Нұрлан Нығматулиннің сыңары мен ұлының үстінен прокуратураға шағым түсті
Нұрлан Нығматулиннің егіз бауыры мен ұлының үстінен прокуратураға шағым түскен, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бұл туралы Сенат кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты.
«Нығматулиннің ұлы Нұрлановқа және Ерлан Зайроллаұлына қатысты арыздар келіп түсті. Қазір олар қаралып жатыр. Арғын Нығматулинге қатысты Бас прокуратура бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша істі қарауда. Ол хоккей клубына бөлінген мемлекеттік қыржыны жымқырды деп күдіктеледі. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Біз оның тұрған жерін анықтағаннан кейін, оны экстрадициялау шаралары қолға алынады», – деді прокуратура өкілі.
Еске сала кетсек, Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулиннің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қазір халықаралық іздеуде. Арғын Нығматулин өзінің лауазымын пайдаланып, «Сарыарқа» хоккей клубына бөлінген қаражатты жеп, клубты қарызға батырды деп айыпталып отыр.
Ал ұлы Нұржан Нұрлановтың үстінен рейдерлік бойынша іс қозғалған. Оның үстінен кәсіпкер Қанат Әміркин арыз түсірген. Бизнесмен Нығматулиннің ұлы кәсібін тартып адып, қарызға батырғанын және қоқан-лоққы көрсеткенін айтқан.