат алды.
«ТЖМ қауіп-қатер медицинасы орталығының мамандары алғашқы медициналық көмек көрсетті. Дәрігерлер оған «оң аяғының табаны сынған» деген диагноз қойған. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қызметтік тексеру жүріп жатыр», - деп хабарлады ТЖМ.
Дереккөз өртеніп жатқан үйдің терезе жағында ағаш көп болған соң, арнайы техника бара алмағанын, сондықтан, өрт сөндіруші терезеге саты арқылы шыққанын айтып отыр.