«Жолаушы қыздарға тиіскен»: Желіні шулатқан таксистің кім екені белгілі болды
Өткен жылдың желтоқсанында Желіде Астана – Қарағанды бағытындағы сапар кезінде сұр Toyota Camry көлігінде алымсақтыққа ұшыраған қыздың қайғылы оқиғасы жарияланған болатын, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бұл оқиға әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде тез тарап кетті. Қыздар пікірлерде оны талқылап, ұқсас оқиғаларымен бөлісіп, бір-бірін ескертіп жатты.
Көп ұзамай бұл бір реттік жағдай емес екені белгілі болды. Ондаған қыз ұқсас жағдайға тап болғанын жаза бастады. Сол бір сұр Toyota Camry жүргізушісі өзін арсыз ұстап, жолаушы қыздарға тиіскен, тіпті есіктерді құлыптап, көліктен шығуға мүмкіндік бермеген. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін, полиция іске араласты.
"Жаңа адамдар" өз тергеуін жүргізді. Біз алымсақтыққа ұшыраған қыздармен байланыстық. Уақыт өте келе үшеуі сұхбат беруге келісті. Олардың оқиғалары бір-бірімен толық сәйкес келеді. Сұр Toyota Camry көлігінің жүргізушісі әрдайым бірдей әрекет жасаған. Алдымен ол қыздарды артқы орындарға басқа жолаушылар отырады деп алдап, алдыңғы орынға ауысуға көндірген. Кейін тиісіп, қолына ие болмай, өзін әдепсіз ұстай бастаған. Жәбірленушілер оны тоқтатуға немесе көліктен шығуға тырысқанда, ол есіктерді құлыптап, көлікте қалуға және қорқыныш пен үрейді сезінуге мәжбүрлеген. Алымсақтық фактісі бойынша полицияға арыз түсірген қыздың айтуынша, одан бөлек тағы 17 адам полицияға жүгінген.
Жаңа адамдар бұл таксистің аты-жөнін анықтай алды. Ол – 1988 жылы туған Данияр Көмекбаев болып шықты. Өкінішке орай, ол өз кінәсін мойындап, жапа шеккендерден кешірім сұраудың орнына, істі «жабуға» тырысты. Есімі белгілі болған соң, ол жәбірленуші қыздарға қоңырау шалып, үндемеуге көндірмек болды. Көмекбаев жәбірленуші қыздардан полицияға «ештеңе болмады» деп айтуын өтінген. Оның үстіне қыздарды кездесуге шақырып, шындықты жасыруға көндіру үшін манипуляциялауға тырысқан. Көмекбаев өзінің әрекеттері әшкереленген соң туындайтын салдарды түсінетіні анық.
"Жаңа адамдар" ескертеді: егер сен өзіңді Данияр Көмекбаев сияқты ұстасаң, ерте ме, кеш пе – бұл туралы бүкіл ел біледі. Таксидегі алымсақтық – бұл жай ғана «ыңғайсыз жағдай» емес, бұл – қылмыс. Егер сендер осындай жағдайға тап болсаңдар, үнсіз қалмаңдар. Өз оқиғаларыңмен бөлісіңдер, полицияға арыз жазыңдар. Мұндай адамдардың жалғыз қорқынышы – жариялылық. Енді Данияр Көмекбаев жасырынып, таксидегі жолаушы қыздарға тиісе алмайды.